МЕНІҢ АТАМ ҒАЖАП АДАМ ЕДІ

қазақтың белгілі лингвист-ғалымы Әсет Болғанбайұлының туғанына 90 жыл

Өткен жылы бүкіл ғылыми еңбек жолын қазақ тілі біліміне сарп еткен көрнекті ғалым, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, филология ғылымының докторы, профессор, қысқаша айтқанда, cинонимнің атасы – Әсет Болғанбайұлының туғанына 90 жыл толған еді. Осыған орай, Ұлттық кітапхананың Н.Дәулетова атындағы конференц- залында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының аясында «Сөз сиқырын зерделеген ғалым» атты «Дөңгелек үстел» ұйымдастырылды. «Дөңгелек үстел» барысында Ә.Болғанбайұлының  «Сөз әлемі» кітабының салтанатты тұсаукесер рәсімі  өтті.    

Білікті лингвист тұрғысында елімізден де сыртқары жерлерге танымал болған тіліміздің қайсар қайраткері қазақ лексикографиясына айтулы үлес қосуымен ерекшеленеді. Осы ілім саласындағы алғашқы зерттеулері тұрақты ізденіске ұласып, ғылыми еңбектері толық­тырылып, жинақталып 1962, 1975 және 1998 жылдары «Қазақ тілінің синонимдер сөздігі» деген атпен жарық көрді. Ә.Болғанбаев, сонымен бірге, қазақ тілінің тұңғыш түсіндірме сөздіктерін 2, одан соң 10 том етіп шығаруға қатысқан беделді авторлардың бірі болуымен белгілі. Ол, сондай-ақ, 12 томдық «Қазақ совет энцикло­педиясы», қысқаша 5 томдық «Қазақ КСР энци­клопедиясы», 1 томдық «Қазақ тілі энцикло­педиясы» тәрізді белді басылым­дардағы сөздік ұяларын 1960 жылдарынан бастап жасауға сүбелі үлес қосқан.

Мен – Зәру, қазақтың белгілі лингвист-ғалымы Әсет Болғанбайұлының немересімін. Екінші немересінің аты – Әлия. Атам маған кішкене күнімнен көп үміт артты.  Атымды да Зәру деп өзі қойды. Бұл есім тұңғыш немересі ретінде әрі өзінің сүйген жары, менің апам Бәнудың атымен сәйкес болсын дегені. Әуелі, атам менің ғылым жолына түсіп, ғалым бол­уым­ды қалаған еді. Кейіннен ғылым жолы – ауыр жол, ғылымның «инемен құдық қазған­дай» шегі де, шеті де жоқ құбылыс екенін айтып, жүрек қалап, сана таңдаған кәсіппен айналысуымды өсиет қылды.

Әсет атам мен Бәну апамның Тілек, Дарын және Даурен деген үш баласы бар. Үш ұлдың біреуі Дәурен – менің әкем. Атам Әсет Болғанбайұлы – ұлағатты ұстаз, ғұлама ғалым, зерделі зерттеуші. Атам таланты сан қырлы, жан-жақты, әртарапты болды. Ол кісінің азаматтық келбеті, ғұлама ғалымдығы, ұстаздық шеберлігі, қайырымды да мейірімді қасиеті, қарапайым әрі кішіпейілділігі туралы жеке-жеке арнайы әңгімелеуге болады. Дегенмен, бұл мақаламда атамның ғалым ретінде ғана емес, өзге де қырларына тоқталсам деймін.

Атамның аса терең білімдарлығы, табиғат берген таланты мен дарыны өз алдына, бізді қатты қызықтыратыны ол кісінің өте еңбек­қорлығы еді. Ол  уақытпен санаспай жұмыс істейтін. Көп оқып, көп жазатын. Қазақ және орыс тілінде жарық көретін басылым­дардың бәрін шолып шығатын. Қажет жерлерін түртіп алып отыратын. Терең ізденіс пен еңбекті өмірлік мақсатына айналдырған Әсет атам өмір бойы ғылыми зерттеулермен айналысты. Көп жайларды, әсіресе, ғылыми ой-пікірлерді талқылап, ортаға салып отыратын. Мұндай оқиғалардың талайын көзіміз көріп, куә болдық. Бізге өмір бойы: «Жақсы оқыңдар, ерінбей еңбек етіңдер, адал еңбек ешқашан далада қалмайды, сонда ғана іздегендеріңді табасыңдар» деуші еді. Атамның айтқандарынан ұғып, есімде қалған бірнәрсе болса, ол отансүйгіштік, ата-анаға құрмет, кішіге ізетті болу, қызметте адал болу!

Атам менің өмірімде үлкен орын алды. Кішкентай кезімнен арқасына көтеріп, мойнына мінгізіп жүретін. Ойнап-күлуді, Ботаникалық саябақта серуендеуді ұнататынбыз. Аталық ақыл-кеңесін айтып, еркелететін, хал-жайымды сұрап отыратын. Ылғи да өзін бірқалыпта ұстай­тын. Бізді ұрып-ұрсып емес, қас-қабақпен тәр­биеледі. Атаның емес, адамның ұлы болуға үн­деді. Отбасының ырысы – ынтымақта, берекесі – бірлікте екенін үйретті. Қысқасы, бізді қазақ етіп тәрбиелеуге тырысты. Шаңырақтың пірі бола білді. Сондықтан да біз үнемі оның ақыл-кеңесіне жүгінетінбіз.

Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында туып-өскен атам білім қуып  Алматыға көшіп келген еді. Десе де, Әсет атамның ауыл десе жаны бөлек болды. Қалада тұрса да, өз ауылына жиі баратын. Ауылдас ағайынға деген қамқорлығы да ерекше болатын. Оны көзі көрген ақсақалдар «Қызметіне адал, ағайынға қамқор, елім деп туған азамат еді» деп еске алады. Өмірінде маңайындағыларға жақсылық шуағын шашып, алысты да жақынды да бауырына тарта білетін, жүрегі кең, мейірімі мол азаматтар болады. Сондай жанның бірі –адал еңбегімен, жақсы атымен өшпес із қалдырған атамыз Әсет Болғанбайұлы еді. Зиялылардың бірегейі, өмірден көргені мен тоқығаны мол, болмысы бөлек болатын. Атамның өмір жолында кейінгі ұрпаққа ой салар өнегелік үлгілері де орасан зор. Өз балаларын адалдыққа тәр­биелеген, жан-дүниесі таза, ойы адал, парасат-пайымы терең қария болатын. «Адамға қандай жағдай болса да, жақсылық жасаңдар, кешірімді болыңдар, үлкендерді сыйлаңдар» деп әр уақытта айтып отыратын.

Қазіргі уақытта атаммен өткен әрбір күнімнің, тіпті әрбір сағатымның қандай қымбат екенін жақсы түсінемін. Сол күндердің бәрін де сағы­нышпен есіме аламын. Менің көз алдымда атам ешқашан ұмытылмайтын, білімдар, данагөй тұлға, немерелеріне алыс болашаққа жол сіл­теуші ақылман абыз ретінде қалып қойды.

Өшпес із қалдырған атамыздың есімі ел есінде сақталып, ісі ұрпақтарымен жалғасады деп сенемін.

 

Зәру БОЛҒАНБАЕВА,

немересі.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *