Мемлекеттің тірегі һәм негізі – ХАЛЫҚ

Болат ОСПАНОВ, қалалық мәслихаттың депутаты

Қарап отырсақ, еліміздің дамуы үшін маңызды шешімдердің жүзеге асырылуы барысындағы жұмыстардың барлығы қарапайым жұмысшының ерен еңбегінің нәтижесі екен. Бұл орайда еңбек адамының денінің саулығы мен сапалы білімі, біліктілігі мен тәжірибесі еліміздің баға жетпес негізгі байлығы десек, артықтық етпес. Сонда адам бойындағы осынау әлеуеттерді қалай арттырамыз? Мемлекеттің тірегі һәм негізі халқы десек, осынау еңбек адамдарының лайықты білім алуына, әлеуметтік жағдайының жақсаруына, болашаққа сенімінің нығаюына негізделген нақты бағыт-бағдар қажет екендігі анық. Осы тұрғыдан алғанда, Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арт­тыру» атты Жолдауы дер кезінде жолданған дер едім. Өйткені, ондағы маңызды әлеуметтік бастама­ларды толық жүзеге асыру «әлеу­меттік мемлекет» туралы конституциялық норманы жаңа, нақты мазмұнмен байыта түседі. Яғни Ата Заңымыздың 1-бабында «Қазақстан Республикасы өзін демокра­тиялық, зайырлы, құқықтық және әлеу­меттік мемлекет ретінде орнық­тырады, оның ең қымбат қазы­насы – адам және адам­ның өмірі, құқықтары мен бостан­дықтары» деп көрсетілгенін ескерсек, бұл бастамалар еліміздің әлеуметтік мемлекет ретінде қалыптасу және даму жолының негізін айқындайтын басты ұстанымы болмақ.

Бұл Жолдау ел дамуына дем беретін нақты істің бағдары болып табылады. Жолдауда басты орын адамдарға жан-жақты қамқорлық жасауға, өмір сапа­сын жақсартуға, тұтастай алғанда, қазақ­стан­дықтардың әл-ауқатын нығайтуға беріліп отыр. Елбасының биылғы Жолдауындағы алты міндеттің бәрінің маңызы зор. Нақты айтқанда, бұл – боламын деген елдің, өрлеймін деген халықтың бұлжымас міндеттері.

«Ең алдымен – ел қамы, содан кейін қалғаны» деп Қадыр Мырза-Әлі айт­қандай, мемлекеттің негізін құрайтын әрбір шаңы­рақтың, әрбір тұрғынның әл-ауқаты, жұмы­сы, тұрғын үйі, кәсібі болса ғана ол ертеңіне сенімді болады, мемлекетіне адал еңбек етеді.

Байқап отырғанымыздай, Мемлекет басшысының қай Жолдауында да әлеумет­тік салаға басымдық беріледі және өзгерген экономикалық жағдайға, қол жеткізген белестерге орай әлеумет­тік саясаттың инди­каторлары өзгеріп отырады. Олардың бәрінен экономи­калық дамуды, қаржылық мүмкіндік­терді, инвестициялық жағдайды, елдегі ахуалды ескере отырып, адамның қа­жет­тіліктері анықталатын эволюцияны көреміз.

Мемлекет басшысы үкіметке 2019 жылы елдегі ең төменгі жалақы мөлше­рін көбей­туді және қалалардағы тұрғын үй-коммуналдық мәселелерді шешуді жүктеді. Сонымен бірге, Н.Назарбаев Қазақстанда келесі жылға дейін педагог мәртебесі тура­лы заң жобасын дайын­дауды тапсырды. Ол жергілікті биліктің «барлық жұмысты мұғалімдердің мойнына артып қоятынын» сынады.

Елде «халық тұтынатын тауарлар» шыға­ратын кәсіпорындарды қолдау қажет­тігін айтып, «қарапайым тауарлар эконо­микасын» дамытуды ұсынды.

Халықтың денсаулығы – мемле­кеттің байлығы екендігін бір кісідей білетін Елбасы бұл орайда да көптеген аса құнды ойлар айтты. Тұрғындар үшін медициналық көмек­тің қолжетімділігін кеңейтуге айрықша назар аудару қажеттілігі айтылды.

Жалпы алғанда, бұл Жолдау – бұған дейін де Мемлекет басшысы жариялаған бір­неше маңызды құжаттың заңды жалға­сындай. «Мәңгілік Ел» идеясымен жалға­сып, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасымен қабысып жатқан стра­тегиялық құжаттың орын­да­луына қай-қайсысымыз да бей-жай қарамауымыз тиіс.

Биылғы Жолдау миллиондаған қара­пайым адамдарының күнбе-күнгі мәсе­ле­лерін шешуге бағытталған. Бұл бағыт­тар қазақстандықтардың өмір сапасын жақ­сар­туға септігін тигізері сөзсіз.

Тыңдар құлақ, ұғар жүрек болса, Жол­дауда айтылмаған сөз қалған жоқ. Елбасы атап айтқандай, енді барлығы Үкімет пен жергілікті билік органда­рының бұл міндет­терді қалай орындай­тынына, бұл жұмыстың қалай ұйымдас­тырылатынына байланысты болмақ.

Жолдауда айтылған міндеттердің толық­тай іске асуына мемлекетіміздің мүмкіндігі жетеді. Тек, айрандай ұйыған берекемізді сақтап, бұрынғыдан да ынтымақтаса түсуіміз, ел болып еңбек етуіміз керек.

Біз, яғни аға ұрпақ ел тарихындағы зама­на толқындарын көзбен көріп, жүрек­пен сезе отырып, үлкеніміз бар, кішіміз бар, мемлекеттік немесе мемле­кеттік емес ұйым­дар, «Нұр Отан» пар­тия­сының мүшелері Елбасымыздың Жолдауын қолдап, халық арасында наси­хаттап, атқаратын жұмыс­тардың орын­далуына өз үлесімізді қосуы­мыз керек.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *