«МЕН АЛМАТЫНЫҢ ТИТІМДЕЙ БІР БӨЛШЕГІМІН»

Мәслихат мінбері

Ерлан СТАМБЕКОВ,

Алматы қаласы мәслихатының депутаты, Алматы Кәсіпкерлер палатасы аймақтық кеңесінің төрағасы:

55Менің алматылықтар сеніміне ие болып, мәслихат депутаты атанған бағдарламам ас үйде, өз өмірімді саралап, тәжірибем мен мүмкіндігімді топшылаудан туды. Сол бағдарлама «Армансыз еш нәрсеге қол жеткізуге болмайды» деген қағидама негіз болды. Жалпы, менің өмірім сүйікті қалам – Алматымен біте қайнасып жатыр. Өзімді Алматының титімдей бір бөлшегімін деп есептеймін. Алматыдай әсем шаһарда туып-өстім. Қатардағы қызметкерлердің отбасын­да дүниеге келдім. Әкем – оқытушы, анам – инженер-жобалаушы болды. Өзім болсам, Алматы сәулет-құрылыс институтын бітіріп, осы қаладан әскери борышымды өтеуге аттандым. Туған қаламда шаңырақ көтеріп, Алматының ертеңін жасайтын төрт перзентім дүниеге келді.

Еңбек жолым да Алматыда басталды. Тіпті, студент шағымда, 1989 жылы КСРО-дағы тұңғыш баламалы сайлауда қалалық халық депутаттары кеңесіне (бүгінгі мәслихат сол кезде солай аталатын) депутат болып сайландым. Жастар, ауғандық әскерлер, дене тәрбиесі және спорт комис­сиясының төрағасы болдым. Бас-аяғы 23 жаста депутат, Қала кеңесінің мүшесі менің алдымда шенеуніктің даңғыл жолы тұрды. Бірақ, мен Алматының дамуына атсалысуға бәрібір қайта ораламын деп, басқа жолды таңдадым. Өтпелі кезең, нарық заманының бастауында жастық жігер, асқақ арманмен бизнеске араласуға бел будым. Замандастарыммен қатар тың саланы игеруді бастадым. Сол 90-жылдары барлық нәрсе қат болып, көрінген нәрсе бизнес, сауда көзіне айналған болатын. Жалпы, кәсіпкер болып қалыптасуыма, өмірден өз орнымды табуыма Алматы ауласы көп әсер етті. Ата-аналары таңнан кешке дейін жұмыстағы балалардың өмірінің басым бөлігі аулада өтетін. Сол аулада спортпен айналысып, гитарамен ән салып, өз пікірімізді қорғап үйрендік, дүниетанымымызды қалыптастырдық.

Мен де өз ауламда спортпен айналы­сып, авиамодельдеу үйірмесіне барып, сезімге толы алғашқы өлеңдерімді жаздым. Бұлардың бәрі бозбала шақтың әуесқой тірліктері болса да, кейінгі өмірімізге іргетас болды. Тіпті, музыкант досым Әділ Жамбакиев әнін шығарған өлеңімді, кейін танымал әнші, курстасым Нұрлан Абдул­лин жарыққа шығарып, айтып та жүрді. Жалпы, менің осы Нұрлан, Асылбек Еңсепов, Ренат Ғайсин, Қыдырәлі Бол­манов, Сейфуллин Жолбарыс, т.б. танымал өнер иелерімен достығым бүгінгі күнге дейін жалғасып отыр. Сонымен, жастық шақ, бизнесті бастау кезеңдерінен өтіп, белгілі бір жетістіктерге жетіп, Алматының алға жылжуына араласатын мүмкіндіктер де туды. Бүгінгі Алматы аулалары біздің бала кезіміздегі аулалар емес, оның үстіне заман басқа, өмір басқа. Жастарды наша­қорлық, жат ағым, т.б. келеңсіздіктер бау­рап барады. Біз өз үлесімізді жас буынды осылардан сақтау мақсатында қоссақ деп, 2004 жылы достарыммен «Парыз» қоғам­дық қайырымдылық қорын құрдық. Міне, 10 жылдан астам уақыттан бері түрлі жобаларды жүзеге асырып келеміз.

Қолға алған жобалардың бағыты – әлеуметтік көмек көрсету, қоғамды жақ­сартып, әрбір алматылыққа өз қаласы үшін жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру, Алматының тазалығы, экологиясы үшін «өз үйімдікі» деген түсінікке бағыттау, жас­тарды өз уақыттарын тиімді пайдалануға үйрету. Бір сөзбен айтқанда, бір кездердегі «Гүл қала, арман қала» болмысын қай­тарып, қалалықтардың басқа қазақстан­дықтар қызығатын ең мәдениетті, бекзат «алматылық» мәртебелі атағын жандандыру болатын. Осы мақсатта «Алма қала» акциясын қолға алып, 2014-2015 жылдарда Алматы аулалары мен саябақ, скверлеріне 20 мыңдай тал ектік. Қазақстанның түрлі ұлттық асханасын дәріптейтін, дәстүрлі «Той қазан» фестивалін биыл төртінші рет өткіздік. Туған қала – Алматының бүгіні мен болашағы үшін осындай тірліктерге араластық. Менің еңбек жолымда мемле­кеттік қызмет, Ұлттық компанияларда жұмыс істеу де бар. «Мұнай Газ өндірісінің Бас диспетчерлік басқармасы» РММ директорының бірінші орынбасары, «КазТрансОйл» ҰК департамент басшысы, т.б. қызметтерде болдым.

Бүгінгі таңда ел экономикасының локомотиві болып отырған Шағын және орта бизнестің қалыптасуына атсалысып, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палата­сының құрылуына қатыстым. 2013-2014 жылдарда Алматы Кәсіпкерлер палатасы­ның алғашқы директоры болдым. 2015 жылдың желтоқсан айында Алматы кәсіпкерлер палатасы аймақтық кеңесінің төрағасы, «Атамекен» ҰКП Президиум мүшесі болып сайландым. 2002 жылдан «Нұр Отан» партиясының мүшесімін. Міне, осылай Алматымның дамуына үлес қосам деген бозбала арман-шешіміме қайта оралдым.

Жақында халық қалауымен VІ шақы­рылған Алматы қалалық мәслихатына депутат болып сайландым. Енді, туған қаламның дамуына, қалалықтардың әлеу­меттік жағдайына араласуға, сол алматы­лықтардың аманатын арқалап, тікелей қатысатын мүмкіндік туды. Бұл жөнінде өз өмір жолымды, мүмкіндігімді таразылап, дайындаған сайлауалды бағдар­ламамда жазғанмын.

Сонда жазылғандай, депутаттық жұмы­сымды төменнен, яғни, Алматы аулалары, үйлері, көшелерінен, алматылықтардың әлеуметтік жағдайынан бастамақ ниетте­мін. Жалпы, Алматының бүгіні мен ертеңін жасау – басты бағытым. Ал біздің ертеңіміз қалалықтар мен шаһар билігінің біріккен, тізе қосқан іс-қимылы арқылы жарқын бола алады. Біз тек бірге әрекет етіп қана нәтижеге жетеміз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *