МЕККЕ. ЖҰМА НАМАЗЫ. + 45 ГРАДУС

«Күн шуағы шашылған күндердің ең қайырлысы – жұма», – депті әз пайғамбар Мұхаммед (c.ғ.c.). Жұма – басқосу деген мағынаны білдіреді

Жұма – ұлық күн. Мекке – пайғамбарлар ізі қалған, күллі мұсылманның намазда бет түзей­тін Қағбасы бар қасиетті қала. Асылында Исламдағы көп­шілік­пен атқарылатын құлшы­лықтар (қажылық, айт, жұма, тарауық, күнделікті бес уақыт намаз, т.б.) бауырмалдыққа бастайды, бір­лікке жетелейді. Меккені жайла­ған жамағат жұма намазына таң намазынан бастап дайындалады. Тіпті, таңғы құл­шылықты өтеген жұрт сонда қалып, жұманы күтеді. Өйтпеске де болмайды. Себебі, әл-Харам мешітінің (Қағба тұрған орын) ауласы үлкен. Табаны­ңыздан тозып, кіріп-шығуға бір сағат уақытыңызды шығын­дайсыз. Намаздан шығып, қонақ­үйге жаяулатып жетем дегенше, келесі парыз намаз алдыңыздан «күтіп алады».

Біз де жамағатпен бірге әл-Харамға қарай бет алдық. Өзіне күннің қатты қызуын жинаған тас жолдан бетке ұрған ыстық леп кеңсірікті кептіріп жіберердей. Бұл да – Алланың мейірімі ғой. Ыстық ауа қажылық орындауға, дер кезінде бойдәрет алып, намаз өтеуге ыңғайлы. Құдайдың қарас­қаны дерсің. Әйтпесе, суық ауада қажылық рәсімдерін (Мина жа­зығында жату, Мұздалифада түнеу, т.б.) орындап көріңіз…

«Ата-ананың қадірін балалы болғанда білесің» дегеннің мәніне бұрын бойламайтынбыз. Балалық болар. Енді «өз еліңнің қадірін өзге жерге барғанда білесің» де­генді айтқымыз келіп отыр. Біздің Алматыдағы «Нұр Мүбәрак» университетіне келген араб ұстаздар: «Сендер Жер бетіндегі жәннат мекенде тұрасыңдар. Қыста қардың қызығын көресің­дер, көктем, жазда жаңбырдың рахатына бөленесіңдер, жерле­ріңде жемістің бәрі өседі», – деп таңданады. Осы сөз жолай ойға оралған соң тақырып арасына «тықпалап» жатқанымыз ғой.

Ойға шомып жатқанда ме­шітке де аңдап қалыппыз. Қа­жылық маусымында қызметке тартылған тәртіп сақшылары, жол полициясы келген мұсылман­дарды тек «қажы» деп ишарат жасайды. Құрмет білдіргені деп білеміз. Намаз уақытына бір жарым сағат бұрын барсақ та іште орын жоқ екен. Мешіт ауласында оқуға тура келді. Күн тас төбеде. Хадисте айтылғандай, әл-Харам мешітінде оқылған намаздың сауабы өзге мешітте оқылған намаздан 100 мың есе артық. Сауаптан құр қалсын ба? Күннің ыстығы, басқасы, қолайсыз жағ­дайлар мұндайда еленбейді. На­маз қабыл болса құп. Қал­ғанына шыдауға болады. Шы­даймын деп денсаулығы сыр беріп қалғандар да кездеседі.

Бір қызығы, әлгі тәртіп сақ­шылары айналасындағы адам­дардың басына арнайы құрыл­ғымен су бүркіп жүр. Сәл де болса салқындасын деген ниеті ғой. Сол ниеті үшін де ішің жылып қалады екен. Әйтпесе, бір-екі тамшы су 45 градус ыстықта не рөл ойнайды дерсіз.

Қасиетті жұма күніндегі жұма намазын осы қасиетті қала – Мек­­кеде өтеуді Алла бізге нәсіп етті. 45 градус ыстықта намаз өтеп, су тер болған жамағаттың құлшылығы қабыл болғай деп тілейміз.

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,

Мекке қаласы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *