«МЕН ЖАСТАРҒА СЕНЕМІН!»

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күніне арналған республикалық жастар форумы осылай аталды. Оны ҚР БжҒМ, АжҚДМ, «Жандану әлемі» қоры, «Жас Отан» жастар қанаты, Қазақстан Жазушылар одағы, «Қазақ радиосының» қолдауымен ҚазҰУ және Алматы қаласы әкімдігі ұйымдастырды.

Биылғы жыл ҚР Тұңғыш Прези­денті–Елбасы бастамасымен «Жастар жылы» болып жарияланды. Жастар жылы – мемлекеттің елеулі әрі бел­сенді бөлігі, зияткерлік және шығар­машылық әлеуеттің иесі – жас ұрпаққа мемлекеттің зор әрі ерекше қамқор­лығының көрінісі. Мемлекетіміздің өркендеуі жастардың қоғам дамуына қандай үлес қосатындығына байланыс­ты. Әрбір жас азамат өзіне: «Мен елім үшін не істей аламын?» деп сауал қоюы өте маңызды. Осы орайда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған «Мен жастарға сене­мін!» республикалық жастар фору­мының басты мақсаты – инновация мен шығармашылықты ұштастыру арқылы патриотизмді дамыту екендігін баса айтқан жөн.

Форум бағдарламасына 2013 жылдан бастап дәстүрлі түрде «Қазақстанның инновациялық дамуына қосқан менің нақты үлесім» атты үздік студенттік инновациялық жобалар байқауы, «Мен өз елімнің өркендеуі үшін не істей ала­мын?» атты үздік эссе жазу, үздік поэтикалық шығарма және патриоттық тақырыптағы әндер байқауы кірді.

Жыл сайын Ұйымдастыру коми­тетіне түскен жобалар мен шығарма­шылық жұмыстар санының артуы байқаудың танымалдылығы мен қажет­тілігінің дәлелі болса керек. Форум ел көлемінде жастардың патриоттық сезімін, азаматтық жауапкершілігін және зияткерлік-шығармашылық әле­уе­­тін дамытуға бағытталған маңызды алаңға айналды.

Жастар жылы жастар бастамаларын ынталандыруға және қолдауға жаңаша серпін берді. Форум қоржынына парасаттылық қағидаттарын студенттік ортада ілгерілету бойынша жобалар, сондай-ақ, жұмыс істейтін жастар өкілдерінің идеялары қосылды.

Биыл ұйымдастыру алқасына бай­қауға қатысу үшін еліміздің барлық аймағындағы 100-ден астам жоғары оқу орнынан 1,5 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Оның ішінде жеке жобалар мен шығармалар, сонымен қатар, ұжымдық шығармашылық жұмыстар да бар. Бедел­ді сарапшылардан, қоғам қайрат­керлерінен, мемлекеттік құрылымдар­дың, БАҚ пен бизнес өкілдерінен, ғалымдардан, мәдениет және өнер қайраткерлерінен құралған тәуелсіз қазылар алқасы келіп түскен жұмыстар ішінен 620-дан астам үздік жұмысты таңдап алды.

Форум барысында тақырыптық алаң­дарда конкурстық жұмыстар ұсы­нылып, жеңіске басты үміткерлер анық­талды. Іріктеуге қойылған талаптар өте жоғары болды: шешімдердің алуан­дығы, шығар­ма­шылық көзқарас, тұжырымдамалық және ең бастысы, адамдар мен жалпы ел үшін күтілетін нақты пайда. Келіп түскен жобалық идеялар деңгейінің жоғары­лығы мен сапасын атап өткен жөн. Бұл Қазақ­станның жаңа буынының талан­тын көрсетеді.

Форумның салтанатты марапаттау рәсіміне Вице-Премьер Б.Сапарбаев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов, ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары Ш.Каримова, ҚР Ақпарат және қоғам­дық даму министрі Д.Абаев, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Е.Бабақұ­маров, ҚазҰУ ректоры, академик Ғ.Мұ­танов, танымал қоғам және мемлекет қайраткерлері, студенттер және еліміз­дің әр өңірінде қызмет ететін жастар қатысты.

Байқау жеңімпаздары мен жүлдегер­лері арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады. Бірінші орын иегерлеріне әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да бір жыл тегін оқу гранты берілсе, үміткерлердің шығармашылық жұмыстары арнайы жинақта жарық көретін болады.

 

 «Ақшам-ақпарат».

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *