Мен Алматы қаласының мұғалімімін

 

Қазіргі жаһандық қарыштап дамыған заманда адамзат баласының басына түскен «пандемия» әлегі білім беру саласында еңбек ететін мамандарға да аз салмақ салған жоқ. Компъютерлік майдан даласына емін-еркін бой алдырдық. Іздендік. Жаһандандық, жанықтық. Уақыт солай…

Тағы да тінтуірмен тінтіп отырып, парақшаларды аударыстырдым. Мұғалімдер үшін білім жетілдіретін оқу орындары да баршылық екен. Біріне тоқтадым. Өйткені ол Алматы қаласы педагог кадрларын оқытатын институт екен. Мен Алматы қаласының мұғалімімін ғой, осы таңдауым дұрыс болар деп шештім! «Жақсы, білімді ұстаздан – жақсы, білімді оқушы шығады!» — деген қағиданы өмірлік ұстанымым етіп алған жас маманмын. Сөйтіп, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының филиалы Алматы қаласы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты ұйымдастырған «Математика пәнінен жаңартылған жалпы білім беру бойынша педагог кадрлардың біліктілігін арттыру курсына» қатысып, өзіме өте пайдалы да құнды дәрістер алуға бел байладым.

Мен жұмысқа орналасқан №32 жалпы білім беретін мектеп басшылары да бұл талабымды құптай кетті. Курс онлайн режимде тамыз айында өтті. Курс барысында дәріс берген институттың аға оқытушысы Сәуле Кенжебекқызы Абдибаеваның көмегімен ҚМЖ, ҰМЖ-ны және де жас маманға «сабақ беру барысы туралы» өте құнды дүниелерді үйрендім. Бізге нақты әрі түсінікті тілде, сонымен қатар педагог ретінде сабақ жүргізу барысын түсіндіре білді. Жаңартылған бағдарлама бойынша ұйымдастырылған бұл курс өз білімімді шыңдай түсуге, біліктілігімді жетілдіруге көп көмектесті. Болашақта оқушыларға білім беруде қажет болатын мәліметтер қорына ие болдым. Курс барысында тәжірибелі мұғалімдердің пікірлеріне құлақ түре жүріп, нағыз педагогтың қандай болу керектігін ұқтым!

Осындай тәжірибемен бөліскен, бізге жоспарлы түрде дәріс беріп, бағыт сілтейтін, жаңа бағдарламаларды игеруде жол көрсетуші институт ұжымына ерекше алғыс білдіргім келеді. Бүгінгі таңда әр сабақты түсіндіруде мұғалім ретінде алдыма мақсат қоюды, сол мақсатқа жету жолдарын, оқушыларды сабаққа қалай ынталандыру керектігін, оларды бағалау критерийлерін, оқушының сабақ барысындағы белсенділігін қалай арттыру керектігін, сол арқылы дискриптор құруды және ҚМЖ жасауды үйрендім.

Мұғалім ретіндегі алғашқы тәжірибемде осындай құнды мәліметтерге ие болғаныма өте қуаныштымын. Менің жас маман және де жұмысқа орналасқан алғашқы жылым болғандықтан, тәжірибе жинақтап, білімімді жетілдірудегі алғашқы қадамым осылай болды. Әрине білгенімнен білмегенім көп. Алдағы уақытта да мұнымен тоқтап қалмай, білімімді шыңдай беремін!

Гүлдана МАНАҚ,

№32 ЖББМ математика пәнінің оқытушысы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *