Мен үшін қазақтың қадам жері қасиетті,  сүйем жері сүйкімді

Асылы ОСМАН,

қоғам қайраткері

 

ЕЛГЕ, ЖЕРГЕ  ДЕГЕН СҮЙІСПЕНШІЛІКТЕН ҰЛТТЫҚ САНА ҚАЛЫПТАСАДЫ

 

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақа­ласы біздің жолымызға қойылған бағ­даршам іспетттес. Ол бізге болашақта  не істеу керек екендігіне бағыт-бағдар беріп отыратын барометріміз. Еліміз экономика тұрғысынан болсын, саясат тұрғысынан болсын, өркениетті  елдер­ден озбасақ та, терезесі теңеліп,  қатарласа дамып келеді. Экономикамыз өркендеді, өсті. Ішкі және сыртқы саясатымыз да даму үстінде. Шүкір деу керек, бүгінде көпшілік ел­дерге біздің еліміз үлгі болып отыр. Қазақ жерінде қаншама  этнос  өкілдері мекен­десе де олар тыныштықта, ынтымақта, бірлікте өмір сүріп жатыр. Біле білсек, жаһанда бір ғана ұлттың өзі өзара сыйыспай, жанжал мен дүрдараз­дықтың батпағына батқан елдер де бар.

Елбасымыз рухани дүниенің маңыз­дылығын жетік түсінеді. Өзінің әр сөйлеген сөзінде, Жолдауларында оған ерекше тоқталады. Рухани дүние дегені­міз, ол ішкі дүние. Екі нәрсе бар, оның бірі көзге көрінеді, екіншісі көзге көрін­бейді. Бұл ретте көзге көрінбейтін нәрсе, ол сіздің ішкі жан-дүниеңіз, ұлттың бойына біткен адами ұлттық асыл қасиеті. Ол ұлттың санасы, өзіндік ерекшелігі, ұлттық коды. Ал рухани құндылы­ғымыз –  ұлттың тілі, діні, ділі, әдет-ғұр­пы, салты, мәдениеті, тарихы.

Мен  «Тілдің жаны – сөз. Ұлттың жаны – тіл. Тіл ұлттың рухының үні» деп үнемі айтып жүремін. Ұлттың ең асыл дүниелерінің жиналған құндылықтар  қоймасы да осы тілі.

Елге, жерге деген сүйіспеншіліктен ұлттық сана қалыптасады. Елбасымыз өз бағдарламасын екіге бағытқа бөліп қарас­тырады, оның біріншісі – сана. Ол бекер­ден-бекер емес. Қазақта «Қора толған қой бер. Бесік толған бала бер. Ол балаға сана бер» деген даналық тәмсіл бар. Елбасы да ұлттық сананың ашықтығына, кемелділі­гіне айрықша тоқталады. Әрбір адам  не істес де саналы түрде істеуі қажет. Мұнда бәсекеге қабілеттілікке үлкен мән беріл­еді. Қазіргі заманда қандай қасиетпен бәсекеге қабілетті болуға болады? Менің­ше, ұлттық қасиетіңмен, прагма­тизммен. Өйткені, бұлар адамдарды бірегейлікке жетелейді.

Білімнің салтанат құруы бізді бәсекеге қабілетті етеді. Бүгінгі күнімізге, елдің жағдайына, халықтың ахуалына шүкір­шілік еткен абзал. Бұның бәріне біз ре­волюциялық емес, эволюциялық жолмен жеткеніміз де біздің қазаққа даласынан дархандық дарығанын, тектілік бабасынан дарығанын көрсетеді. Оның анық көрінісі ретінде қазақтың қаншама ұлт өкілін мейіріммен бауырына басып, бір шаңырақ астына сыйдырып отырғанын айтуға болады.

Даналық адам мүмкіндігінен жоғары тұрады. Дүниеде сананың ашықтығына, тазалыққа, шындыққа ешнәрсе жетпейді. Мен үнемі айтып жүремін, «Шындықтың шамы дарияның астында болса да жана­ды» деп. Ұлы Абай хакімнің  өзі бізге «адам болу үшін алдымен ақыл керек» дейді. Ақыл болғанда да нұрлы ақыл болу керек. Екіншісі – әділеттілік. Ал үшіншісі – мейірімділік, қайырымдылық. Ұлттық кодқа сипаттама бергенде оған тілді, дінді, әдеп-ғұрып, салтты  жат­қы­зады ғой. Осы ретте мен қазақтың ұлт­тық кодына мейірімділік пен қайы­рымды­лықты қосар едім. Ол өзге ешқан­дай ұлтта жоқ қасиет. Сол үшін де бұлар­ды қазаққа ғана тән  жеке ұлттық код  дер едім.

Қазақ жеті атасын жетік біледі. Біздің ұлттың қаны да, жаны да пәк. Тумысынан таза, қиянаттан ада, оның мейірімділігі, қайырымдылығы, кішіпейілділігі, қам­қорлығы ешбір ұлтпен салыстыруға келмейді. Оның бұл қасиеті дәлелденген де. Қазақ халқы қанша ұлт өкілі көшіп келгенде олардың ешбірін көкірегінен итермей, жартыны жарып жеп, бүтінді бөле жеп, бауырына басқан. Ұлттық қасиетінде қазақ даласындай дархандық бар. Ол аразды татуластырады, алысты жақындатады. Дәл осы қасиет біздің Елбасының бойында бар.

Қазақтың батасының өзі үлкен киеге ие. Ол адамды шын жақсылыққа баулиды, қанаттандырады. Сондықтан қазақтың баталысынан бата алып, аталысынан аталы сөз тыңдау қажет. Өйткені, сөзден құдіретті ешнәрсе жоқ. Құдіретті деген сөздің өзі киелі. Сондықтан болар оны Аллаға ғана теңеп жататыны. Бірақ біле білсек, Алланың да адам баласына тарту еткен ең үлкен сыйы осы – Ана тілі.

 

АЛМАТЫ – РУХАНИ МЕКЕНІМ

 

Жер-Ананың қасиеті болады. Туған, тұрған жерді, халықты сыйлау керек. Бізде бүгінде өзге ұлт өкілдерінен қазақ халқына қайтарым болмай тұр. Қазіргі күні олардың жағдайы әлдеқайда жақсы. Бәрінің дерлік үй-жайы бар, жұмыспен қамтылған. Өзге елде бұлай шалқып өмір сүруге мүмкіндік берілмейді. Өзге ұлт өкілдері соның қадірін түсінсе деймін.

Қазақтың мен үшін қадам жері қасиетті, сүйем жері сүйкімді, бір уыс топы­­рағының өзі құнды. Қазақ жерін  қазақ болсын, өзге ұлт өкілі болсын құр­меттеуіміз керек деп ойлаймын. Оның ішінде Алматыны көрмеймін, білмеймін дейтін адам жоқ шығар, шіркін. Мен өзім бақ жайлаған Қаратаудың баурайында өсіп, нұр саялаған  Алатаудың құша­ғын­дағы Алматыға келіп, оқып, қалыптастым. Сондықтан бұл ару қала менің рухани мекенім.

Алматыны бір көрген адамның тағы бір көрсем екен дейтіні сөзсіз. Шаһардың өзім алғаш көрген кездегі көрінісі күні кешегідей көз алдымда. Оның сарқырап аққан суы, ағаштан үзіліп түсіп, сумен ағып жатқан алмалары, ауасының тазалығы, бәрі біздің есімізде. Алматының бір алмасының өзін басқа жаққа барған кезде иіскесең мауқыңды басатын. Мәскеуге, Ленинградқа барған кезімізде сөмкеңе бір алма сала барсаң, ашқан кезде исі бөлмені алып кететін еді. Бұл да болса қаламыздың өзіндік ерекшелігі, қасиеті.

Алматының табиғаты да адамдарының пейілімен бірдей. Жаздың күні аптап ыстық болып бара жатса, лезде жаңбыры себелеп өтеді, қыста аяз алқымнан алса, күні жарқырап шыға келеді.

Алматы – көргеннің көз алдынан, естігеннің есінен кетпейтін қала. Мұнда кім оқып, кім білім алмады. Ешкімі жоқ адамның өзі қай кезде болсын осында келіп, паналай алды. Әлі де солай. Бұл қала сырттан келгеннің ешбірін жатыр­қамай, бәріне құшағын ашып, бауырына басады. Сондықтан Алматы менің ғана емес, барша қазақстандықтың бақ-мекені дер едім.

Шаһарға  қараған кезде байқасаңыз, Алатауының басындағы қар үнемі тап-таза болып жатады. Ару қаланың пейілін мен сол қардың пәктігіне балаймын. Қаз-қатар орналасқан шыршалардың иіліп тұрған көрінісі болса, адамның көз алдына жаңа түскен келінді елестеді.

 

Бүгінде қала әкімі Бауыржан Байбек қаланың ескі келбетін қайтару жолында жанталасып жұмыстар атқарып жатыр. Көшелер кеңейіп, жаяу жүрем деушілерге жағдай жасалуда. Тазалыққа да үлкен мән берілуде. Мұндай  қоғамға ортақ дүниеге тек әкімдік қана емес, бәріміз қоғам болып атсалыссақ қана бір нәтиже шы­ғады. Түзелуді әрқайсысымыз өзімізден бастағанымыз жөн.

 

Ұлттық тәрбиені бірінші орынға қой­май болмайды. Жастарға ұлттық тәрбие беруіміз керек. Тәрбие ұлттық, білім әлемдік болуы керек. Бүгінде көшеде темекі тартып, жерге түкіріп, қоқысты айналасына тастап тұрған жастарды көргенде қарның ашады. Олар неге мынау өздері мекен еткен  жердің қасиетін білмейді деп ойлаймын. Жалпы, не нәрсе болсын, табиғат та, қала да аялағанды, баға­лағанды, құрметті  жақсы көреді. Туған жеріңді, мекен еткен  жеріңді сүйе білу, аялай білу, құрметтей білу керек. Негізі ұлттық тәрбие ұлттық тілден басталады. Ұлттық тіл арқылы адам бойына ұлттық тәрбиені сіңіруге болады. Сондықтан бойыңды түземес бұрын, ойыңды, тіліңді дұрыстау керек.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close