МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК КЕПІЛДЕНДІРІЛГЕН КӨЛЕМ АЯСЫНДА КӨРСЕТІЛЕДІ

«Алматы ақшамы» газетінің 2019 жылғы 2 қарашадағы №130-131(5794) санында жарияланған «Мүгедектердің мұңына кім құлақ асады?» атты мақалаға ШЖҚ «№1 қалалық клиникалық ауруханасы» МКК-ның медициналық директоры С.Пазиловтан жауап келді.

2019 жылғы 2 қарашада «Алматы ақшамы» газетінде жарияланған С.Қалма­ха­новтың «Мүгедектердің мұңына кім құлақ асады?» тақырыбындағы мақала­сында автор ШЖҚ «№1 қалалық клини­калық ауруханасы» МКК жеке мекеме болып табылатынын және ауруханада тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кірмейтін қызметтер, атап айтқанда физиотерапия қызметі ақылы негізде көрсетілетінін айтқан.

Алматы қаласы әкімдігінің 2018 жылғы 9 қарашадағы №4/526 «Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасы шаруашы­лық жүргізу құқығындағы №1 қалалық клиникалық ауруханасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнын кейіннен сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға беру туралы» қаулысы бойынша 2018 жылдың 27 қарашасында электрондық тендер өткізілді. Соның негізінде «Алматы қаласының мемлекеттік активтерін басқа­ру» КММ, «Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасы» КММ және «Smart Health Unіversіty Cіty» ЖШС арасында 2019 жылғы 30 қарашадағы №13 сенімгер­лік басқару туралы келісім-шарты жасал­ды. Сенімді басқару туралы келісім әділет органдарында тіркелді.

Алматы қаласы Денсаулық сақтау бас­қармасы шаруашылық жүргізу құқығын­дағы «№1 қалалық клиникалық ауруха­насы» мемлекеттік коммуналдық кәсіп­орны (бұдан әрі – аурухана) «Алматы қала­сының мемлекеттік активтерін басқару» КММ мен «Алматы қаласы Қоғамдық ден­саулық басқармасы» КММ арқылы 2019 жылғы 1 қаңтардағы қабылдау-беру актісі бойынша «Smart Health Unіversіty Cіty» ЖШС-нің сенімгерлік басқаруына берілді.

Азамат С.Қалмаханов жыл сайын портал бойынша ШЖҚ «№1 қалалық клиникалық ауруханасы» МКК-на емдеуге жатқызылады. Азамат ағымдағы жылы, атап айтқанда, 2019 жылдың 29 шілдесінен бастап 7 тамызына дейін неврология бөлімшесінде емдеуден өтті. Осы уақытта емделуші ШЖҚ «№1 қалалық клиникалық ауруханасы» МКК (30.11.2018 жылғы №13 келісім-шарт негізінде сенімгерлік басқаруындағы) «Smart Health Unіversіty Cіty» ЖШС-нің басқарма төрағасының қабылдауында екі рет болды. Қабылдауда азамат С.Қалмахановқа қойған талаптары туралы жан-жақты түсініктемелер берілді.

Бұған қарамастан азамат С.Қалмаха­нов «Алматы ақшамы» газетінің тілшісі Н.Байсақалды шақыртып, тілшінің қатысуымен «Smart Health Unіversіty Cіty» ЖШС-нің басқарма төрағасы Е.Қалиев­тың қабылдауында қайтадан болды. Мұнда ақысыз медициналық көмектің кепілденді­рілген көлемінің тізімі туралы толық ақпарат ұсынылды, сондай-ақ, азамат С.Қалмахановтың физиотерапевтикалық қызметтерді тегін алуға қойған талаптары тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кірмейтін қызметтер тізімінде екені түсіндірілді.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 15 желтоқсандағы №2136 «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесін бекіту туралы» қаулысына сәйкес, Алматы қаласы Қоғам­дық денсаулық басқармасы шаруашылық жүргізу құқығындағы «№1 қалалық кли­никалық ауруханасы» мемлекеттік ком­муналдық кәсіпорнындағы стационарлық медициналық көмек тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында көрсетіледі.

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізіміне кірмеген меди­циналық қызметтер тізімі ақылы негізде ұсынылады, сондықтан автордың айтқан­дары негізсіз болып тұр.

С.ПАЗИЛОВ,

ЖШС «Smart Health Unіversіty Cіty»

(№1 қалалық клиникалық ауруханасы)

медициналық директоры,

медицина ғылымының кандидаты.

PЕДАКЦИЯДАН: Тиісті орындағы жауапты басшыдан келген хат ауруханадағы барлық емдеу қызметтері заң аясында жүргізіліп жатқанын мәлімдейді. Бұл — дұрыс. Алайда, мәселе әріде жатқанын аңғару қажет деп ойлаймыз. Редакцияға емделушілердің ой-пікірін жолдаған С.Қалмаханов біздің еліміздегі заң бойынша көрсетілетін тегін медициналық қызметтердің аясына ем жасаудың көп бөлігі, соның ішінде физиотерапиялық емдеу түрлері де кіргізілсе деген жақсы ойды айтып отыр. Бұл, әрине ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан қолға алынатын мәселе деп ойлаймыз. Президент тапсырмасы бойынша әлеуметке тегін берілетін дәрі-дәрмектердің тізімі едәуір ұлғайғанын білеміз. Енде­ше, медициналық емдеу мекемелеріндегі тегін көрсетілетін емдік шаралардың тізімі де ұлға­йып, әлеуметтің қолжетімді дүниесіне айналатын болар деп сенеміз. Алдағы жылдан бастап елімізде МӘМС жүйесі енгізіледі, осыған орай медицина саласы әлеуметке жақын­дап, тегін жасалатын ем-шаралар көлемін ұлғайту мәселесі қолға алынады деп ойлаймыз. Осы ұсыныс Алматыдағы тиісті орындар тарапынан жоғарыға мәселе ретінде қойылса дейміз.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *