МЕМЛЕКЕТ МҮДДЕСІ ЖЕКЕ МҮДДЕДЕН ЖОҒАРЫ ТҰРУЫ ТИІС

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл  –  еліміздің  бүгінгі күрделі мәселесі. Бұл әлеуметтік қасірет  саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық елді қатты алаңдатуда. Сыбайлас жемқорлық,  бұл – мемлекеттік міндетті атқаратын қызметшінің, сондай-ақ, оған теңестірілген адамның лауазымдық өкілеттігін пайдалана келе, жеке өзі не делдал арқылы заңда көзделмеген мүліктік игілік пен артықшылықты алуы. Елімізде “Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы”, “Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы” заңдардың қабылдануы,   мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодексінің  бекітілуі азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғап, оларды сыбайлас жемқорлық көрінісінен туындайтын қауіп-қатерден сақтандыруда.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды одан әрмен жалғастыру үшін Мемлекет басшысы 2009 жылдың 22 сәуірінде №793 «Қазақстан Респуб­ликасында қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және құқық қорғау қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі қосымша шаралар туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Осыған орай, мемлекеттік органдарда  сыбайлас жемқорлық жасау тәуекелі жоғары лауазымдар тізбесі айқындалып, сондай лауазымға орналасу мен онда қызмет ету үшін неғұрлым жоғары талап белгіленді. Бұл мемлекеттік қызметшілер корпусын халық пен мемлекет мүддесін өз мүддесінен жоғары қоятын лайықты азаматтармен жасақтауға мүмкіндік береді. Бұл ретте, осындай лауазымдағы тұлғаларға қатысты арнаулы тексеру жүргізіледі. Тексеруден өтпеген тұлға мемлекеттік қызметтен босатылуы тиіс.

Мемлекеттік қызметші мен бұрын мемлекеттік қызмет атқарған адамдар туралы бірыңғай электронды дерекқор жасау мемлекеттік қызметке үміткерді сапалы түрде іріктеп, жоғары лауазымға ұсынуға мүмкіндік беріп қана қоймай, іскерлік бет-бейнесіне дақ түскен адамның қызметке орналасуына да айтарлықтай тосқауыл болады. Бұл Жарлық – еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды  арттыру бағытында жасалып жатқан жұмыстың батыл қадамы.

 

Асқар ӘЛІМБАЕВ,

Алматы қалалық Әділет департаменті

жылжымайтын мүлікке құқықты

тіркеу бөлімінің бас маманы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *