Мен бүгін әкемді ойлап толғанамын…

Қасым МӘУЛЕНОВ,

заң ғылымының докторы, профессор, ғылым саласы бойынша Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты

 

Қазақ және кеңес әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезов пен әкем Сырбай Мәуленов ниеттес, бір-біріне тілекші болған жандар. Ұлы жазушының: «Сырбайдың өзіне ғана тән қысқа жырларында өзінше әдемілік пен нәзіктік бар. Олар күйшінің домбырасынан шыққан, жан-дүниеңе күй секілді еніп кететін, сенің көңіл-күйіңді алабұртып әкететін нәзік күй секілді», – деп әкем туралы айтқан пікірі мен үшін құнды баға.

Ақын, Қазақстанның халық жазушысы, Александр Фадеев сыйлығының және Абай атындағы мемлекеттік Қазақ ССР сыйлығының лауреаты, аяулы әкем – Сырбай Мәуленовтің ортамыздан кеткеніне, міне, 25 жылдың жүзі болыпты. Аз уақыт емес. Бірақ мен үшін әкенің орны әлі күнге ойсырап тұрады.

 

 

Төсқалтадағы тілдей хат

 

Иә, әкемнің өмір жолы қиындыққа толы болған. Оның замандастарының жастық ғұмырын соғыс жалыны шарпыды. Әлі есімде, 1987 жылы  Свердловск қаласына (қазіргі Екатеринбург) кандидаттық диссертациямды қорғауға бара жатқанымда, әкем:

– Міндетті түрде Ақ өзенге баруға уақыт тапқын, нақ сол өзеннің бойында біздің бөлімше құрылған болатын, – дегені бар-ды.

Қазақтың жас офицері Волховский майданында соғы­сып, Ленинград қоршауын қорғауға  атсалысқан. Әкем атқыштар ротасы командирінің орынбасары, кейінірек саяси жетекші қызметтерін атқарады. Ұрыс кезінде әкем қатты жарақат алады. Госпитальда жатып, майдандас дос­тарын, олармен бірге қар кешіп, мұз жастанған сәттерін, қыршынынан қиылған жастар, жалпы өмір туралы еске алады, ойланады, толғанады. Сондықтан да оның шығармашылығында соғыс лирикасының орны бөлек. Бітпес қайғы-мұңның, үйіне қайтпай қалған солдаттардың өкініші, Отанға деген шексіз мақтаныш пен сүйіспеншілік әкемнің өлеңдерінде шынайы өрілген.

Мен бірде әкемнің архивін ақтарып отырып, 1942 жылдың 22 қазаны деп көрсетілген хат тауып алдым. Майданда жүргенде әкем кеңес әдебиетінің классигі Николай Тихоновқа хат жазған екен. Сол хатқа келген жауап болып шықты.

«Мен жап-жас қазақтың ақыны қолына қару алып, біздің сүйікті Ленинградты қорғап жүргеніне қуаныш­тымын. Біз сізбенен әлі-ақ қоршаудан босатылған қалада кездесіп, фашизммен болған соғыс туралы өткен шақта әңгімелеп, өлең оқып отыратын боламыз», – деп жауап жазған екен Николай Тихонов.

Әкем сол бір жапырақ қағазды соғыс жылдары төс- қалтасынан тастамай жүріпті. Тілдей хат офицердің жауға қарсы күш-қайратын еселей түсіп, поэзияға деген ынта-жігерін қайраған көрінеді. Кеудесін қуаныш кернеген әкем ірі классиктен келген хатты батальон комиссары Алек­сандр Любимовқа көрсетеді. Әкемнің айтуынша, сонда комиссар әкемнен артық қуаныпты. Себебі, сол бір кіш­кентай ғана ақ қағазда солдаттарды Отанды сүюге шақыр­ған ақжарма тілек, құрмет, үгіт-насихат жатыр еді.

Мына қызықты қараңыз, әкем 1949 жылы Мәскеуде сол Николай Тихоновпен жүздеседі. Соғыс аяқталғаннан кейін, Мәскеу қаласында сол заманның бүкіл әдебиет  классиктері жиналған қазақ әдебиеті мен өнерінің апталығы өтеді. Қазақстаннан жазушылар мен ақындардың делегациясы аттанады. Олардың ішінде Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин және жас ақын Сырбай Мәуленов те болады.

Мәскеу біздің зиялы қауым өкілдерін жылы қарсы алады. Олармен бірге үнемі Леонид Соболев, Николай Тихонов, Сергей Щипачев, Платон Вершигора болады. Әдебиет пен өнер апталығының бір күнінде ақын-жазушылар теплоходпен серуенге шығады. Арқалы өнер адамдары өзара әңгіме-дүкен құрып, шабыттана өлең оқып, шығармашылық сәттің көрігін қыздыра түседі. Әкем Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқановтың жанында отырған Николай Тихоновтың қасына баруға біразға дейін батылы жетпей, ақыры жақындап барып, өзін баяғы хат жазған солдатпын деп таныстырып, майдан хатын ұсынады.

– Тірі екенсің ғой, солдат! – деген Николай Тихонов орнынан тұрып, қуаныштан ұшқын атқан жанарын көпке бұрып, әлгі хатты бәріне көрсетеді. – Сен үшін қуаныш­тымын! Сондай от-суды кешіп өтіп, бүгінгі күнге аман-есен жеткенің үшін қуаныштымын! Және мына хатты да сақтапсың.

Тихонов сәл үнсіз қалып, сосын:

– Хатымды сонша уақыт көзіңнің қарашығындай сақтаған екенсің, өзіңе қайтарайын. Менің өзіңе деген сыйлығымды да қоса алғын, – деп сол жолы «Грузин көктемі» деген кітабын сыйға тартыпты.

 

 

Лашын және мен

 

Біз әкем екеуміз өте жақын, рухтас болдық. Ол мені Қазақстанның халық жазушысының көмекшісі деп атайтын. Оның сол қолы іске мүлдем жарамсыз болатын, соғыс салған жарақаттың зардабы. Сондықтан сегіз жасымнан сақалын қырып беретінмін. Әкемнің бетіндегі өмір өрнектеген әрбір әжіміне дейін таныс әрі жақын болатын. Кейде әзілдеп мені «севильский цирюльник» деп те атайтын.

1993 жылдың 13 ақпанында әкем өмірден озды. Әкеммен жанымның егіз болғандығы соншалық, мен әлі күнге еске алып, көз жасыма ерік беремін. Жанарыма үйіріле кететін мөлдір тамшыларды сырт көздерден қымсынып жасырып та жатпаймын.

Сол жылдың 22 қарашасында көптен күткен Министр­лер Кабинетінің «Халық жазушысы Сырбай Мәуленовті мәңгілік есте сақтау туралы» қаулысы шықты. Бүгінгі таңда Қазақстанның төрт қаласында, атап айтсам, Алматы, Қостанай, Арқалық және Қызылордада әкемнің атымен аталатын көшелер бар. Бұрынғы «Юбилейный» кеңшары­ның (қазір Мелісай ауылы, Камышинск ауаны, Қостанай облысы) орта мектебі, сондай-ақ, Қостанай қаласындағы №24 орта мектеп пен Астананың №37 гимназиясының Сырбай Мәуленов атын иеленгені мен үшін үлкен бақыт.

Сырбай Мәуленов атында қор құрылды. Қордың эмблемасынан әкемнің Лашын (құс) деген бүркеншік атауының орын алғаны да мен үшін мақтаныш. Бүгінде мен де өзімнің кейбір жекелеген ғылыми мақалаларымның соңына Лашын деп қол қоямын.

Иә, мен Сырбай ақынның ұлы екендігімді мақтан етемін! Сұрапыл соғыстан да аман қалып, елге оралып, Дүйсен, Жеңіс, Бейбіт, Ғазиз есімді бауырларыма, Бақытжамал мен Сақыпжамал есімді әпкелеріме өмір сыйлағандығы үшін де ризамын.

 

 

«Халық жауының» салқыны

 

Әрине, оның ғұмырының барлық сәтінде жанында анам Күлжамал Әмірова (Ахмет Байтұрсыновтың жиен немересі) болды. Барлық қуанышын да, қайғысын да бірге бөлісті. Әкем де өзін сол бір алмағайып жылдары КГБ-нің «халық жауының» жиенінің күйеуі деп ұзақ сүйрелеп, тергеген сүреңсіз күндерінен еш бұғып қалған жоқ.

Бала күнімде әкемнен атам Мәулен туралы жиі сұрайтынмын. Атам туралы естеліктер әлі күнге жадымда жаңғырып тұр. Ал шешем жағынан нағашы аталарым туралы сұрап-білуді ол уақыт көтермейтін. Сондықтан бұл жөнінде біздің үйде көп айтылмайтын. Нағашы атамызға «халық жауы» деген айдар тағылып, кейін Сібір жақта ГУЛАГ-та қайтыс болған көрінеді.

Тек 1997 жылдың соңына таман барлық шындықты білдім. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына жолдаған сұрау салу хатыма атам, Ахмет Байтұрсыновтың немересі – Әмір Қалиевтің ақталғандығы туралы ресми жауап алдым.

Атам Әмір 1929 жылы Қостанай округінде болған көтеріліске белсене қатысқаны үшін жазаланған екен. Атамның одан кейінгі өмірінің қалай болғандығын білу үшін тағы да іздене түстім. Ол 1941 жылдың 8 қарашасында тұтқынға алынып, 1942 жылдың 9 желтоқсанында КСРО-ның НКВД Негізгі кеңесінің 58-бабы бойынша 10 жылға сотталыпты. 1943 жылдың 16 мамырында Свердлов облысына айдалған. Кейін НКВД-ның Негізгі кеңесінің 1945 жылғы 10 ақпанындағы қаулысымен жазасының мерзімі бес жылға қысқартылған екен.

Бірақ атам жазасының қысқартылғаны туралы мүлдем білместен, темір тордың арғы жағында, 1945 жылдың 3 қаң­тарында қайтыс болады. Жоғарыда аталып кеткен Қостанай даласындағы көтеріліс қазақ ұлтының сол кездегі кеңес өкіметіне деген наразылығынан туындаған болатын.  Бұл көтеріліс, сөз жоқ, мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш зиялысы Ахмет Байтұрсыновтың атымен де байла­нысты.  Сондай-ақ, бұл бағытта Қазақстан тарихында әлі де терең зерттелмеген, әлі де жан-жақты талдауды қажет ететін деректер көп екендігі сөзсіз.

Менің анамды ата-анасы 1934 жылы Қостанайдан Алматыға жібереді. Сөйтіп, шешем 1937 жылға дейін Ахмет Байтұрсыновтың отбасында тұрады, сырқат Ахмет пен зайыбы Бадрисаның денсаулығына күтім жасайды.

 

 

Біз – жетеуміз

 

Анам өте ерекше күш-қуатқа ие тамаша жан болатын. Өмірінің әр сәтін, әр минутына шейін әкеме және бізге арнаған. Сол кісінің табандылығының, қайсар мінезінің арқасында әкемнің есімін елдік деңгейде сақтауға, мәңгілік етуге қол жеткіздік. Шешем республика Үкіметіне хат жазды, министрліктердің, облыстар мен Алматы әкімдері­нің қабылдауларына жазылып, табалдырық тоздырудан бір жалықпады. Әсіресе, біздің қамқорлығы­мыздағы мектеп­тердің шәкірттеріне көп көңіл бөлді. Мектеп ішіндегі әкемнің атындағы музейлердің қалыптасуына көп еңбек сіңірді.

Біз – бір құрсақтан жетеуміз. Ең үлкеніміз – Дүйсен Қаржы және жергілікті өнеркәсіп министрліктерінде істеді, басқарма басшысы болды. Жеңіс – инженер еді. Өкінішке қарай, үлкен ағаларым өмірден өтіп кетті. 2014 жылы кенжеміз әрі сүйіктіміз, заң ғылымының докторы, профессор, отставкадағы полиция полковнигі, қазақстан­дық танымал криминолог, ҚР Білім және ғылым министр­лігі жанындағы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» грантының иегері  Ғазизды да жоғалтып алдық.

Қазіргі таңда төртеу ғана қалдық. Үлкен әпкем Бақытжамал – энергетик, ҚазКСР-інің Бас жоспарлау мекемесінде, ҚР Президенті Аппаратында қызмет еткен. Сақыпжамал әпкемнің де ғылымда өз орны бар, экономика ғылымының кандидаты, профессор. Ағам Бейбіт те ҚазКСР-інің Бас жоспарлау мекемесінде із қалдырған, бүгінде бизнеспен айналысады.

Әкем маған кез-келген ойымды қағазды шашыратпай әдемі түсіре білуді үйреткен. Университетте алғаш сабақ бере бастаған күндерімнен-ақ тарихқа қатысты, маған қажет деген құнды деректерді іздестіріп, керекті әдеби мәліметтері, сілтемелерді тауып беріп отыратын. Бірде «сенің кандидаттық диссертацияң қанша беттен тұрады» деп сұрағаны бар.  195 бет екенін айттым. Сонда әзіл-шыны аралас:

– Сен 195 бетті кітапханада отырып, ғылыми кітап­тармен, әдебиеттердің көмегімен үш жыл жазасың, ал мен ештеңесі жоқ таза үстелдің үстінде отырып-ақ бір күнде 25-30 бет жазып тастаймын, – деген-ді жылы жымиып. Әрине, әкем менің кез-келген ғылыми жұмысыма, ғылым жолын­дағы жетістіктеріме ылғи қуанып, марқайып отыратын.

Әкем екеуміз Британ кітапханасы туралы жиі әңгіме­лесетінбіз. Соның әсері болар, бірде Лондонға жол түскен сапарымда, бара салып бірден әйгілі кітапханаға жазылдым. Ондағы өткен бір ай мерзім ішінде, қызығы сол, әкем ылғи жанымда отырғандай, менімен бірге қолға алған кітаптарымның бәрін парақтап отырғандай әсерде болатынмын.  Ол – Байронды, Гетені, Шиллер мен Мицке­вичті, Пушкин мен Лермонтовты, Некрасов пен басқа әлемдік деңгейдегі классиктерді қазақ тілінде өте сауатты, еркін сөйлеткен кісі. Бүгінгі таңда Сырбай Мәуленовтің кітаптары АҚШ Конгресі мен Британ кітапханаларының сөресінде тұр. Бұл да мен үшін мақтаныш.

 

 

Әкем сыйлаған құндылықтар

 

Мен әкемнен бойыма тағы не сіңіре алдым? Адамзат рухының ұлылығына және оның шексіз мүмкіндіктеріне сенуді, әлемнің мәңгілік сұлулығына табына білуді үйрендім. Әкем мені барлық адамға қайырымды болуды, қамыққан жанға сүйеу бола білуді үйретті, сондай-ақ, жастарды ылғи демеп жүруді, олардан мақтауды аямауды үйретті. Кез-келген мақтау енді өсіп келе жатқан жас өскінге стимул болады екен ғой, соны түйсіндім. Міне, әкем сыйлаған осы бір адами құндылықтар менің өмірімді үнемі нұрландырып тұрады.

Әкем шын мәнінде интернационалист болатын. Оның Сергей Наровчатов, Вадим Кожевников, Сергей Михалков, Евгений Евтушенко, Мустай Каримов, Давид Кугультинов, Берды Кербабаев, Шыңғыс Айтматов, Платон Воронько, Мұхтар Әуезов, Жұбан Молдағалиев және басқа да іргелі ақын-жазушылармен достығы мықты болған.

Әлі есімде, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде, Қазақстан КП ОК-нің бірінші хатшысы Г.Колбин қатысқан Қазақстан Жазушылар одағының алқалы мәжілісінде әкем «қазақ ұлтшылдары» деген ұғым жоқ деген пікірді тайсалмай тура айтқан адам. Әкем үшін Отан, ел деген ұғымдар тым биік-тін. Сондай-ақ, ол достыққа адал, берік болды. Қаламдастары бас қосқан кез-келген үлкенді-кішілі басқосуларда бәрін күлкіге көміп, айна­ласына шуақ шашып отыратын қасиетін де мақтанышпен айтып кеткім келеді.

Әкем көз жұмған соң, 1993 жылы Қазақстанның халық жазушысы, Александр Фадеев сыйлығының және Абай атындағы мемлекеттік Қазақ КСР сыйлығының лауреаты Сырбай Мәуленов атындағы қор құрылды. Оның президенті, тізгіншісі де өзім. Әкенің атын өлтірмеу, ұлықтау – ұрпақ парызы. Бүгінгі таңда әкемнің атын иеленіп отырған мектеп-гимназияларда тәрбиелік, ұлағаттық іс-шаралар жүргізіп келемін. Мектеп ішінен орын тепкен музейлердің де жұмыстары да жақсы жолға қойылған.  Бүгінгі таңда әкемнің аты берілген мектеп-гимназиялардың оқушылары  республикалық, халықара­лық байқауларда топ жарып жүргені бізді қуантады, қанаттандырады. Алдағы уақытта біздің мектептердің шет елдің білім ошақтарымен әріптестік қарым-қатынас орнатуы жолында жұмыс істеп жатырмыз. Әкем – Сырбай Мәуленовке қатысты кез-келген іс-шарада мен ешқашан шаршамаймын, дамыл таппақ емеспін. Өйткені, мен өзімді әлі күнге әкеммен бірге жүргендей сезінемін…

 

***

 

Құрметті алматылықтар!

 Сіздерді 2018 жылдың 15 маусымында сағат 16.00-де Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде өтетін Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті ақын Сырбай Мәуленовтің туғанына 95 жыл толуына арналған салтанатты жиынға шақырамыз. 

Кешке ақынның әдебиеттегі ізбасар інілері мен өнер шеберлері қатысады.

 

Мекен-жайымыз: Алматы қаласы, Абылай хан даңғылы,  105-үй.

Телефон: 8 (727) 261-62-95.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *