Медиация – келісімге келудің таптырмас кілті

Медиацияға ең көп жүгінетін елдің бірі – Ұлыбритания

Пенде болған соң арада ұрыс-керіс, дау-дамай болмай тұрмайды. Тарихқа көз жүгіртсек, халық арасындағы жер дауы, жесір дауы, мал дауы секілді дауларды қазақ билері шешкен. Яғни, қандай да болмасын күрделі мәселені немесе тоқсан ауыз сөздің түйінін екі жақты мәмілеге келтіру арқылы бітімгершілік жасаған. Сөйтіп, елдің бірлігі мен жердің тұтастығы сақталған. Бүгінгі «медиация» деген ұғым – дауды бітімгершілікке келу арқылы шешуді көздейді. Елбасы өзінің «Қазақстан – 2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында дау-дамайды соттан тыс реттеу институттарын дамытуға үлкен көңіл бөледі. Осы орайда 2011 жылы 28 қаңтарда Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңы қабылданып, 2011 жылдың 6 тамызында заңды күшіне енген болатын.
Жалпы, медиация деген терминнің біздің өмірімізге енгеніне де біраз уақыт болды. Оның үстіне елімізде сотқа жүгінетін адам көп. Алайда, халықтың көбі дау-жанжалды сотқа жеткізбей-ақ, медиацияның да көмегімен шешуге болатынын біле бермейді. Медиаторларды қайдан табуға болатынын, олардың алдына не мәселемен бару керектігін білмейтіндер де бар. Өйткені, бұл саланың насихаты аз. Медиацияның мақсаты – дауда екі тарапты қанағаттандыратын нұсқаға қол жеткізу, тараптардың дауласушылық деңгейін төмендету. Медиация – делдалдық ету, яғни тараптарды өзара келістіру тәсілі немесе бітімге келтірудің ізгілікті жолы. Ескеретін жәйт, медиация тәртібі – сотқа дейін де, кейін де жүре береді. Яғни, медиацияны іс жүргізу сатысының кез-келген сатыларында, осы мүмкіндікті пайдалануға болады. Медиация қылмыстық, әкімшілік, азаматтық істер бойынша да жүргізіледі. Сондай-ақ, медиация рәсімінде 5 қағида, яғни, еріктілік, тараптардың теңдігі, медиатордың тәуелсіздігі, медиация үрдісіне ешкімнің араласпауы, қүпиялылық сақталуы тиіс. Ол, ол ма, медиацияға жүгінген тараптар уақыты мен қаржысын да үнемдейді.
Жалпы, әлемдегі даулардың 75-80 пайызы медиацияға жүгініп, соңы келісім жасасумен аяқталады екен. Медиацияға ең көп жүгінетін елдің бірі – Ұлыбритания. Мұнда арнайы қоңырау шалу байланысы бар. Елдің кез-келген жерінен медиаторға азамат қоңырау шалып, өзінің дауын айтса, оған мамандардың тізімі беріледі. Егер тараптардың біреуі медиациадан бас тартса, ол соттағы бар шығындарды, тіпті, шешім оның жағында болса да өзі өтейді. Қытайда да 30 пайызға жуық даулар сотқа дейін шешіледі екен.
Қазіргі таңда мемлекетіміздегі ең маңызды мәселенің бірі – елдің бірлігі, татулығы, тыныштығы екені барша жұртқа белгілі. Сондықтан Елбасының халқымыздың тыныштығы мен татулығы және бірлігі үшін шығарылған Заңның тиімді жүзеге асып, оның жақсы нәтижесін дауласқан тараптар мен халықтың көретін мезгілі жетті.
Ж.А.БЕКЕНОВА,
Семей гарнизоны әскери сотының бас маманы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *