Мемлекеттің көздегені – ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу

Бес ай бойына Алматыдағы барлық мешіт жамағаты арасында қызу да тартысты өткен футбол лигасы өз мәресіне жетіп, сыйлықтар иесін тапты.

Әсел ДАҒЖАН

341 команданың делебесін қоздырған жарыстың ақтық сынына 8 команда өткен еді. Яғни Алатау ауданынан Көкқайнар, Алмалы ауданынан Төле би, Бостандық ауданынан Бақыткелді, Əуезов ауданынан Музаммиль, Жетісу ауданынан Əли-Мұхаммед, Медеу ауданынан Нұрлы, Наурызбай-дан Əбу-Бәкр, Түрксіб ауданынан «Қайрат» мешіттерінің командасы жарысты.
Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқарманың қолдауымен «Асыл мұра» бағдарламасы аясында өткен спорттық шараның көздеген мақсаты – жастарды, мешітке келуші жамағатты салауатты өмір салтына, белсенді өмір сүруге шақыру. Өйткені, рухани ғана емес, физикалық тұрғыдан да мықты адамның қай кезде де өмірге деген белсенділігі алда тұратыны белгілі.  Шыныққан адам түрлі ауру, темекі, арақ, есірткі немесе жат ағымның арбауына еріп кету деген сияқты түрлі зияндылардың алдында осалдық танытпайды. Әрі дені сау жастар дегеніміз дені сау ұрпақтың кепілі, ұлт болашағының жемісі.

Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының бұл шараны ұйымдастырғандағы тағы бір мақсаты – жат діни ағымның жетегінде жүрген жерлестерімізді Отанын, елін, жерін, ұлтын сүюге шақыру. Шара барысында имамдардың, дәстүрлі дінімізде жүрген жамағатын жат діннің ерушілеріне үлгі ретінде көрсету, солармен көбірек сұхбаттасып, өз дінімізге оралуына әсер ету де көзделген.

Сондықтан жоғарыда сөз еткен «Асыл мұра» бағдарламасы футбол жарысын осымен екінші жыл ұйымдастырып отыр. Мешіттер арасындағы бұқаралық спортты дамытуға арналған, үкімет алдында арнайы қорғалған бағдарламаны қалалық Дін істері жөніндегі басқарма қаржыландыруда.

Өзара тартысты əрі қызықты өткен спорт мерекесінде I орынды «Нұрлы» мешітінің командасы жеңіп алып, 1 млн. теңгені қанжығаларына байлады. II орын иеленген «Музаммиль» мешітінің командасы велосипедтермен қаруланса, III орынды «Əли-Мұхаммед» мешітінің командасы иеленіп, арнайы спорттық сыйлықтармен марапатталды. Шара кезінде Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Есенбеков жəне Алматы қаласы Орталық мешітінің бас имамы Еркінбек Шоқаев құттықтау сөз сөйлеп, жеңімпаздарға марапаттарын табыс етті.

  • Ойын әділ, өте қызықты және тартысты өтті. Мемлекетпен мешіттің көздеген мақсаты біреу ғана – арақ, темекі, есірткі сияқты жаман әдеттерден аулақ, дені сау, мықты ұрпақ тәрбиелеу. Өткен жылы да осы футбол ойындарына қатысып, финалға жете алмай қалғанбыз. Биыл бірінші орын алғанымызға аздап сене алмай тұрмыз. Бұл ойын көп адамның спортпен тұрақты айналысуына жақсы серпін берді, – деді жеңімпаз Нұрлы мешітінің бас имамы Қылышбек Ормантаев!

Былтыр Алмалы ауданына қарасты «Төле би» мешіті лига чемпионы атанса, биыл Медеу ауданының футбол командасының асығы алшасынан түсті.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *