Мемлекеттік қызмет келешекке бастайтын жол

Елді өркендеудің өрісті жолына бастау, халықтың әл-ауқатын қамдау қай уақытта да мемлекеттің өзекті мәселесі, басты бағыты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел тізгінін қолға алғаннан кейінгі халыққа алғашқы Жолдауында мемлекеттің қауқарлы болуы халық пен билік арасындағы алтын көпірдің беріктігінде екенін екшеп, осы орайдағы жұмыстың тиімділігін арттыруға басымдық берді.

«Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деп аталған Жолдауында Президентіміз ел-жұрттың шынайы тыныс-тіршілігінің тамырын дөп басып, нақты сұраныстарға жауап беретін міндеттерді жаза баспай жүзеге асыру бағдарын ұсынды. Бұған дейін ол «Баршаға ортақ игілік! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» атты сайлауалды бағдарламасында да мемлекеттік қызметтің сапасын көтеруге айырықша мән берген болатын. Тоқтаусыз уақыт, өзгерген заман, ішкі, сыртқы саяси ахуал мемлекеттік қызметшілердің жұмысын ширата түсуді, түйінді мәселелерді дер кезінде шешіп, көңілге қонымды, халыққа тиімді, төрт құбыласы сай жаңа модель қалыптастыруды талап етеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бәсекеге қабілетті үздік отыздыққа апаратын «100 нақты қадам: Ұлт жоспарында» кәсіби мемлекеттік аппарат құрудың нақты қадамдары алға тартылып, сол негізде кешенді істер қолға алынғаны белгілі. Оның бірқатары бүгінгі таңда оң нәтижесін көрсетіп, мемлекеттік органдар қызметін оңтайландыра түсу, әлі де кем-кетік тұстарды дұрыс жолға қою керектігін көрсетіп отыр.

Мемлекеттік қызметтің зор жауапкершілігін мойнына алып, өзінің білімі мен білігін халыққа қызмет етуге арнаймын деп бел буып келген әр маман таза кабинеттегі қызметін мақтаныш көрмей, мансабының жоғарылауын ғана көксемей, алдымен халыққа қандай пайдам тиді, қандай нәтижелі іс тындырдым деп, өз-өзіне есеп беруі қажет. Жергілікті билік органдары жұмысының сапасы құрғақ цифрлардан емес, тұрғындардың тұрмыс дәрежесі, олардың мемлекетке қалтқысыз сенімінен көрінеді. Қ.Тоқаев: «Жергілікті билік тұрғындар үшін әрдайым ашық болуы тиіс. Бұл аксиома әлі де бүгінгі күннің шындығына айналмай отыр. Пилоттық жоба ретінде тұрғындар тарапынан жергілікті билік жұмысының тиімділігін бағалау жүйесін енгізу қажет деп санаймын», – деді. Қызметшінің жұмысын басқа әріптестері бағалағаннан гөрі бұл жүйеге тұрғындардың араласуы әділеттілікті әрі жауапкершілікті жоғары деңгейге шығарады деуге негіз бар. АҚШ президенті А.Линкольннің: «Халықтың сенімін бір жоғалтқан адам бар сый-құрметінен де айырылады» деген сөзі бар. Яғни әрбір мемлекеттік қызметші халық сенімінің салмағын бар жан-дүниесімен сезініп, соған лайық болуға әрекет еткені жөн. Өйткені, ол тек өз атынан емес, мемлекет атынан сөз сөйлеп, қызмет етіп жүр.

Жекелеген қызметшілердің жұмыс сапасы, ар-абыройы, жауапкершілігі құрала келіп, мемлекеттік қызметтің жалпы келбетін сипаттайды. Сондықтан бұған сарабдал көзқарас, сұңғыла шешіммен жөн сілтеген дұрыс. Жолдауда 2020 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің санын біртіндеп қысқарту туралы да айтылды. Бұл саннан сапаға көшудің нақты көрінісі болатыны анық. Заң мен талаптардың, халық сенімінің үдесінен, сауаттылық пен сапалылықтың сүзгісінен өте алмай қалған қызметші өзіне қолайлы басқа орынды іздегені абзал. Ал ел игілігі үшін жарғақ құлағы жастыққа тимейтін мемлекеттік қызметшінің маңдай терінің өтемі материалдық тұрғыдан қомақты болатыны құптарлық.

Мәселен, қазіргі уақытта Алматы қаласындағы 67 мемлекеттік органда 4348 мемлекеттік қызметші еңбек етіп жүр. Бос орындарға маман тартудағы конкурстар ашық түрде, заң талаптарына сай өтеді. Меритократиялық қоғам орнатудағы жемісті қадамдар баршылық. Меритократия ұғымы латын тілінен сөзбе-сөз аударғанда «лайықтылар билігі» деген мағынаны береді. Демек, ешқандай тамыр-таныссыз, бармақ басты, көз қыстыдан ада, тек білімі мен тәжірибесі үйлескен, еңбекқор, адал жандар еркін бәсекелестік жағдайында мемлекеттік қызметтің тұтқасын ұстай алады деген сөз. Мемлекеттік қызметшілер қатардағы маманнан жұмыс өтілін бастап, біртіндеп сатылай көтерілу арқылы үлкен лауазымдарға қол жеткізе алады. Әрине, бұл жерде жеке адамның қарым-қабілеті, ынтасы, алыстағыны көздеп, қолдағы барды ұқсата білетін іскерлігі басты орында.

Мемлекеттік қызметке білімді, отаншыл, жаңашыл жастардың көптеп тартылуы жұмыс барысын барынша оңтайландырып, халық сенімін еселей түсері сөзсіз. «Жас келсе, іске» деген сөз бекерден-бекерге айтылмаса керек. Бұл ретте «Президенттік жастар кадр резерві» тың өзгерістердің бастауы болатынын айғақтайды деп білеміз. Елбасы Н.Назарбаевтың: «Еркін елде өскен ұрпақтың рухы әрдайым биік болуы тиіс. Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса – ол елдің еңсесі де биік болады. Өршіл, намысшыл жас отаншыл, патриот келеді, халқына, өз ұлтына адал қызмет етуге ұмтылады» деген сөзінде үлкен мән жатыр. Шын мәнінде айбатты да қайратты, қыран қанатты жастардың алдынан жарқын келешекке бастайтын даңғыл жол ашылып отыр.

Туған халқына қызмет ету, елдің өсіп-өркендеуіне үлес қосу әрбір азаматтың асыл мұраты екенінде дау жоқ. Ал мемлекеттік қызметші деген мәртебелі міндетті арқалаған маманның жауапкершілігі тіпті де зор. Ісіне ыждаһатпен, жанашырлықпен, тереңдікпен қараған қызметші әрдайым ел-жұрттың ризашылығын алып, атақты емес, абыройлы болуды ойласа, тұтас жүйенің беделі биіктейді. Елге қызмет етіп, еңбектің жемісін халықтың жайдары жүзінен көру бақыты, пайымдай білгенге, мемлекеттің тұрақтылығы мен өркендеуіне қосылған үлес екені анық.

Ж.ҚҰЛБАЕВА,

Қазақстан Республикасының

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің

Алматы қаласы бойынша департаменті

Мемлекеттік қызмет басқармасы

басшысының міндетін атқарушы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *