«МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» АКЦИЯСЫ БАСТАЛДЫ

Рая ЕСКЕНДІР

Биыл «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясына 11 жыл толып отыр. Осыған орай, Орталық коммуни­кациялар қызметінде акцияның басталуына арналған баспасөз конференциясы өтті. Оның жұмысына Қазақстан Республика­сының Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Нұрбек Оршубеков, «Нұр Отан» партиясы орталық аппаратының ұйымдас­тыру және аумақтармен жұмысы департа­менті директорының орынбасары Сақтаған Сәдуақасов, Астана қаласы Білім басқар­масы басшысының орынбасары Дулат Жекебаев қатысты.

Еліміз бойынша бастау алған қайырым мен мейірімге толы бұл іс-шараның арқасында мыңдаған бала қолына қалам алып, қара таныды. Өзі сияқты балақай­лармен қатарласып мектеп партасына отырды, сөмкесі сабаққа қажетті құрал-жаб­дыққа толды. Осынау он жылға көз салсаңыз, 2 миллионнан астам балаға жалпы сомасы 7,9 миллиард теңгеден астам көмек пен қолдау көрсетілген екен. Бұл қайырымдылыққа толы шараға мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар және акционерлік қоғамдар, жүрегі жұмсақ қарапайым жандардың өздері де белсене атсалысады.

Басқосуда сөз алған Нұрбек Оршубеков еліміз бойынша 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында «Мектепке жол» акциясының басталғанын жариялады. Өз сөзінде он жыл ішінде 2 миллион 600 мыңнан астам  балаға жалпы сомасы 17 миллиард 800 миллион теңгеден астам материалдық көмектің көрсетілгенін айтып, жыл сайын қолы ашық, Атымтай жомарттардың қатарының артып келе жатқанына тоқталды:

–       Осы мүмкіндікті пайдаланып, орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға, «Нұр Отан» партиясына, діни ұйымдарға, демеушілерге жыл сайын республикалық масштабындағы осындай беделді миссияға қатысқаны үшін алғыс білдіргім келеді. Барлық демеушілерге үлкен алғысымды білдіремін. Сіздің көмегіңіз – мемлекеттің және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін қалыптасты­руға және мұқтаж балаларға нақты қолдау көрсетуге баға жетпес үлес.Сіздердің игі істеріңіз еліміздің басқа азаматтарына үлгі болатынына сенімдімін. Биыл акция аясында білім беру органдары мен ұйым­дары тамыз-қыркүйек айларында бірқатар іс-шараларды өткізеді. Біріншіден, әрбір елді мекенде, қала маңындағы саяжайларда, бөлімдерде, фермаларда «тәуекел тобын­дағы» (қадағалаусыз және панасыз балалар, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан балалар және мигранттар, қайыр­шы балалар, далада жұмыс істейтін балалар және т.б.) балаларды анықтау үшін рейд жүргізіледі. Екіншіден, рейдтердің қоры­тындысы бойынша «тәуекел тобындағы», отбасылардан шыққан және әлеуметтік көмекке мұқтаж балалардың персоналды тізімдері жасалып, білім беру органдарына және  демеушілерге  беріледі.Үшіншіден, акция кезеңінде білім беру мекемелері мен ұйымдарында сенім телефондары мен қоғамдық қабылдаулардың үзіліссіз жұмысы ұйымдастырылады. Ірі сауда орталықтарында гуманитарлық көмек пункттері орнатылады. Мұқтаж жандарға, сондай-ақ, демеушілік көмек көрсетуді қалайтын кез-келген адамдар ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілеттігінің «111» ұлттық байланыс орталығына немесе Бала­лардың құқықтарын қорғау комитетінің 74-25-28 сенім телефонына хабарласуға болады. Қажетті ақпаратты Комитеттің www.bala-qqk.gov.kz веб-сайтынан алуға болады. Бүгінгі күні жергілікті билік органдары көмекке мұқтаж балалардың тізімін дайындады. Бұл шамамен 323 мың бала, бірақ тізімдер ата-аналардан өтініш­терді қабылдау арқылы толықтырылады. «Мектепке жол» акциясы 30 қыркүйекке дейін жалғасады және бәріміз де оған белсенді қатысуға мүмкіндік бар. Жергілік­ті атқарушы органдардың назарын аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар­ды мектепке қауіпсіз тасымалдауды және қауіпсіз тамақтануды қамтамасыз ету бойынша шараларды қабылдау қажеттілі­гіне аударғым келеді.

Еліміздің ертеңі болатын балалар бүгін көмекке зәру болса, қол ұшын созып, қолдау көрсетейік!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *