Мекішевті ұмыттық-ау осы

Таяуда «Комсомольская правда» газетінен Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің 75 жыл­дығына орай бір мақала оқыдым. Тарих факультетінің ертеректегі бір студенті сол бір күндерді сағынышпен еске алыпты.

Мақалада ұстазымыз, тарих ғылымының кандидаты, өнертанушы Бақтажар Мекішев туралы да айтылыпты. Мен де сол бір көкірегі қазынаға толы ғажайып адамды сағынышпен еске алдым. Сағынатындай жан еді. Ол ұстаздық ете жүріп, КазГУ-де «Жеті муза» эстетикалық клубын басқарды. Осы клубтың атқарған жұмысы, біздің одан түйген  тағылымымыз зор болды. Осы клуб арқылы біздің жандүниеміз тазарды, эстетикалық көзқарасымыз толықты. Дүниеге сұлулықтың көзімен қарауға дағдыландық. Ондағы үздіксіз өтіп жататын кештерге баруға асығып тұратынбыз. Бүгінгі қазақтың мүйізі қарағайдай тұлғалы азаматтарының бұл клубқа қонақ болмағаны сирек шығар. Егер бүгінде осы клубтың тарихын зерттеп, арнайы айналысатын адам болса, мол рухани олжаға кенелері сөзсіз. Оның ең алдымен елдің мәдени-рухани тарихын тың мәліметтермен, қызықты деректермен толықтырары сөзсіз. Бұл клубтың беделді болғаны сондай, мұнда кездесулерге өзімізді былай қойғанда, М.Магомаев, Л.Зыкина, Э.Пьеха, М.Эсембаев, т.б. сол кездегі тек Одақ емес, дүние жүзіне танымал тұлғалар келетін. Олардан тек қолтаңба алып қоймай, керемет әңгімелерін тыңдап, суретке түсетінбіз.

Бұл кісінің тағы бір ерекшелігі – студенттерді қалада өтіп жататын мәдени шараларға үздіксіз апаратын. «Жеті музаның» өрісін кеңейтіп, ЖенПИ-ден «Қыз Жібек» эстетикалық клубын ашты. Әлгінде айтылған мақалада оның осы еңбегін атап көрсеткеніне разы болдым. Шынында да, бүгінде шәкірт үшін еңбегін бұлдамай, күн-түн демей уақытпен санаспайтын мұндай ұстаздар сирек білем. Бүгінде елге қызмет етіп жүрген азаматтар болса осындай ұстаздардың берген тәлім-тәрбиесінің арқасы. Ол қай сала маманы болмасын, өнерді, сұлулықты сүйіп, жандүниесі таза, жан-жақты жетілген маман болып өсуін ойлады. Бүгінде қоғамда жемқорлық кеулеп тұрған тұста мен сондай абзал адамдарды еске аламын. Сірә, солар ондай мектептен өтпегендей көрініп тұрады маған. Қазақ «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демеп пе еді. Егер қажет болса, нағыз ұстаз ата-анадан да ұлық. Осы тұрғыдан келгенде біз көбіне ұстаз алдындағы парызымызды толық сезіне бермейтін тәріздіміз. Әлгінде атынан ат үркетін тұлғалармен «Жеті музада» кездескенімізді еске алдым ғой. Керек болса, ондай міндетті кезінде мәдениет министр­лігінің өзі атқара алмайтын.

Несін айтасың, бір өзі бір университет еді ғой Бақтажар аға! Бүгінде аталмыш клубтар бар болса, сол кісіні неге еске алмайды? Рухы шат боп қалар еді ғой.

 

Қ.ӘДІЛ.  

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close