Мемлекет пен діни бірлестіктер қарым-қатынасының үлгілері

Қазіргі әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың, соның ішінде құқықтану мен дінтану ғылымының күрделі категорияларының бірі – зайырлылық. Зайырлыдық принципі көптеген елдердің құқықтық мемлекет ретінде қалыптасып, әрекет етуінің басты принциптерінің бірі. Соған қарамастан зайырлылық жан-жақты толық анықталмаған ұғым. Осы ұғымның мазмұндық мағынасының айқындалмағаны әртүрлі пікір-таластарға әкеп соғады. Біз қарастырып отырған мәселе төңірегінде «зайырлылық» пен «дінилік» ұғымдарының арақатынасы маңызды. Ресей зерттеушісі И.В. Понкин атап көрсеткендей, зайырлылық термині мемлекет пен діни бірлестіктер арақатынасына қатысты көп қолданылады. Мемлекеттің зайырлы сипаты, мемлекеттік және муниципалдық білім берудің зайырлы мазмұны туралы қоғамдық және ғылыми пікір-таластар қарама-қарсы көзқарастардың бар екенін көрсетеді. Біреулер зайырлылықты мемлекеттің діннен бөлінгенін, соған сай мемлекеттік қызмет пен білім берудің діни нышандар мен мазмұннан еркін екенін алға тартады. Басқалары зайырлылықты азаматтардың конституциялық құқықтарын, соның ішінде діни бостандықтарын қамтамасыз ету ретінде бағалайды. Мемлекеттің зайырлы сипатын түсіндірудегі осындай алуан түрлілік зайырлылық ұғымының сырт қарағандағы анықтылығының түптеп келгенде соншалықты күрделі екенін аңғартады. Біз зайырлылықтың күрделі ұғым екенін ескере отырып, оны бірнеше аспектіде қарастыруға болатынын алға тартамыз. Дүниетанымдық тұрғыдан, зайырлылық діни дүниетанымнан өзгеше принциптер мен ұстанымдарға негізделетін көзқарастар жүйесі. Бұл тұрғыда зайырлы дүниетанымның қалыптасуында ғылыми білімдер жүйесі маңызды рөл атқаруы мүмкін. Алайда, ғылыми таным зайырлы дүниетанымның маңызды элементі болғанымен, оның мазмұнын толық қамтымайды. Екіншіден, зайырлылық ерекше құндылықтар жүйесі ретінде де қарастылуы мүмкін. Зайырлылық мәдени құндылықты феномен ретінде ойлау мәнері мен машықтарынан бастап киім үлгілеріне дейінгі мәдени феномендерді қамтиды. Үшінші саяси-құқықтық тұрғыдан, зайырлылық мемлекеттік басқару мен әлеуметтік қатынастарды реттеудің діни құқық нормаларынан ажыратылғанын білдіреді. Мемлекеттің зайырлы сипаты оның діннен ажыратылғанымен ғана емес, атеистік және өзге дүниетанымның басымдылығын мойындамайтынымен де сипатталады.
Қазіргі әлемдік тәжірибеде мемлекет пен дін қарым-қатынасының екі типі кең таралған. Біріншісіне сәйкес, мемлекет діннен ажыратылған, екіншісінде мемлекеттегі белгілі бір дінге (дәлірек айтсақ, конфессияға немесе діни ұйымға) басымдылық немесе мемлекеттік мәртебе беріледі. Мемлекеттік мәртебесіне ие болған дінге (конфессияға немесе діни ұйым) бірқатар ерекшеліктер тән.
Діннің мемлекеттен ажыратылған сипатына сәйкес, мемлекет дін істеріне араласудан бас тартады. Барлық діндер мемлекетте тең құқылы және олардың бәріне бірдей талаптар қойылады. Мемлекеттік органдар діни бірлестіктердің ішкі ісіне араласпайды (заң бұзылмаған жағдайда), өз кезегінде діни бірлестіктер мемлекеттік қызметтерді атқармайды. Конфессиялық ерекшеліктер мемлекет тарапынан көмек немесе қолдау көрсетуге негіз болып табылмайды. Мұндай қатынас түрін сепарационалдық деп атайды. Ресей зерттеушілерінің пайымдауынша, бұл қатынас түрі АҚШ-тың заңнамаларында баянды көрініс тапқан.
Діни қатынастарды құқықтық реттеудің екінші түрі Еуропа елдерінде кең таралған. Оны дифференциациялық түрі деп атайды. Бұл мемлекеттің діни бірлестіктерге қатынасының әртүрлілігін қамтиды. Еуропалық үлгіде адамның наным-сенім бостандықтарына шектеу қойылмайды, алайда мемлекеттегі діни бірлестіктердің мәртебесі бірдей емес. Оны реттеудің дифференциациялық түрі мемлекет пен конфессиялық қарым-қатынастың кооперациялық үлгісінің қалыптасуына негіз болады. Зерттеушілер осы үлгінің аясында діни бірлестіктердің құқықтық қалпының үш түрі болатынын атап көрсетеді. Олар: мемлекеттік конфессия мәртебесі, келісімді (консенсуалды) мәртебе және ресми танылған конфессия мәртебесі.
Қазіргі уақытта мемлекеттік дін мәртебесі тек бірнеше Еуропа елдерінде ғана сақталып қалды. Мемлекет пен конфессиялық қарым-қатынастың кооперациялық үлгісіне сай мемлекет пен діни бірлестіктер екі жақты келісімшарт негізінде өзара әрекеттеседі. Бұл келісімшартта тараптардың барлық құқықтары мен міндеттері белгіленеді. Осындай келісімшарт негізінде діни бірлестіктердің қоғамдық қатынастарға араласуының құқықтық ауқымы анықталады.
Мемлекет пен конфессиялық қарым-қатынастың кооперациялық үлгісінің тағы бір көрінісі ресми танылған (дәстүрлі) дін мәртебесін беру. Белгілі бір конфессияны дәстүрлі деп тану оның осы елді мекендейтін халықтың рухани өміріндегі тарихи-мәдени маңызын мойындаумен байланысты.

Затов Қ.А. философия ғылымының докторы, Нұр-Мүбәрак Қазақстан-Египет ислам мәдениеті университетінің профессоры

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *