«МЕН ПАТША БОЛМАСАМ, ФИЛОСОФ ДИОГЕН БОЛАР ЕДІМ»

Құрметті Қали шырағым! Сіздің шығармашылығыңызды қатты құрмет­тейтін оқушымын, өзім қарт жазушы­мын, он прозалық шығарманың авторымын. Биыл «Балақай немесе жылқы жылаған жыл» атты кітабым шықты. Он үш жасымнан жазып келем. Соғыс баласымын. Балалар үйінен шықтым. Әкемнің хабарын жетпіс бес жылдан соң таптым. Ленин­градты қорғауда опат болыпты. Таяуда баспаға әкемнің рухына арнап, мақалалар жинағымды тапсырдым. Содан төрт мақаламды жолдап отырмын. Менің байланыс телефо­ным – 224-17-49.

Сәлеммен, Тәжібай қария.

Тіршілік философиясы

Философияның бір ағымы экзистен­циализм деп аталады. Адам тіршілігі деген ұғымды береді екен. Оны ұсынған Батыс Еуропа философтары Альбер Камю, Жан-Поль Сартр, Мартин Хайде­егер және басқаларының зерттеу­лерінде кездеседі. Бұл жайлы бұрын орыс философы Николай Бердяев та зерттеген, әдебиетте бұл Достоев­ский­дің көркем шығармаларында көрініс тапқан. Экзистенциализм қоғамда адамның өз орнын табуы не таба алмауы, өзін жалғыз сезінуі, күйзелісі, өмірден түңілуі, құлауы, қайтадан аяғына тұруы, үрей, қорқынышы және т.б. адам тағдырын әр қырынан алып зерттейді. Ал Альбер Камю мен Жан-Поль Сартр он тоғызыншы ғасырдың 40-жылдары философияның осы саласы бойынша дүниені дүркіреткен-ді. Альбер Камью адам өмірін абсурд, тіпті, Сизиф тіршілігі деп есептеген. Осы тұрғыдан алғанда, «бұл бескүндік жалған дүние баяны жоқ» дейтін қазақи ұғымға саяды. Нобель сыйлығының иегері А.Камьюден гөрі Жан-Поль Сартрдың пікірі маған позитиві көбірек сияқты көрінеді. Соңғысының да атақ-даңқынан ат үркеді. Ол да Нобель сыйлығының иегері, бірақ оны алудан бас тартқан, коммунистерге бүйрегі тартады. Екеуінің көзқарасындағы айырмашылық осыдан басталады. Сөйткен Ж.-П.Сартр адам тіршілігі, яғни экзинстенциализм философиясы бойынша адам қандай да қиыншылық, теперіш көрсе де, өз тағдырын өзі жаса­уы тиісті. Тіршіліктің мәні – жетістікке жету. Сен өзің министр болдың не қулық-айламен бизнесіңді дөңгеленткен кәсіпкерсің. Әйтеуір өз еңбегіңмен жеттің, демек, азаматсың! Соның өзінде ол өзінің тууы мен өлуінен тыс, басқа­ның бәріне жауапты. Міне, сондықтан «экзистенциализм – бұл гуманизм» деп атайтындары сондықтан. Мен солдат­пын, генерал бұйрық берді, «мен аттым» деуі қате, себебі, мылтықты атқан генерал емес, сен!». Бастық айтқан соң, бригадир бұйырды… деген сылтау­лар бекер, сен өзің жауаптысың!» Әдетте көзге қораш көрінсе де, белгілі бір тұрағы жоқ кезбе, аты-жөні беймә­лім адамның өзі суға кетіп бара жатқан баланы құтқаруы айрықша ерлік.

Жан-Поль Сартр өз көзқарасын халық арасына таратқан. Көтеріліске шыққан студенттерді қолдағаны үшін оны түрмеге жабуға ұсыныс жасағанда, генерал Шарль де Голль: «Франция өзінің Вольтерлерін (данышпандарын) түрмеге жаппайды» деген екен.

Экзистенциализм философиясы ғылымнан гөрі өнерде, әдебиетте олар­дың көркем бейнелері арқылы көрініс табады. Бұған мысалды қазақ әдебие­тіндегі Б.Майлин, М.Әуезов, Ғ.Мүсіре­пов шығармаларынан да таба аласыз.

 

Тағы да ұлы Александр патша және хакім Абай туралы

Александр Македонский патшаны мұсылман елдерінде Ескендір Зұлқар­найын деп атаған. Оның төбесінде қос мүйізі болыпты деседі. Шығыс елде­рінде оны «ханның ханы, патшаның патшасы» деп түсінген. Әзербайжан халқының ұлы ақыны Низами он екінші ғасырда өмір сүрген. Ол «Ескендір нама» поэмасын жазған. Поэмада патша ақылды, философ, қайырымды адам ретінде суреттелінген. Ал Абай да «Ескендір» атты поэмасын жазған. Онда Ескендір патша зұлым, қаныпезер, дүниеге көзі тоймайтын, өзімшіл адам ретінде бейнеленген. Абай шығыс поэзиясымен көзін ашқанымен, оларға сыни көзқараста болады. Әйтсе де, шығыс шайырларын жоғары баға­лап, өзі де көп үйренген. Ол өнер реалис­тік тұрғыдан заман талабына сай болуы керек деп түсінеді. Абай поэма­сында Ескендірдің тойымсыз аранын ұлы Аристотель ғана тоқтатады.

Бұл адам көз сүйегі деді ханға

Тоя ма адам көзі мың мен санға.

Жеміткөз, жер жүзіне тоймаса да,

Өлсе тояр көзіне құм құйғанда.

Кәпір көздің дүниеде араны үлкен,

Алған сайын дүниеге тоя ма екен.

Қанша тірі жүрсе де өлген күні,

Өзге көзбен бірдей-ақ болады екен.

Ең соңында: – Мықтымын деп мақтан­ба, ақыл білсең,

Мықты болсаң, өзіңнің нәпсіңді жең, – деп ақын Ескендір патшаның арынын басады.

 

Философия таңданудан басталады

Жастар еліміздің болашағы. Жастық шақта жігер-қайраты тасыған жас өрен арманшыл келеді. Арманшыл болғанға не жетсін. Бұл жақсылықтың нышаны. Мұндай жәйт әркімнің-ақ басында болады. Кім болсам екен деген сұрақ әрқайсын ойландырады. Оның неге бейім екенін әу баста ата-анасы, содан кейін ұстаздары байқайды. Ақырында біреуі физик, инженер-программист, енді біреуі химик, қайсыбірі биолог, тіпті, психолог, математик болам дейтін­дер жиі кездеседі. Сен қай маман­дықты таңдасаң да, өмір жолыңда қандай кедергі болмасын саған үнемі көмектесетін жол, бұл – философия! Сократ дәуірінен бұрын өмір сүрген Пифа­гордың үшбұрышын білмейтін бала жоқ. «Ақылдылықты жақсы көре­мін!» деген ұғымды білдіретін «фило­софия» сөзін сол кісі айтқан. Пифагор­дың «Я не мудрец, а философ» деген сөзінің мәніне назар аударсаңыз, оның заманында барлық ғылым саласы философия арқылы берілген. Кейін әрбір ғылым саласына бөлініп кеткен. Сонда да қазіргі заманда табиғат фило­софиясы, физика философиясы, мәдениет философиясы және т.т. болып кете береді. Философия таңданудан басталады. Мұны сәбидің өмірге жасаған алғашқы қадамынан байқайсыз. Таңдану, орысшасы «удивление» сөзінің түбірі «дива», яғни бойжеткен қыз деген сөз. Демек, қызға таң қалған жігіттің махаббат философиясы басталмасына кім кепіл? «Философия таңданудан басталады» деген пікірі үшін Аристо­тельге (ол бұдан басқа ештеңе жазбаса да) Гераклге қойылған монумент ескерткіштей ескерткіш қоюға болар еді дейді Томск университетінің профес­соры А.В.Павлов. Мұны айтып отырған себебім, жастар табиғатынан елгезек, көп нәрсеге әуесқой келетінін байқа­ғанмын. Өз мамандығымен қоса жас кезінен бастап, философияға қызығу­шы­лық танытса, хобби ретінде болса да әуестенсе, өмір жолында кедергілерге ұшырамайды. Философия өмір сүруді үйретеді. Адамды бақытты етуге бастайды. Бұл барлық философтардың алдарына қойған мақсаты десек, қателеспейміз. Қазіргі жастар адамның басты байлығы банктегі капиталы, меншігіңдегі зауыт, фабрикасы емес, өзінің бос уақыты екенін білсе ғой, шіркін. Кейбіреулері түнгі клубтарда, кафелерде кальян шегіп, бос уақытын зая кетіреді. Қайсыбірі күмәнді топтар­дың жетегінде кетеді. Бұл надандықтың әсері. Философтардың айтуынша, надандықты «қара жердің өзі белі қайысып, әрең көтереді екен». Біз ұлы Мұхтар Әуезовтің лекцияларын тыңдап өскен ұрпақтың өкіліміз. Сондықтан зиялыларға қарап ой түзеп, бой түзеуге тырысқан едік. Қазақ өмірінің қай саласын алсаңыз да, еліміздің мәртебе­сін көтеріп, мерейін асырған азаматтар көп. Жастарға үлгі боларлық арамызда жүрген үш замандасымызды айта кеткім келеді. Математик Асқар Жұма­діл­даев, әдебиетші Төлен Әбдік, музы­кант Төле­ген Мұхамеджанов! Бұлардың әрқайсысы өз саласы бойынша бүкіл әлемдік деңгейге көтерілген қазақтар, бірақ солай екен деп, олар жайлы айтып, үлгі етіп жатқан ағайындарды сирек кездестіремін. Соған қарағанда, біздер дәннен кебекті әлі де ажырата білмейміз. Бізге бәрібір сияқты. Ара­мызда жүрген бұл қазақтар менің құда не жекжатым емес, оларды жарнамалап, бедел жинайын деп те отырғаным жоқ. Олар қай жағынан алсаңыз да, жастарға үлгі бола алатын биік тұлғалар. Міне, әңгіме осында.

***

Александр Македонский – Македо­нияның патшасы, атақты әскери қол­басшы, эллиндік бүкіләлемдік держа­ваны құрушы, ол қайтыс болғаннан кейін державасы ыдырап кетеді. Әкесі Филипп ІІ опат болғаннан соң, 20 жасында таққа отырады. Фракиялық­тардың көтерілісін басып, жаншып, бүкіл Грекияны қайтадан қоластына қаратады. Әскер санын көбейтіп, алыс-жақын көрші елдерге шабуыл жасай бастайды. Парсы елін, Сирияны, Иран­ды, Кіші Азияны, Индияны, Орта Азия­ның біраз жерін, Самарқанды, Әмудария бойын басып алады. Оның жеке басы қайшылыққа толы – бір жағынан, ұлы әскери қолбасшы, ержү­рек жауынгер, жан-жақты білімдар, аристократтық мектепте білім алған, ұстазы ұлы Аристотель, әдебиет пен өнерді пір тұтқан, екіншіден, өте-мөте атаққұмар, грек халқының бостандығын тұншықтырушы, бүкіл әлемді жаулап алуды көздеген, жеке дара билеп төстеуші деспот, өзін өзі Құдаймын деп есептеген.

Сөйткен Александр Македонский бірде бөшкеде тұратын философ Дио­генді шақыртады. Бірақ ол патша шабар­мандарын: «Менің патшада ешқандай шаруам жоқ, өз патшалығым – бөшке өзіме жетеді» деп қайтарып жібереді. Ақырында, нөкерлерін ертіп, сырнай­ла­тып, кернейлетіп патшаның өзі келеді. – Мен патша Александрмын, сіз кімсіз? – дейді күнге қыздырынып отыр­ған бөш­кедегі философқа. «Мен итпін, аспандағы ит Диогенмін» – Сіз кедей тұрады екенсіз, сізге қандай көмек керек? – деп сұрайды. Сонда Дио­ген оған: «Күнді көлегейлемей былай тұршы!» депті.

Тағы бірде патша Диогенмен бір ұлан-асыр тойда – пирде кездеседі. Патшаның өзі қол беріп амандасады. – Менен қорықпайсыз ба? – деп, сұрайды. Сонда Диоген тұрып: «Сіз зұлым патша­сыз ба, әлде қайырымды патшасыз ба?» деп тіл қатады. – Әрине, қайырымды патшамын! – дейді. «Онда қайырым­дылықтан ешкім қорықпайды. Бірақ сіздің қолыңызда шексіз билік бар. Соны халыққа қарсы соғыс ашуға жұмсап, халықтың қанын судай ағызды­ңыз, бұл ешқандай ізгілікке жатпайды, сіздің тирандардан неңіз артық» деп тайсалмай айтады.

Сонда қасындағы нөкерлерінің біріне қарап: – Мен Александр патша болмасам, философ Диоген болар едім! – деген атақты сөзін айтқан екен. Енді киниктер немесе кинизм философиясы туралы бірауыз сөз айта кетейін. Көне грекия философы Антисфен данышпан Сократтың шәкірті, киник мектебінің негізін салушы, өмірлік салты – ішіп-жеуден, киімнен, үй-жайдан барлығы­нан өзіне шектеу қояды. Оның ең сүйікті шәкірті Диоген бөшкеде тұрады. Үстінде екіқабат матадан тігілген плащы, аяғы жалаң аяқ, жауырында дорбасы, қолында таяғы – бар жиған-тергені осы. Мектебінің аты киник ит атауынан шығады. Ит өзін жақсы көрген адамға құйрығын бұлғаңдатады. Ал жек көргенге азуын көрсетеді. Табиғатқа етене жақын болу үшін иттей төзімділік керек дегенге саяды.

Диогенге философия не үшін керек деп сұрағанда, тағдырдың соққысына қарсы тұру үшін керек депті сабазың.

Ол талтүсте қолына шам алып келе жатады. Көрген жұрт: – Не іздеп жүр­сіз? деп сұрайды. «Адам іздеп жүрмін!» дейді. Сөйткен, Синоптан шыққан Диоген артына талай мұра қалдырған. 89 жасында дүниеден өтеді. Оның қабі­рінің басында алғашқыда «Мені ғұмыр бойы қуып еді, бірақ ұстай алмады» деген жазу болған. Кейін шәкірттері «Сіз өмір сүрудің ең төте жолын көрсет­тіңіз, рақмет» деп жазыпты. Сол күні Ұлы патша Александр Маке­донский де 33 жасында қайтыс болған.

 

Тәжібай ЖАНАЕВ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *