МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ МЕГАПОЛИСТІҢ ЖҰМЫС БАРЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Аналар орталығы көпбалалы аналарды қабылдауға дайын

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға өмірлік маңызды сұрақтар бойынша кеңес беретін әрі «бір терезе» қағидасымен жұмыс істейтін еліміздегі тұңғыш «Бақытты отбасы» атты Аналар орталығында болып, жұмысымен танысты.

Әсел ДАҒЖАН

2 мамырдан бастап өз жұмысын бастайтын орталықтан кез-келген әйел тегін психологиялық, заңдық кеңес ала алады. Компьютерлік сауаттылықтан бастап түрлі курсқа жазылуларына болады.

Орталық әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың өмір сүру сапасын арт­тырып, олардың экономикалық дербес­тігін нығайту бағытында жұмыс істейді. Сол үшін мұнда көпбалалы аналар қызмет етеді.

Орталық мамандары аналарға қолданыстағы әлеуметтік бағдарламалар жайын түсіндіріп, қажет құжаттарды жинауға көмек беріп, сондай-ақ, психо­логиялық және заңдық кеңестер береді. Мамандардың айтуынша, негізгі мәселе аналардың көп ақпараттан хабарсыз­ды­ғында. Сондықтан «бір терезе» қағида­сымен  жұмыс істейтін орталық күніне 200-ге жуық ананы қабылдап, түрлі кеңестер беруге дайын.

Бүгінде шаһарда 14,5 мың көп­балалы отбасы болса, олардың бес мыңнан астамы әлеуметтік аз қам­тылған отбасы санатында. Елбасының тапсырмасы бойынша Алматыда көпбалалы аналарды әлеуметтік қолдаудың кешенді шаралары жүзеге асырылуда. Оның үшеуі республи­калық деңгейде болса, қалған 17-сі жергілікті деңгейде іске асырыла бастады.

Сондай-ақ, әлеуметтік аз қамтыл­ған отбасыларға қолдау көрсетіп, балаларға арналған киім мен аяқ киім және азық-түлік беретін бір жолғы сертификат, сонымен қатар, мүмкін­дігі шектеулі балалары бар ата-аналар мен балалардың тұрғын үйге бейім­делуіне көмек көрсететін «Бақытты отбасы» қоғамдық қоры жұмыс істеп келеді. 2 айға жуық уақыт ішінде қорға 131 миллион теңгеден астам қаржы жиналып, 1086 көпбалалы аз қамтылған отбасыға 46 миллион тең­генің материалдық көмегі көрсетілді. Аталған қорға күніне 50-60 адамға дейін көмек сұрап келетін көрінеді.

Ал 1 сәуірден бастап Атаулы әлеуметтік көмек алуға қала бойынша 23 мың адам өтініш білдірген. Оның 3,7 мыңнан астамы аз қамтылған көпбалалы отбасылардан түскен. Ол дегеніңіз, 18 мыңға жуық адам деген сөз. Осы күндері 923 отбасыға төлемақы беріле бастады.

20 наурыздан бастап мектеп оқушылары, жоғары оқу орындары мен колледж студенттерінің үздік оқитындарына стипендия берілуде. Алматыда аз қамтылған отбасылар­дың екінші баласы балабақшаға тегін барып жүр. Сондай-ақ, республика бойынша тұңғыш рет Алматыда «Бақытты отбасы» жеңілдетілген аймақтық тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Жақын күндері алғаш­қы 200 отбасы қоныс тойын той­ламақшы.

«Еңбек» бағдарламасы аясында кәсіби оқыту мен көпбалалы аналарды қайта оқыту, әлеуметтік жұмыс орындарына қызметке орналастыру көбейтіліп, қоғамдық жұмыстарға және жастар іс-тәжірибесіне 7 мыңға жуық адам тартылуда.

Айта кетейік, «Бақытты отбасы» Аналар орталығы Медеу ауданындағы Зенков көшесі, 15-үйде, Гоголь көше­сінің қиылысында орналасқан. Бұл орталық Алматыдағы 8 ауданда тұра­тын көпбалалы аналарға жан-жақты көмек көрсетіп, тағдырдың тауқы­метін тартып жүрген кез-келген анаға кеңес беріп, жол көрсетуге дайын.

Урбанистика орталығында Мемлекет басшысына қаладағы ірі инфрақұрылым жобаларының жүзеге асырылу барысы, оның ішінде шетелдік инвестициялар есебінен қолға алынған жобалар туралы баяндалды. Тарқата айтқанда, соңғы 3 жылда бұл бағытқа 5 миллиард доллардан астам инвестиция тартылған. Тек өткен жылы ғана инвестиция 10,5 пайызға, шетелдік инвестиция көлемі 17,6 пайызға өскені белгілі болып отыр.

Президентке сонымен бірге «Hyundaі Trans Kazakhstan» ЖШС зауытының жобасы да танысты­рылды. Зауыттың бірінші кезеңінің іске қосылуы осы жылдың желтоқсан айына жоспарланған. Жалпы инвес­тиция көлемі — 25 млрд. теңге. Осы арқылы Алматыда 700 тұрақты жұмыс орны ашылады. Кәсіпорынның қуат­тылығы — жылына 45 мың көлік. Өндірілетін автокөліктердің 50 пайы­зы жоспар бойынша ТМД елдеріне экспортталмақ. Мемлекет басшысы­на, сондай-ақ, «Falcon Euro Bus» ЖШС қызметі туралы мәлімет беріл­ді. 2018 жылдың қыркүйек айында Алматыда үшінші буындағы электр автобус­тарын өндіретін зауыт іске қосылған бола­тын. Инвестиция көле­мі 14 млрд. тең­гені құраған еді. Ор­таша жал­ақысы 250 мың теңге бола­тын 200 тұрақты жұмыс орны құрылды.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияның «Tokyo Rope Almaty» зауытының өнімдерімен та­нысты. Мұндағы жалпы инвестиция көлемі 3,7 млрд. теңгені құраған. 30 тұрақты жұмыс орны ашылып, өткен жылы өндіріс көлемі шамамен 1,7 млрд. теңгені түсірген. Бұған қоса, өнімдердің жартысы шет елге экс­портталғанын айта кету керек.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысына үлкен диаметрлі дәнекерленген спиральды құбыр өндіретін Қазақ­стандағы ірі «Эйжа Стил Пайп Кор­порейшн» компаниясының жұмысы таныстырылды. Қазіргі уақытта қазақ­стандық-қытайлық зауыт құрылыстың соңғы сатысында. Осы жылдың қыр­күйек айында зауытты іске қосу жос­пар­ланып отыр. Жалпы, инвестиция көлемі 40 млрд. теңгені құрайды. 300-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Мемлекет басшысына бұдан бөлек Алматыдағы көпір құрылысы зауы­ты­ның қызметі туралы баян етілді. Елба­сының бастамасымен жолға қойыл­ған «Нұрлы жол» бағдарлама­сы­ның арқа­сында зауыт жұмысын жан­дандыра түскен болатын. Соңғы 4 жыл­да өндіріске салынған жалпы инвестиция көлемі 2 миллиард тең­геден асқан. Бұл зауытта 200-ден астам адам тұрақты жұмысқа орналасқан.

Еңбек өнімділігі аталмыш зауыт­та биыл 12 млн. теңгені құрады. Өткен жы­лы өндіріс көлемі шама­мен  6,5  млрд. теңгеге жетіп, өнімнің 10 пайызы шет  елге экспортталған.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаевқа «BRB APK» ЖШС жылы­жай кешенінің жұмысы туралы да баян­далды. Жалпы, инвестиция көле­мі 7,8 млрд. теңгені құраған жоба ар­қылы оңтүстік астанада 150 жаңа жұ­мыс орыны ашылған. Өткен жылы өндіріс көлемі шамамен 7 453 тоннаны құра­ды. Ендігі кезекте 8 гектар алаңы бар жылыжай кешенін салу жоспар­ланып отыр. Аталмыш жобаға 8,4 млрд. теңге инвестицияланып, жұмыс орын­далса — тағы да жаңа 150 жұмыс орны ашылады.

Сонымен қатар, қазан айында Өнеркәсіптік аймақта «MПЗ БИЖАН» ЖШС ет өнімдерін шығаратын зауытты іске қосуды көздеуде. Жалпы, инвестиция көлемі 4,6 млрд. теңге. Жоба сәтті іске асса, 250 тұрақты жұмыс орны құрылады.

Мемлекет басшысы, сондай-ақ, «ЭФКО Алматы» ЖШС май және мұнай өнімдері зауытына кіріп шық­ты. Зауыт 2017 жылдың 26 жел­тоқ­санында іске қосылған. Жалпы, ин­вес­тиция көлемі 10,9 млрд. теңгені құраған. Бүгінгі таңда компанияда 489 адам жұмыс істейді. Өткен жылы өндіріс көлемі шамамен 55,308 тон­наны құрап, экспортқа жалпы өнімнің 47 пайызы шығарылған.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа сапары барысында «Казлеппром-Алматы» ЖШС киім-кешек зауытының қыз­меті туралы да  баяндама жасалды. Жалпы, инвестиция 2,5 млрд. теңгелік жоба 450 тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берген. Өткен жылы өндіріс көлемі шамамен 1,2 млрд. теңгеге жетіпті. Зауыт алдағы уақытта тігін бұйымдарын және мектеп киімін киетін киімдерді тігуді, теріні түбегейлі өңдеуді жоспарлап отыр.

Алматыда Мемлекет басшысы бірқатар әлеуметтік және мәдени нысандарды да аралады. Сапар бары­сында Мемлекет басшысы қоғам өкілдерімен, көпбалалы аналармен және жастармен кездесті.

Сонымен қатар, Мемлекет бас­шысы Қазақстан халқы бірлігі күніне арналған мерекелік шараларға қатысады.

«ҚазАқпарат».

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *