МЕГАПОЛИСТЕГІ «мини-автобустар»

– Ортаға өтеміз, ортаға! Ой, әпке жылжысаңызшы, орта бос қой…

– Әй, немене, автобусың «резеңке» ме еді? Енді қайда жылжимын?!

– Ортаға, апайлар, қыздар, ағайлар! Ор-та-ға! Мә-ә-ә, ортада билейтін орын бар ғой…

– Көп көпіре бермесеңші, сен бала, ей! Ине шаншар жер жоқ ортаңда, айналайын!

…Күндегі қырғын… Мен ғана ма десем, бәрі де ашулы әйтеуір. Дауыстары алыстан жаңғырады. Демек, бұл менің автобусым…

Кондуктор:

– Ой, мына қарындасты алып кетейік! Жүгіріңіз, қарындас, жүгіріңіз…

Асығып-үсігіп міндім. Ентігіп тұрмын, шашым алба-жұлба болып. «Міндім» деген жәй сөз, автобустың «табалдырығынан» атта­дым әйтеуір, мың аяқтың ішіне бір аяғымды қойып, қалың адам ішіне бір иығымды сұғып үлгердім. Сықыр-сықыр, шиқ-пиқ, дыр-дыр етіп автобус жүрді де кетті. Тағы да кондуктор:

– Қарындас, сәл… сә-ә-ә-әл жыл­жыңызшы, а? Бір аяқ?

– «Бір аяқ»? Аға, кешіріңіз, бірақ өзім бір аяғымды қайда қоярымды білмей, болмаған соң, қалтама салып тұрмын.

Автобус ішінде ду күлкі.

– Рас, әй, рас айтады бұл қыз. Шыны­мен де бір аяғымызды қоятын жер таппай екінші аяғымыздың үстіне қойып тұрмыз ғой, – деп толықтау келген қара торы, бетінде аздаған сепкілі бар, пұшық мұрны­ның үсті моншақ-моншақ тер болған 40–45 жастағы әйел менің тістене айтқан сөзім­ді іліп ала кетті. Үлкен де, жас та рахат­тана күліп алды. Құдай-ау, тағы да кондуктор:

– Тіліңіз бар екен, қарындас. Мат қылдыңыз ғой. Мә-ә-ә, қарындас, сонда да сә-ә-әл ғана жылжыңызшы?!

– Өй, аға, қоймадыңыз ғой тегі. Қарасаңшы, қанша адам тұрғанын?!

– Ойпырмай, қайтпайтын қыз екенсің!

– Аға, менің құлағымды біреу сізге мик­рофон деді ме? Дәл менің құлағыма айғай­лағаныңыз не? Даусыңыз неткен ащы еді?!

– Қарындас, сіз-ақ осы маған қадалып қоймадыңыз ғой. Енді қайда қарап айғай­лаймын? Сізден сұрайтын болдық қой.

– Аспанға!

Автобус іші лық толы. Бәрі бірдей тең­селіп келеді, автобус оңға бұрылса, бәріміз жапатармағай оңға қисаямыз, солға бұрылса, бәріміз бір кісідей солға барынша майысамыз. Күн деген суық. Жұрттың түрі әбіржулі, күлімсіреген кісіні табу қиын. Гу-гу әңгіме, бәрі бірге ел жағдайын ше­шіп, саясатты жілік-жілікке бөліп, шағып жатыр әйтеуір. Арамызда «мәңгүрттер» де бар, құлағына құлаққапты жабыстырып, жалпиып отырып, екі көзін өз-өзін қинап жұмып отырған. Тұрып тұрған егде ерлер қаншама?! Бізде ер адамға орын беру деген мотив әлі қалыптаспаған сыңайлы. Ақ сақалы, ақ шашымен тұрса да, көріп тұрып, бәзбіреулер селт етпейді де.

– Абая – Момышұлы бар ма? Абая – Момышұлы! Тә-ә-к, мен айттым, қазір түс қайта маңырап жүрмеңдер, е!  Кондуктор­мыз сондай мәдениетті иә? Енді қайтсін ол да!? Байғұс әтеш құсап «кукарекулайды» келіп «кукарейкулайды», «жоқ» деп есеп беріп қойғанда, «Ойбуй, аға-а-ай, өтіп кеттік пе не? Ойба-а-а-ай, байқамаппын ғой. Тоқтаңызшы осы жерден, – дейтіндер шығады ғой арамызда «арам-аңқаудың» образына еніп.

–       Түу, ағай, ары тұрыңызшы! Қысып тастадыңыз ғой, – деген бір қыздың қату даусы шықты.

–       Айналайын, мен немене, саған жабы­сайын деп жабысып тұр дейсің бе? Қысқым келіп қысып тұрмын ба, әлде? Артымда мені де адамдар қысып жатыр. Кіп-кішкентай болып сөзін қарашы бұның! Діңкілдейді ғой… Әкесінің автобусы құсап! Таксимен жүр онда, ә-ә-әкеңнің…

Қызда үн жоқ, «фуф» деп астыңғы ернімен маңдайындағы кекілін желп еткізді де, екі көзін алартып, тұрған орнында тұра берді. Енді жылжып кетейін десе, адам көп, қимылдау мүмкін емес. Мұнда біз тұрмыз «бір аяғымызды қалтамызға салып» қара терге түсіп, бір көкеміздің сырт киімінен өтіп кеткен қолтығының иісіне тұншығып. Көкемнің қолаңсы иісінен мен сияқты бойы кішкентайлар көзінің ақ-қарасы айна­лып, маңдайының екі шеті лүпілдеп, мына иістен көздері ашып, көзілдірігі сынып түсуге дайын тұр. Дәл қанатының астына түсіппіз біз де, Құдай ұрып. Басқасы басқа ашқарынға ана иіс дегенің енді… Жә, қойшы.

–       Арыстан базары. Бар ма?!

–       Б-а-а-а-р!

У-уф, екі адам түсетін болды. Осын­дайда қол ұстасқан ғашықтардың қолда­рын қос қолдап қысқың келеді ғой.

–       Түсеміз, базар!

–       Өтіп кетейікші. Өтіп кетейік. Брат, орын ауысайықшы. Жүрсейші, Жан, былжырамай! (Жан дегеніне бәле бар ма, «былжырамай» деген сөзден кейін).

–       Түу, түсе алмай жатырмыз ғой. Сумкам! Апай, сіздің шашыңызға сумкам ілініп қалды…

–       О-ой, Құдай-ай! Адам «өлім мен өмір арасында тұрғанда» сенің «сүмішкәң» да ілінетін жер тауыпты да, Құдайым-ай!

Қойшы, несін сұрайсыз, өйтіп-бөйтіп бүкіл автобус жабылып жүріп, екі адамды түсірдік. Хе, есесіне атпалдай-атпалдай төрт жігіт мінді. Ойпырмай, жаңа сыймай тұр едік, өлейін деп, ана төртеуі кондуктордың «жылжы-жылжысымен» сыйып кетті-ей. «Көңіл сыйса, бәрі сияды деген осы», – дейді кондуктор маған қарап.

–       Аяқ, ағай, аяқ! – деп шықты бас жақтан бір қыз шатынап.

–       Ойбай, кешіріңіз. Құлап бара жатып, байқамадым.

–       Төле би – Момышұлы! Бар ма, әлде жоқ па?

–       Ба-а-а-а-а-ар!

–       Асықпай, тез-тез түсеміз.

–       Оу, көке, ана қыздың аяғы-аяқ, менікі таяқ па? Басасыз,  тартып қоямын, тағы басасыз, тағы тартам. Аяғымнан ала алмай жүрген өшіңіз бар ма еді? – деп мен де ішкі эмоциямды шығара сөйледім, мимикамды өзгерте, қабағымды үйін-түйін қылып.

– Ойбуй, қарындас, бұл сенің аяғың ба еді?

– Жоқ, көке, менікі емес, өкіметтікі ғой, өкіметтікі.

– Сөзің өткір ғой. Қай жерден түсесің? Чөтә түрің таныс емес.

– Шахтан! Ша-а-а-ах! Осында тұрға­ныма 1 жылдың шамасындай болыпты. Әлі де «местная» деп саналмайтын шығармын, – деп жымидым. Қол деген ұйып қалды. Мінген кезде оң қолмен жоғарыдағы ұстағыштан ұстап едім, енді ауыстыруға мүмкіндік жоқ. Бір қолымда ноутбуктың сөмкесі мен қолымнан түспейтін қызыл пакет және «New Englіsh Fіle». Жаны ашып, қолымдағыны алайын деген бір адам жоқ. Өзім орын берген апайға жалтақ-жалтақ қараймын. Жанарымдағы «мұң­ды» ұқпады ғой деймін, ыңғай білдірмеді. Қол сынып барады. «А-а-а-л, халқым! Саған сен­дім!», – дедім де, қолымды жібере салдым да, бар байлығым – сөмкем мен кіта­бымды қос қолыммен құшақтай алдым. Мәссаған! Құламаймын. Оңға иілгенмен иіліп, солға құлағанға сүйеніп тұра бердім. Халқым үмітімді ақтады (әзіл-шыны аралас).

«Қайда келе жатыр екенбіз?» деген сұрақ миды жеп барады. Иістен тез құтылғым-ақ келеді. Көкеміздің түсер түрі жоқ. Терезеден сыртты көру мүмкін емес, адамның көптігі сонша, біз сияқты жастар терезеге сурет болып жабысып қалған. Құдай-ау, көптен күткен «Арена» аялда­ма­сына таяп қалдық. Аренадан кейін тағы бір «Сай» деген аялдама қалды. Жүрегім қуаныштан лүп-лүп етеді, бастысы көкем­нің қолтығының иісінен құтылатын болдым!

–       Қарындас, келіңіз, мұнда отырыңыз, – дейді маған шамамен 25-27 жастағы ағамыз. «Ертең айтпадың ба?» – дедім (ішімнен).

–       Рахмет! Түсіп барамын.

Бір күндік қоғамдық көліктегі қара қоғамның қайнаған тіршілігі осы, ағайын. Қашан бізде де кең автобустар жүріп, адамдар тұрып тұрса да, еркін тұрады екен, а? Қытайдың 34-35 адамдық автобу­сына 100-ден аса адамды тығады-ай келіп, «көте­рілеміз, көтерілеміз» деп тығады-ай! Қысы­луды қойшы, тұншығып өлетін болдық қой, тұн-шы-ғып! Жол болса бітті, үлкен автобустарды қоятын көкелер онда жоқ, халық көбейді. Бізді қойшы, байғұс оқушы­лар автобустан қалып, мына суық күнде келесі автобусты күтіп түнге қалып кетіп жатқан жәйі бар…

Оқиғаның қала ішіндегі қоғамдық көліктерге қатысы жоқ. Тек ықшамау­дандарға қатынайтын автобустағы болған жағдай. Қаладағы автобустар жап-жаңа, тап-таза, ұп-ұзын. Ішінде Wі-Fі да бар.

 

Жандос СЕРІКБАЕВ,

Анар АЙБАТ,

Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің 2-курс студенттері.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *