МЕН ДӘРІГЕРМІН

Нұржамал БАЙСАҚАЛ

Дәрігерге деген құрметтен гөрі, айтылар өкпе-реніш басымдау болып тұрған мына заманда өзінің мамандығын мақтаныш көретін жастар бар десек сенбессіздер. Ондай мамандығын, туған елі мен өзі тұратын қаласын сүйетін жастар арамызда көп-ақ. Тек біз оларды көп елеп, ескере бермейтін шығармыз. Бойында отансүйгіштік қасиеті басым, қазақтың нанын адал жеген ата-ананың тәрбиесін көрген жастардың бірі–Алмалы ауданына қарасты №8 қалалық емхананың учаскелік отбасылық дәрігері Татьяна Валерьевна Семенченко. Татьяна С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің түлегі. Дәрігер болуды Татьяна бала кезінен армандайтын. Бәлкім, оған өзінің жиі ауыра беретіндігі себеп болған шығар. Татьянасы ауырып, жандарын қояр жер таппай кеткен кезде әкесі Валерий Дмитрович пен анасы Олга Робертовна «Бір үйге бір дәрігер керек» екен деген сөзді жиі айтатын.Бұл сөз ес біліп қалған үйдің кенжесі Татьянаның санасында сақталып қалса керек. 2009 жылы Үржардағы орта мектепті үздік бітірген Татьяна еш ойланбастан дәрігерлік мамандықты таңдады. Мектепті үздік бітірген ол ҰБТ-ны сәтті өткізіп, өзі армандаған еліміздегі медициналық оқу орындарының қара шаңырағы саналатын С. Ж. Асфендияров атындағы медициналық оқу орнына оқуға түсті. 2017 жылы аталған университетті жалпы тәжірибедегі отбасылық дәрігер» аммандығы бойынша бітіріп шыққан Т.В.Семенченко өзі талай рет тәжірибеден өткен №8 қалалық емханаға жұмыс істеуге келді. Жас дәрігердің ұжымға келгеніне жұмысқа кіргеніне көп бола қоймаса да, дәрігер қыз өзінің учаскесіндегі тұрғындардың құрметіне бөленіп үлгерді. Өзіне қарасты учаскедегі отбасыларының әрқайсысын жатқа біледі. Жас-кәрінің ықыласына бөленіп жүрген отбасылық дәрігер әр адаммен сөйлескен сайын оларға денсаулық күтімі, жұқпалы емес созылмалы аурулар бойынша қалай күтім жасау керектігін, сандық технологияларды қолдану, электронды «Денсаулық» паспорты мен ұялы телефонға қондырылған «Дамумед» мобильді қосымшасының тиімділігін түсіндіріп, жасы үлкен кісілердің білмегенін үйретуден жалыққан емес. Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауылында өмірге келген Татьяна қазақ тіліне де жүйрік. Қазақша әзілдегені де жарасымды өзінің. Жас келсе іске деген, Татьяна емхананың ғана емес, ауданның да қоғамдық істеріне белсене араласады. Емханадағы жұқпалы ауруларды басқару жобасы бойынша қолға алынған қант диабеті, артериялық қан қысымы, созылмалы жүрек қызметінің жетіспеушілігі ауруларының алдын алу сақтану туралы аурудың осы түрі бойынша есепте тұратын науқастарға дәріс оқып, ақыл кеңес беріп тұрады. Емхананың бас дәрігері Фарида Ағыбаева жас та болса өз ісіне жауапты, дәрігерлік мамандығын мақтаныш көретін Татьяна Семченконы медицина қызметкерлерінің күніне орай Алғыс хатпен марапаттады. Өйткені, жас дәрігер Татьяна ұжымның да, осы емханада тіркеуде тұратын аудан тұрғындарының да құрметі мен алғысына лайық жан.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *