МЕКТЕП ЖАНЫНДАҒЫ ЛАГЕРДЕ

1106қыздар кесте тігіп, ұлдар қазақтың қолөнерімен айналысады

Жас ұрпаққа деген қамқорлық, өскелең ұрпаққа деген өнеге биік мінберлерден айтылып қоймай, іс жүзінде атқарылуы тиіс. Тек, сонда ғана жас жүректің лүпілін  шынайы сезінуге болады. Сонда ғана жас жеткіншек үлкендердің, қоғам мен мемлекеттің өзіне деген жанашырлығын сезініп, ақжелкен-арманын қияға самғатады. Мына қоғамда «Жақсы дүниенің бәрі алдымен балаларға арналуы қажет» деген қанатты сөз бекерге айтылмаса керек.

1 маусымнан республикалық кең ауқымды «Біз – бақытты баламыз» атты шара аясында Алматы облысы, Қарасай ауданы, мектепке дейінгі мекемесі қамтылған Абай ауылындағы орта мектебі жанында бастауыш сынып оқушыларына арналған «Ақбота» жазғы лагері жұмысын бастап кетті. Саусақпен санаулы каникул күндерін қоспағанда, балалардың сегіз айдай сабақпен бас қатырғаны ескеріліп, олардың көңіл-күйін жадырататын ойын түрлері ойластырылған. Ұлттық спорттың балаларға бағытталған түрлері балғындардың қызығушылығын арттыруда.

Осындайда психолог-маманның кеңесі керек. Мектепте бұл жағы да қарастырылған. Өйткені, басқаны алдасаң да, балаларды алдай алмайсың. Бүлдіршіндер өте сезімтал келеді. Балдырғандардың бой сергектігінің ой сергектігімен ұштасуы жаңа оқу жылындағы жетістіктің бастауы болмақ.

Мектеп жанындағы лагердегі қыз балалар қолдары қалт еткенде кесте тігіп, текеметтің түрлі ою-өрнегін әдіптеуде. Тіпті, балғындар аспаздық өнерден де құралақан емес екен, олар әзірлеген жеңіл салаттар дәмді боп шықты. Дене тәрбиесімен жиі шұғылданатын ұлдар жағы бірауық ойыннан соң қазақтың қолөнерімен айналысады. Оларға технология пәнінің мұғалімі қолұшын беруде.

Әрбір кезеңі екі аптаға созылатын жазғы демалыс лагері бес маусым істеп, тамыздың орта шенінде жұмысын тоқтатады. Осы аралықта балалар таза ауада тынығып, ауыл маңына экскурсияға шығады, өздері тұратын өлкенің табиғатымен кеңінен танысуға мүмкіндік алады.  Осылай, ой-өрісі кеңіп, денесі шыныққан шәкірттердің жаңа оқу жылына деген даярлығының тыңғылықты боларына сенімдіміз.

Райкүл САСАНОВА, Абай мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Абай ауылы, Қарасай ауданы, Алматы облысы. 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *