«МЕН ДЖЕТІНШІ ҚАБАТҚА БАРАМЫН…»

Қазақстанның халық жазушысы, көрнекті драматург, кәсіби театр сыншысы Қалтай Мұхамеджанов туралы бір үзік сыр. Қаламгер бүгінде арамызда жүргенде 90 жасқа толар еді

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ

«Мен оны Луговой стансасында күтетінмін»

«Дәуір» баспасы лифтісінің жанын­да тұрмыз. Республикалық газет-журналдардың редакциялары осында топтасқан. Жиналғандар сол басы­лымдардың әрқайсысында қызмет етеді. Ішімізде құрметті Қалағаң – Қалтай Мұхамеджанов бар. Ағаны ортаға алып үш-төртеуіміз лифтіге міндік. Жоғары қарай заулап барамыз. Қалағаң пилоттың командирі сияқты бетімізге жымия көз тастап: «Қане, кім қайда барады?», – деді жағымды қоңыр үні­мен. Айтып жатырмыз. «Ә-ә, мен джетін­ші қабатқа барамын», – деді өзіне кезек келгенде сол жымиған қалпы…».

(Белгілі қаламгер Қали Сәрсен­бай­дың ауызекі әңгімесінен).

Кеңестік кезеңде билік тізгінін ұстаған ұлттың өкілдері «ж» дан баста­латын өзге ұлт пен ұлыстың сөзін көрсе болды, еліріп шыға келетін. Сол сөздің алдына «д» әріпін апарып қондырғанша көңілдері көншімейтін. Айталық, Джангельдин, т.б. толып жатыр. Ал Жданов сөзінің алдына «д» әріпін қоймайды. Қоғамдағы осы жозықсыз жағдайды  Қалтай ағамыз тұспалдап айтқан әзілімен-ақ келеке етіп тұрған жоқ па.

Қалағаң әдебиетке күлкімен келді. Қазақ драматургиясына комедияны алғаш рет алып келген де Мұхамед­жанов. «Тегіс үстел, түзу қаламмен комедия тумайды. Жаратқан жарық дүниені күліп отырып жаратқан. Жұмыр­басты пенде күліп жүрсін деген болу керек», – деген Қалағаңның сөзі бар. Сол айтқандай, «Бөлтірік бөрік астында», «Кұдағи келіпті», «Қуырдақ дайын», «Өзіме де сол керек», тағы да басқа юморға, қазақы қалжыңға толы пьесалары тоғышарларды, алаяқтарды, жалпы қоғамға жат пиғыл иелерін әзіл-оспақпен-ақ тезге салды.

Ол дарынды драматург, жалынды жазушы, қарымды публицист, ұлттық театрымыздың кәсіби сыншысы болатын. Қалтай Мұхамеджанов тура­лы, оның шығармашылығы жайында замандастары кезінде салиқалы пікір­лерін айтып, оң бағасын беріп те қойған. Үзеңгілес қаламгерлерден үздік баға алу, олардың құрметіне бөлену екінің бірінің пешенесіне жазыла бермеген бақыт. Қалағаңның қалам-қарымының қайраттылығын, таланты­ның тегеурінділігін, жанының жайсаң­дығын, замандастарымен етене аралас­қандығын айғақтаса керек бұл жәйт.

Белгілі кинорежиссер Александр Головинскийдің 2003 жылы Қалағаң туралы түсірген «Скажи мне, кто твой друг» («Досыңның кім екенін айтшы маған») деректі фильмі драматургтің сан қырлы талантын замандастарының пікірі арқылы аша білген. Деректі койы­лымда Қалағаңың өмірі, шығарма­шылығы және қайраткерлігі жан-жақты сөз болады. Төрткүл дүниеге мәшһүр каламгерлер Қалағаң жайында тебірене толғанады.

Әлем таныған әрі мойындаған Шың­ғыс Айтматов: «Қалтай екеуміз өте жақын дос болдық. Әсіресе, шығар­машылық тұрғыда бір-бірімізге жақын едік. Тіпті, жақындығымыз сонша, жиі кездесуге қалай да уақыт табуға тырысатынбыз. Не мен Алматыға бара­тынмын, не ол маған келетін. Ол кезде біздің көптеген іс-шараларымыз Мәс­кеуде өтетін. Мәскеу біздің рухани және мәдени өміріміздің орталығы болды, ойшыл да суреткер ретінде біз сонда қалыптастық. Сондықтан да біз Мәскеуге бірге аттанатынбыз. Мен Луговой станциясында оны күтетінмін, ары қарай үш тәулік бойы бір купеде баратынбыз.

Қызылордалық болғандықтан жол-жөнекей пойыз 5-10 минут аялдаған кезде оның туыстарымен жүздесіп, сұхбаттасып үлгеретінбіз. Олар әрине, сәлем-сауқатын, қымызын ала шыға­тын. «Қазір менің ағайындарым келеді, сосын ары қарай сапарымыз бұрын­ғыдан да көңілді болады» деп жымиятын Қалекең жанға жайлы қоңырқай үні­мен», – деп ағынан ақтарылса, баш­құрт әдебиетінің классигі Мұстай Кәрім ойын фильмде былайша тұжы­рымдайды:

«Қалтай – Абай  Құнанбаев, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Әбділда Тәжібаев жасаған қазақ руханиятының жоғары шығармашылық өнімі».

 

«Үшіншісі – Қалтай Мұхамеджанов»

 

Біз сөз етіп отырған фильмде белгілі жазушы Әбіш Кекілбай қазақ әдебие­тінің, оның ішінде ұлттық драматур­гиямыздың дүлдүлін басқаша қырынан әңгімелейді:

«Қалтай аға туралы сөз еткенде 1960 жылдардағы Алматы есіме түседі. Оның көшесінде күндей күлімдеп үш адам келе жатқандай болады. Олардың бірі – Шәкен Айманов. Міне, ол алшаңдай басып қаланы аралап келеді. Әсем қала­ның жасөспірімдері мен қарт тұрғын­дарына дейін онымен жүздесуге асығып барады.

Екіншісі – Мұхтар Әуезов. Бұл кісі көшеде бой көрсеткенде жүргіншілер тоқтап, отырғандар орындарынан тұрып, бас киімдерін алып, ерекше ілтипатпен сәлем береді.

Үшіншісі – Қалтай Мұхамеджанов. Ол өзінің дағдысымен асықпай басып келе жатқанда ұшырасқан жандар көз­деріне күлкі үйіріліп, еріксіз жымия­тын. Егер Қалтай аға сәл аялдап әңгіме шертер болса, лезде айналасына адамдар қаптап, жарқын-жарқын естілген күлкі төңірегін көміп кететін».

Қалтай Мұхамеджанов діни отба­сында дүниеге келген. Әкесі бүкіл Орта Азияға аты мәлім Бұхара медре­сесін біті­ріп, Ташкент медресесінде дәріс беріпті. Ислам дінінің ірі маманы екен. 1937 жылы «халық жауы» деген нақақ жаланың құрбаны болған. Әкесі жина­ған жүздеген діни кітаптар қолды болып кетіпті.

«…Мен тасқа желіндеп, мұзға бұзау­лаған пақырмын. Мен көрген қиын­дықты ешкім көрмесін. Менің табаным көнтақа. Әкем 1937 жылы атылып кеткен. Содан соң жалаңаяқ жүр­дім. Табанымнан суық өтпейтін болып өстім. Ташкенттегі театр институтына жалаң­аяқ барғанмын…». Өзінің өмір­баянын осылай баяндайды.

Қалағаң бүкіл болмысымен, табиғи жаратылысымен діндар еді. Өзінің Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) елу бесінші ұрпағы екенін мақтанышпен айтатын. Түрлі басқосуларда, қаламгер­лермен болған кездесулерде Ислам дінінің бүгіні мен келешегі хақында кеңінен әңгімелейтін. «Мен бір нәрсені анық ұғындым – мемлекеттік идеология дінмен сабақтасқан кезде адамдардың Отанын сүюі, қастерлеуі күшейе түседі» дейтін.

Қалағаң бір шығармасында дін төңі­ре­гінде былайша толғайды: «Меніңше, дін мемлекеттің ажырамас бір бөлігі. Неліктен кеңес өкіметі шіркеуді мемле­кеттен бөлді? Өйткені, коммунизм идеясынан туындаған жаңа дін – марксизмге жол ашу қажет болды. Қазір бұл идеяның күлі көкке ұшты. Енді оның орнын сенім басуы керек. Сон­дық­тан да мешіттер мен храмдар қайта қалпына келтірілуде. Әрине, ешкіммен бәстескім келмейді, әйтсе де қайсы­біреулер шіркеуге барып сыйынып, мешітте намаз оқып болғасын жақынын тонауға немесе басқалай күнәлі тірлік жасауға әзір тұрады. Сондықтан да ар заңынан басқа құқық заңы болуы шарт. Кез-келген демократиялық мемлекетте заң үстемдігі болуға тиіс. Естеріңізде болар, Бірінші Петр князь Гагарин-Сибирскийді пара алғаны үшін өлім жазасына кескен. Немесе бірде сенат мәжілісінде патша бас прокурор Ягу­жинскийге «Кімде-кім мемлекет қазына­сынан 1,5 метр кендір арқанның құнындай зат ұрлайтын болса – дарға асылсын» деп жаз дейді. Ягужинский жазбайды. Петр таң қалып: «Неге жазбайсың?» деп сұрайды. Сонда бас прокурор: «Жоғары мәртебелім, ол кезде империя басында сіз бен менен өзге ешкім қалмайды ғой» деген екен.

 

«Досыңның кім екенін айтшы маған»

 

Мына оқиға да естеріңізде болар, Сперанский Екатеринаға ұрлық жасаған министрлердің барлығын ауыстыруға ұсыныс жасайды. «Қымбаттым, бұлар ұрлады, жеді, тойынды. Бәлкім, енді Құдайды естеріне алып жұмыс істейтін шығар. Егер тағы да өңкей аш-жала­ңаш­тар келетін болса, онда күніміз не болмақ?..» депті патша ханым. Мен, әрине, ондай шенеуніктер жоқ деуден аулақпын. Бұл мысалдарды заң үстем­дігі болу керек деген тұрғыда айтып отырмын. Дін қай кезде де заңға көмек­тескен. Қазақстан үшін негізгі дәстүрлі дін – ислам діні мен орыс правосла­виясы.

XX ғасырдың данышпаны Ганди: «Кімде-кім дін мен саясаттың бірлігін жоққа шығаратын болса, ол адам діннің не екенін білмейді деп еш шімірікпестен және іркілместен айтар едім» деп жазады. Дінді мемлекет саясатынан, мемлекет мүддесінен бөлуге болмайды. Өйткені, дін бірлік пен тұтастықтың идея­сын жүргізеді. Айталық, орыс княз­діктері христиан дінін қабылдағаннан соң ғана бірікті емес пе? Бүгінгі таңда әлемнің 50-ден астам елі мемлекеттік идеология ретінде дінге мойынсұнып отыр. Қазақстанда дінді идеологияның басына қою бәлкім ертерек те шығар, алайда саясат санатынан шығарып тастауға әсте болмайды…».

Қалтай Мұхамеджанов осылайша орынды жерінде өз көзқарасын айтып та, жазып та кеткен қайраткер қалам­гер. Әлем халқының жартысын шуағына бөлеп отырған дініміз Ислам туралы  қаламгердің тұшымды тұжырымдары, парасатқа толы көзқарасы, пайымды пікірлер мен озық ойлары бұдан бұры­нырақ айтылса да,  егемен еліміздің ертеңіне қызмет ете берері сөзсіз.

Оның сол айтқандары  бүгінде жүзеге асып та жатыр. Соңғы екі-үш жылдан бері егемен елімізде таяуда аты өзгерген ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі жұмыс  істеді. Қо­ғамдағы тұрақтылық пен конфес­сия­аралық бейбітшілікті сақтауға бағыт­тал­ған саясатта ерекше маңызға ие болуда.

Қазақ драматургиясындағы қайта­ланбас тұлға, қайраткер қаламгер Қал­тай Мұхамеджанов тірі болғанда, биыл тоқсанның төріне шығар еді. Көрнекті драматург, салиқалы театр сыншы­сының қазақ әдебиетіне қосқан қомақ­ты үлесі жеке тақырыптың желісі болса керек. Біз бүгін «Скажи мне, кто твой друг» («Досыңның кім екенін айтшы маған») деректі фильмінен туындаған бірер қырын ғана сөз еттік.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *