Мемлекеттiк бағдарлама аясындағы маңызды жобалар 2011 жылы Индустрияландыру картасы арқылы 9 жоба iске қосылды

Ербол ТҰРЫМБЕТ
Индустриалды-инновациялық дамуға жете көңiл бөлiп отырған елiмiзде бүгiнгi таңда «Бизнестiң жол картасы – 2020» және «Индустрияландыру картасы» мемлекеттiк бағдарламалары арқылы көптеген жобалар қолдау тауып, отанымыздың кәсiпкерлiк саласын жандандыруда. Әсiресе, Кеңес заманынан кейiн тұралап қалған зауыт-фабрикалардың тамырына қан жүгiре бастады. Бұл өз кезегiнде отандық нарықтағы бәсекелестiктiң артуына, екiншi қырынан, солардан шығатын өнiмдер бағасының төмендеуiне ықпал етерi анық. Мұндай оң нәтиженiң көрiне бастағанын ҚР экономикалық даму және сауда министрi Қайрат Келiмбетов желтоқсан айында өткен ел Үкiметiнiң кезектi отырысында айтқан едi. Министрдiң сөзiне қарағанда, аталған қос бағдарлама арқылы жүзеге асырыла бастаған жобалар әсерiнен елiмiзде IЖ/ былтыр 2 пайызға өскен. Сонымен бiрге, қарқынды жүргiзiлiп жатқан Индустрияландыру картасы аясында желтоқсан айына дейiн жалпы көлемi 9,7 трлн. теңгеге бағаланатын 609 жоба есепке алынған. Сондықтан осы жобаларды жүзеге асыруға дейiнгi және iске қосылғаннан кейiнгi ашылатын сан мыңдаған жұмыс орындары «екi қолға бiр күрек» таппай жүрген қарапайым халықты жұмыспен қамтуға септiгiн тигiзерi сөзсiз.
Осы орайда елiмiздiң iрi қаржы орталығы саналатын Алматы шаһарында да кәсiпкерлер тарапынан түскен көптеген өтiнiштер индустрияландыру картасына енiп, бiразы бүгiнде жұмысын бастап та кеттi. Естерiңiзде болса, газетiмiздiң өткен санында осы тақырып жөнiнде тоқталып өткен болатынбыз. Iске асырылып жатқан жобалар, негiзiнен, отандық сұранысты қанағаттандыруға бағытталғандығы түсiнiктi. Бұл ретте өткен жылы қызметiне кiрiскен «Обис» ЖШС-н атап айтуға болады. Құрамында шырыны бар сусындарды ыстықтай құю технологиясы бойынша жасау жобасын жүзеге асырған компания сусын өндiрiсi бағытында қазiргi уақытта iрi өндiрiс ошағына айналып отыр.
Жалпы, бүгiнге дейiн Алматы қаласы бойынша осындай 28 жоба бағдарлама қамқорлығына алынған болса, оның iшiнде 2010 жылы құны 33 млрд. теңгелiк 4 жоба қолданысқа енгiзiлген. Былтырғы жылға келер болсақ, бiрiншi жартыжылдықта 3,5 млрд. теңге шамасындағы 3 жоба пайдалануға берiлген. Ал екiншi жартыжылдықта сомасы 169 млрд. теңгенi құраған 6 бiрдей жоба аяқталды.
Жұмысын бастаған бұл алты мекеменiң iшiндегi Алматы метросының бiрiншi кезеңiнiң құрылысы аяқталып, қалың жұрттың жер астымен жүре бастауы – өткен жылдың ең басты жетiстiгi деп бағаланды. /н бойына 166 млрд. теңге сiңiрген алып құрылыс нысанының қалған бөлiгi қос бағытта салынып, ол 2017 жылға дейiн бiтетiн болып жоспарға енгiзiлдi. Сонымен бiрге, қалдықсыз пленка өндiрiсiн жолға қойған «АзияПластСервис» ЖШС-не тиесiлi жоба да 2011 жылы жұмысына кiрiстi. Бұл кәсiпорындағы басты мақсат – өндiрiске қажеттi соңғы үлгiдегi қондырғы орнату және шығарылған өнiмдердiң ассортиментiн жақсарту болатын. Ал орнатылған жаңа қондырғы өнiмдердi қалдықсыз шығаруға мүмкiндiк бермек.
Сонымен бiрге, айта кетерлiк тағы бiрi – «ТриЭс плюс» ЖШС ұсынған жоба. Жұмсақ қораптарды сырлау, оларға белгi жапсыру және әр түрлi зауыт өнiмдерiне жарнамалық белгiлер салу секiлдi жұмыстармен айналысатын кәсiпорын бұған дейiн де жұмысын жүргiзiп келе жатқан iргелi өндiрiс орны. Дегенмен, осы бағыттағы өндiрiс жұмыстарын ұлғайтуды көздеген компания басшылары мұнда да жаңа құрылғы сатып алуға бел байлаған. Сол арқылы кәсiпорынның жыл сайынғы 6 млн. дана өнiмiн ендi 2 есеге, яғни, 12 млн. данаға дейiн арттыруды көздеп отыр.
Осы секiлдi өзге де салаларды қамтыған 9 бiрдей жоба өткен жылы ел игiлiгi үшiн қызметтерiн бастап кеттi. Ауқымды қаржы жұмсалған жобалардың болашақта қаншалық жемiстi нәтиже берерi уақыт еншiсiнде. Бiр анығы, елдiң экономикалық ахуалын жақсартуды көздейтiн бағдарлама мемлекеттiк қолдауға мұқтаж болған қаншама кәсiпкердiң жаңа бастамасының жандануына үлес қосып келедi.
Әуел баста Индустрияландыру картасының 2010 — 2014 жылдарға арналғандығы белгiлi. Осыған орай, ендiгi қалған 3 жыл iшiнде шаһар бойынша тағы 15 жобаның тұсауын кесу жоспарланып отыр. Бұған қажеттi 58 млрд. теңге қаражат та бекiтiлiп қойылған. Сөйтiп, жоғарыда айтып өткен барлық 28 жоба бағдарлама соңына дейiн түгелiмен iске аспақ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *