Мемлекет өз азаматтарының қауіпсіздігіне жауапты

Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен «Тастақ» ықшамауданында орналасқан «Төле би» мешітінің жамағатына арнайы түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, ақпараттық парақшалар таратылды.

Ұйымдастырушылардың бұл Төле би мешітінің аумағын таңдауы да кездейсоқ емес. Қаланың орталығынан орын тепкен мешітке Халықаралық «Сайран» автовокзалына келіп-кетіп жатқан жолаушылар нөпірі, «Тастақ» базарының саудагерлері, жақын маңдағы мекемелердің қызметкерлері мен студенттердің өзі жұма күні жұма намазға көптеп жиналады. Тіпті, «жат ағым өкілдерінен болуы мүмкін» деп күдіктелетін азаматтар да осы мешітке жиі бас сұғады. Сондықтан қалалық Дін істері жөніндегі басқармасының мамандары «Сайран автовокзалынан түсіп, жұма намазға мешітке кірген алыс-жақын шетелдік азаматтар болсын, бұл мемлекеттің зайырлы екендігін, мұндағы әрбір мешіт, шіркеу тек заң аясында ғана жұмыс істейтінін, бұл елдегі діни мәселенің бәрі заңдық тұрғыдан шешілетінін білуі тиіс. Мемлекет өз азаматтарының қауіпсіздігіне жауапты екендігін, сол мақсатта оларды деструктивті ағымдардың арбауынан сақтау үшін жұмыс істейтіндігін білуі тиіс» дейді.

Мемлекеттің дін саласына қатысты саясаты, зайырлылық қағидалары, елімізде тыйым салынған діни ұйымдар, шет елден теологиялық білім алудың қажеттігі жоқ екендігі туралы және өзге де өзекті мәселелерді қамтыған ақпараттық-түсіндіру жұмысын Дін істері жөніндегі басқарманың ақпараттық-талдау бөлімінің басшысы Самат Қабылбеков жүргізіп отырды. Одан бөлек, Ішкі саясат басқармасының мониторинг және талдау орталығы директорының орынбасары Нұрболат Айекешов, дінтанушы Бағдат Бейсенов, заң ғылымының Phd докторы Ақынқожа Жәнібеков, дінтану магистрі Бердімұрат Бекболат, дінтану магистрі Нұржан Абдуллаев мешітке жұма намаз оқуға жиналған қауымның сауалдарына жауап беріп, мектеп оқушыларының неліктен мектепке орамалмен келуіне және мемлекеттік қызметкерлердің неліктен жұмыс орнында намаз оқуына болмайтындығын түсіндіріп берді.

3000-нан аса адам жиналған іс-шара кезінде жамағатты экстремизм мен терроризм қаупінен сақтандыратын ақпараттық парақшалар таратылды. Айта кетейік, Дін істері жөніндегі басқармасына қарайтын ақпараттық-түсіндіру тобы жыл басынан бері халық арасында белсенді түрде діни мәселеге байланысты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Сол топтың жұмысы жайлы қалалық Дін істері жөніндегі басқармасының ақпараттық-талдау бөлімінің басшысы Самат Қабылбеков бізбен аз-кем ақпаратпен бөліскен еді.

2016-2017 жылдары қала бойынша ақпараттық-түсіндіру және алдын алу жұмыстарын жүргізу үшін бас-аяғы тоғыз ақпараттық-түсіндіру тобы болатын. Биылдан бастап сол топтардың ішіндегі ең үздік дінтанушы, теолог, философ, заңгер, психолог дейсіз бе, өз саласының мықты профессорларын іріктеп, бір топ қана құрдық. Атаулы топты құрудағы мақсатымыз – ең үздік мамандардың сапалы жұмысын үйлестіру. Сол сапалы топтың күшімен биыл Дін істері жөніндегі басқармасы 100 мыңнан аса адамды қамтитын 600-ден аса іс-шара өткізуді жоспарлап қойдық. Бүгінгі күні сол жоспардың жартысынан көбін іске асырып, 50 мың адамды қамтыған 400-ге жуық шараны өткізіп үлгердік, – деді С.Қабылбеков.

Түрлі сала мамандарының басын қосқан ақпараттық-түсіндіру тобының биылғы жылға қойған мақсаттарының бірі – халықтың ұйымдаспаған тобы, яғни мешіт жамағаты, қала ішіндегі үлкен базарлар, құрылыс алаңдарындағы жұмысшылар секілді халықтың барлық санаттағы азаматтарын қамти отырып, оларға мемлекеттің дін саласындағы саясатының мәнін түсіндіріп, деструктивті ағымдардың идеологиясынан сақтандыруды көздейді. Аталған топ білім ордалары мен жоғары оқу орнының студенттері, денсаулық сақтау мекемелерінің мамандарын да  назардан тыс қалдырған емес.

Әсел ДАҒЖАН

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *