Мектеп – өмірде қандай тұлға болатынын айқындайтын өткел

 

«Мәңгілік ел – ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. Ол арман-әлем елдерімен терезесі тең қатынас құратын, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз Мемлекет атану еді. Ол арман-тұрмысы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді «Біз армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік Елдің іргетасын қаладық», – деді Н.Назарбаев өз Жолдауында.

Мемлекетіміздің ертеңі мен бүгіні өсіп келе жатқан жас ұрпаққа байланысты, ал сол ұрпақты тәрбиелеуші ұстаздар болып табылмақ. Әр мұғалім мәңгілік ел жасайтын бүгінгі ұрпақты дұрыс жолға бағыттап, өз елінің патриоты болып шығуы үшін бойларына үлкен жауапкершілік жүктейді. Оқушыларымыздың бойына ұлтымыздың асыл мұраларын, саф тілін, салт-дәстүрін, тарихын сіңіртуде ата-ана мен мектеп болып бірігіп жұмыс атқаруымыз қажет. Себебі, мектеп – өмірде қандай тұлға болаты­нын айқындайтын өткел. Мектеп қабырға­сында жүріп оқушы бойында қалыптасқан әдет-дағды бүкіл өмірге себепкер болады.

«Тарихын білмеген, халқының қадірін білмейді» деген. Өткендердің елеулі еңбегін білу, олардың арманын ары қарай жалғастыру – адамдық парыз ғана емес, бүгінгі жас ұрпақтың дамуының негізгі алғышарттарының бірі.

Тарихта ізін ойып қалдырған, қазақ кино өнерінің төлқұжатына айналған «Қыз Жібек» кинофильмінің режиссері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Қожықов Сұлтан-Ахмет Қоңырқожаұлының 95 жылдық үлкен мерейтойы біздің «С.А.Қожықов атындағы №39 мамандан­дырылған  лицей» ұжымының ұйымдастырылуымен 10 наурызда биік деңгейде аталып өтілді. Кешке туматаланттың түсірген көркем фильмінде бас рольдерді сомдаған белгілі әртістер, танымал өнер қайраткерлері мен арнайы кеш қонақтары шақырылды. Келушілер Сұлтан-Ахмет Қожықовтың өмір жолы мен шығармашылығын еске ала отырып, тарихи тұлғаның еңбектерін бүгінгі ұрпақтың жаңғыр­тып отырғанына дән риза болып, үлкен әсер алып қайтты.

Аталмыш мерейтойға орай, білім ордамызда  мектепшілік байқаулар ұйымдастырылып, игілікті іс-шаралар жүргізіліп және Сұлтан-Ахмет Қожықовтың мұражайын ашуына байланысты біршама жұмыс атқарылды. Мектеп режиссердің туындылары арқылы жас ұрпақтың шығармашылық қабілеттерін, эстети­калық талғамдарын, ұлттық болмысын қалып­тастыруда «Тұлға. Кино. Уақыт. атты сурет­шілер байқауын, «Кино – мәдениеттің айнасы» атты эссе байқауын, «Экран түзелмей, ұлт түзелмейді» атты бейнероликтер байқауын, «Кино – ұлттың бейнесі» атты сахналық қойылымдар байқауын, «Ұстазым, ата-анам және мен» эстафеталық жарысын ұйымдас­тырды. Байқауға барлық сынып оқушылары мен олардың ата-аналары да үлес қосып, атсалысты. Нәтижесінде спорттық жарыс жоғары дәрежеде өтіліп, ең жылдам саналған 5 «а» сыныбы 1-орынды иеленді. Үздік авторлық қойылым көрсеткен 5 «в» сыныбы 1-орынмен марапатталды. Қылқалам шеберлері 6 «б» сынып оқушысы Нарбаев Даниял, 5 «ә» сынып оқушысы Мақсат Наиля 1-орын иегерлері атанды. Ал «Кино – мәдениеттің айнасы» тақы­ры­бында эссе жазып, үздік шығарма жазған 9 «а» сыныбы Съезхан Айсұлу болды. Мектеп директоры мен орынбасарлары үлкен мерейтойда жеңімпаз­дарды салтанатты түрде құттықтап, арнайы «Сұлтан-Ахмет Қожықов» төсбелгілерін беріп, дипломдармен марапаттады.

Жан-дүниені рухани байытатын, өткен ғасырдың құнды мұрасы болып саналатын көркем дүниені өмірге әкелген дарын иесінің есімін бүгінгі жас ұрпақ ұмытпауы қажет. С.А.Қожықов қалдырған мұраны көзіміздің қарашығындай сақтап, оның есімін қайта жаң­ғыртып, өнегелі істерін ізімізді жалғастырушы ұрпаққа насихаттаймыз.

Алина ДИНАБЕКОВА,

C.А.Қожықов атындағы №39 мамандандырылған лицей қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *