Мемлекеттік қызметші болу үлкен жауапкершілік

Мемлекеттік қызметтің құрылуы мен мем­ле­кет­тік қызметшінің келбеті

 

 

2014 жылдан бастап Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің Жарлығымен  23 маусым мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерекесі ретінде аталып өтуде. Осы мерекенің мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің беделін көтеру, бұқара халықтың мемлекеттік қызметке деген сенімін арттыру. Ағымдағы жылы еліміздің мемлекеттік қызметі 20 жыл­дық мерейтойын атап өтеді. Осы мерекелік шара қарсаңында тәуелсіз Қазақстан Респуб­ликасында  мемлекеттік қызметтің құрылу тарихына шолу жасаудың реті келіп тұрғандай.

ХХ  ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басы дүрбелеңге толы, келер күні не болатынын болжап білуге болмайтын аумалы-төкпелі кезең болғаны тарихтан белгілі. Бұрын бір жұдырыққа жұмыл­дырылған 15 республика жеке-жеке бөлініп шығып, өз алдына жол таңдай бастуының өзі оңай  іс болмады. Осындай өтпелі кезеңде еліміз халық өмірінің әлеуметтік экономи­калық және қазақ жерінде өзінің барлық азаматтарының құқығы мен бостандығын қорғауға және қамтамасыз етуге қабілетті мемлекет ретінде дербес даму қажеттілігіне тап болды. Осылайша егемен мемлекет пен оның барша азаматтарының өмірі қалып­тасатын барлық құқықтық базаны нақты қайта құру қажеттілігі туды. Бұл тұрғыда біраз шаруа атқарылды: мемлекеттік басқару, экономика, ұлттық  қорғаныс, сыртқы саясат,  қоғамдық-саяси, табиғатты қорғау, құқықтық тәртіпті қорғау салаларына қатысты көптеген заңдар мен жарлықтар әзірленді. Бұл заң актілерінің бәрі де тәуелсіз беделді халықаралық сараптамадан өтті.

Осыдан 20 жыл бұрын – 1998 жылдың 18-қыркүйегінде Қазақстан Республикасы Пре­зидентінің Жарлығымен алғаш рет пост­кеңестік кеңістікте Қазақстан Республика­сының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі құрылып, ол бүгінгі күнге дейін мемлекеттік қызметтің қазақстандық моделінің табысты қызмет етуіне өз үлесін қосып келеді.

Осы орайда тәуелсіздік жылдары  мемлекеттік қызмет аясында екі көлемді реформа жүргізілгенін атап өткен дұрыс.

Елбасының 1997 жылғы «Қазақстан–2030» Стратегиясы  шағын жоғары кәсіби мемлекеттік аппарат, мемлекеттік қызметке қабылдау мен қызметтік өсуде мемлекеттік қызметшілердің сіңірген еңбегін ескеру – меритократия жүйесін ендіру, сыбайлас жемқорлықпен,  құқықбұзушылықпен күресті күшейту, қоғамда мемлекеттік қызметтің беделін көтеру, халық пен Отанға мемле­кеттік қызметшілердің адал және таза, мінсіз қызмет етуі сияқты стратегиялық бағыттар айқындалып, мемлекеттік қызметке алғаш реформа жасалды.

1999 жылы жазда жаңа «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданғаннан кейін қысқа уақыт ішінде Агенттік барлық базалық норматив­тік-құқықтық актілердің жобасын жасап, осының негізінде ҚР Мемлекеттік қызмет­шілерінің ар-намыс Кодексі, Мемлекеттік қызметшілерді оқыту тұжырымдамасы, ҚР мемлекеттік қызметшілерін даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру қағидалары және басқа да актілер қабылданды. Қабылданған құқықтық актілерге сай мемлекеттік қызметшілердің корпусы саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметке бөлініп, әкімшілік  лауазымдағы мемлекеттік қызметшілерге біліктілік талаптары бекітілді. Азаматтарды мемлекеттік қызметке іріктеуде байқау жүйесі, мемлекеттік қызметшілерді аттестаттау мен электронды тестілеу жүйесі еңгізілді, мемлекеттік қызмет көрсетудің стандарттарын бекітті. Қазақстан халық­аралық тәжірибені ескере отырып, мемле­кеттік қызметтің позициялық үлгісін таң­дады.  Мемлекеттік қызметтің бұл үлгісінде үміткер байқау негізінде біліктілік талапта­рына сай әкімшілік лауазымның кез-келгенін иелене алады. Осылайша мемлекеттік қыз­меттің позициялық үлгісі еліміздегі барлық қабілетті азаматтарына өзінің мемлекеттік қызметке түсуіне мүмкіндік берді.

ҚР Президентінің Жарлығымен 2011 жылдың 21 шілдесінде Қазақстан Республи­касы мемлекеттік кызметі жаңа моделінің тұжырымдамасы қабылдануымен мемлекет­тік қызметтің екінші реформасы басталып кетті. Реформаның екінші кезеңінде кадр­ларды іріктеу мен мансаптық қозғауда тек қана ашықтық пен демократиялық әдіспен, яғни олардың сіңірген еңбегі мен лайық­тылығын ескере отырып, меритократиялық қағида негізінде, жетілдірілген мемлекеттік қызмет үлгісін жасақтау қажеттілігі тұрды.

Меритократия қағидатына негізделген жаңа қазақстандық мемлекеттік қызмет үлгісі «Мемлекеттік қызмет туралы» ҚР Заңының (2012 жылдың 14 желтоқсанындағы толық­тырулар мен өзгертулерімен) күшіне енген күнінен, яғни 2013 жылды 26 наурызынан бастап шын мәнінде жұмыс жасай бастады.

Қоғамдық сұраныстың өсуі және мемле­кеттің алдына қойған талаптары мен мін­деттерінің өзгеруі 2015 жылы жаңа «Қазақ­стан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңын қабылдауға  негіз болды.

Сонымен, 2015 жылғы 23 қарашадағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңына сәйкес, Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызмет дегеніміз – мемлекеттік қызметшінің мемле­кеттік органдарда  мемлекеттік биліктің міндет­тері мен функцияларын іске асыруға бағытталған лауазымдық  өкілеттіліктерді атқару жөніндегі қызметі, ал мемлекеттік қызметші дегеніміз – мемлекеттік органда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік лауазым­ды атқаратын және мемлекеттің міндеттері мен функцияларын іске асыру мақсатында лауазымдық өкілеттіліктерді жүзеге асыра­тын Қазақстан Республикасының азаматы. Басқаша айтқанда, мемлекеттік қызметші мемлекеттік қызметтің тиімділігі мен нәтижелілігінің айнасы.

Озық мемлекеттік қызметтің қазақ­стандық үлгісін құрумен қатар елімізде заң үстемдігі мен жемқорлықпен күрес мемле­кеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді. Осы саясатты іске асыру әрбір мемлекеттік қызметшінің басты міндеті болып табылмақ.

Осыған орай, халықтың мемлекеттік органдарға сенімін нығайту, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыру және мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алу мақсатында жағдаяттық мысалдар негізінде берілетін Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен  әзірленген «Мемлекеттік қызметшінің әдебі және мінез-құлық нормалары» нұсқаулығы барлық мемлекеттік органдарына жолданды.

Нұсқаулықта мемлекеттік қызметші­лердің жұмыс уақытында  және жұмыстан тыс уақыттағы негізгі мінез-құлық қағида­лары қарастырылған және олардың парасат­тылық мәдениетін қалыптастырудың негізгі аспектілері берілген. Осы нұсқаулық әрбір мемлекеттік қызметшінің  күніне бірнеше рет көз жүгіртетін қалта кітапшасына айналған жағдайда еліміз құқықтық мемлекет мәртебесіне бір табан жақындайды.

Мемлекеттік қызметтің беделін көтеру мақсатында Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бірқатар іс-шаралардың ұйытқысы болуда. Атап айтсақ, 2017 жылы Агенттік алғаш рет мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мере­кесін «Қазақстан Республикасының үздік мемлекеттік қызметшісі», БАҚ мамандары арасында «Кәсіби мемлекеттік қызмет – бәсекеге қабілеттіліктің көзі» жарыстарын, «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметінің 100 бейнесі» фото байқауын, мемлекеттік қызметшілер туралы хикаяларға негізделген бейнебаяндардың байқауларын  ұйымдастыру арқылы  жаңа форматта  зама­науи талаптарға сай қызықты етіп өткізді.

Осы шараларға Алматы қаласы бойынша Қазынашылық департаментінің ұжымы да бір кісідей атсалысты.

Қорыта келгенде, мемлекеттік қызметші өзінің функционалдық міндеттерін мінсіз орындау арқылы ел азаматтарының мемле­кеттік қызметке деген сенімін арттырып, өз іс-әрекетімен сыбайлас жемқорлықтың кез-келген көріністеріне төзбеушілік жағдайын жасау мен қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда барша бұқара халыққа үлгі болуы тиіс.

 

Алтыншаш ТОҚТАРБАЕВА,

Алматы қаласы бойынша Қазынашылық департаменті персоналмен жұмыс істеу бөлімінің бас маманы.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *