МЕДЕУГЕ ТАҒЗЫМ ЕТІП КЕЛЕ БЕРЕМ

Ол 1980 жылы студенттердің Алма­тыда өткен республикалық «Жігер» поэзия фестиваліне қатысқан. Оның сырлы сазды, әсем әуенді лирикалық өлеңдері 1981 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген сту­дент­тердің – «Темірқанат», 1984 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан жас таланттардың «Қарлығаш» ұжымдық жыр жинақтарына енген. Авар халқының жыршысы Магомед Әлиевтің «Қанат» атты өлең кітабын аудармашы ақын ағаларымен бірге қазақ оқырмандары үшін шебер тәржімалады («Жалын», Алматы, 1985). 2003 жылы «ҚазАқпарат» баспа корпора­циясынан басылып шыққан «Жанарым­дағы жаңбырлар» атты поэзия кітабын жыр сүйер қауымға ұсынды.

2003 жылы ол Алматы қаласындағы республикаға белгілі «ҚазАқпарат» баспа корпорациясынан жарық көрген «Жана­рымдағы жаңбырлар» өлеңдер жинағын,  2014 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша шыққан «Уақыттың алуан түсі» көлемді поэзия кітабын жыр сүйер қауымға ұсынды.

Бақытжан Абызов сонымен қатар, 2006 жылы айтулы «Аруна» баспасынан «Қазақ­стан балалар энциклопедиясы» сериясымен әсем безендіріліп жарық көрген «Қазақ хандығы» (ІІ бөлім) томы 2, 3-тарау­ларының көркем аудармасын мазмұнды жасады. Бұған қоса, осы жылы «Адамар» баспасынан шыққан «Ұлы дала мемлекет­тері» деп аталатын тарихи танымдық еңбекті әдеби өңдеп әзірлеуге атсалысты және 2010 жылы «Аруна» баспасынан орыс тілінде жарық көрген «Культура Казах­стана» атты энциклопедиялық анықтама­лықтың әдеби өңделуін орындауға атсалысты. Ол – қазіргі заманғы әдебиет, өнер, поэзия мәселелеріне қатысты бірқатар әдеби көркем мақала­лардың авторы. Сол сияқты, аты әлемге әйгілі америкалық әлеуметтанушы әрі саясаттанушы ғалым Самюель Филлипс Хантингтонның «Өркениеттер қақтығысы» (1996 ж.) деп аталатын еңбегін ана тілімізде жатық сөйлете білді.

Кезінде Бақытжан ақынның төл шығармашылығы хақында көрнекті қазақ сыншысы З.Серікқалиев («Темірқанат», 1981), талантты жазушы әрі аудармашы Қ.Қараманұлы («Қанат», 1986) және қазірде көпшілікке танымал сазгер, ән өнерінің елге танымал зерттеушісі және поэзия сыншысы Т.Шапай («Жұлдыз» журналы, №8, 1986) өздерінің ой-пікірлерін білдіріп, лайықты бағаларын  берген болатын.

 

Алматының ауа райы

Құйын бақтан үзіп алма,

Тұман жұтты тау арайын.

Бүгін тағы бұзылар ма,

Алматының ауа райы.

 

Тұтасқан бұлт жауады ақыр,

Жаңбыр иісі сезіледі.

Бір бұлт тауға бара жатыр,

Тағдырына кезігеді.

 

Қоюланып кеш түнегі,

Аспан әлі тұр түнеріп.

Тұншығып бір естіледі,

Көңілді жұп күлкілері.

 

Ән айтамын баяу ғана,

Көңілім қиян жақта, алыста.

Өтіп кетті аялдамай,

Сен түсетін автобустар.

 

Көтеремін қолшатырды,

Жүзімді аяп тамшылардан.

Түн қойнына жол шақырды,

Көкірегімді жаншып арман.

 

Алау жұлдыз жақты ол ұшқын,

Нәр алды жер кезенесі.

Сенсіз келген автобустың,

Жылап кетті терезесі!

 

Медеу шатқалы.

Жапандағы жалғыз үй

 

Ауаға сіңді аппақ кенен өлең,

Білмедім. Дегбір қашты неге менен?

Алатаудың меруерт көз алқасына –

Медеуге тағзым етіп келе берем.

 

Жөн сұрадыбіреулер – менен де ақыл,

Мен үшін айдын болып өлең жатыр.

Тау басынан қарадым, бас айналды,

Төменде оймақтай боп Медеу жатыр.

 

Армысың көк шыршалар, көгілдірім,

Майсасы сипар аттың еріндігін.

Мөлдір тұма, саф ауа, мұзарт шыңдар,

Сендерден қуат алар менің жырым.

 

Алатау асыл моншақ тағынғасын,

Жарқырап жатыр айдын-лағыл тасым.

Ат жетектеп төбенің етегінде,

Жолықты қарақат көз қарындасым.

 

Жылы ұшырап көзіме, сұрастым жөн,

Келеді екен аяңдап қыр астымен.

Жапандағы жалғыз үй, жалғыз қазақ,

Көрмедім мұңдай сабыр, шыдасты мен.

 

Тамылжыған табиғат, міне шабыт,

Бауырларым-қазағым бие сауып.

Отыр екен жасыл ну арасында,

Білегіне құрықты іле салып…

 

Медеуді базбіреулер бай деп жазды,

Жетісуда Медеулер сірә да аз-ды.

Бабамызға мың да бір рахмет,

Қалдырған жасыл жұмақ, әсем жазды.

 

Демалған соң кешқұрым кетеді жұрт,

Медеудің ұшар баста мекені – бұлт.

Жапандағы жалғыз үй. Сендерменен,

Ұлтымның рухы тұр көтеріліп!

 

Ауылдың  түні

 

Ауылдың түні томаға-тұйық,

Қойғандай жұтып айқайды.

Бие сүт – нұрды сабаға құйып,

Қап-қара түнек шайқайды.

 

Тораңғыл басы көлеңкемен,

Ақшағыл құмға тұр сіңіп.

Шолпан жұлдыз да сөнер төбеден,

Пердесін мақпал түн сырып.

 

Айдау жол бойы. Келемін жаяу.

Астана жақтан жол шегіп.

Абайдың айтқан өлеңіндей-ау –

«Қара түн жым-жырт… бол серік».

 

Ауылдың түні шаршапты,

қайтсін,

Желпиді жүзін жел жібек.

Жүгіріп сол жел сәлемімді

айтсын,

Ауылға балаң келді деп.

 

Хабаршы жел де сәлемімді айтты,

Сүйіншісін алып жөнеліп.

Ауылдың түні неге

мұңайтты,

Жаныма менің көп еріп?!

 

Өкпелер деп үй: күзде

келмеді,

Демалысым да аз – он күн.

Қап-қара түннен іздеген

мені,

Жап-жарық даусы әжемнің!

 

Уақыт туралы өлең

 

Уақыт әнін айтады,

Байып тұр шапақ қалада.

Ыңылдап мен де қайтамын,

Бесінші жатақханаға.

Ойымнан шықпай осы өлең,

Қайталап айтып жылындым.

Еңіске құйған көшемен,

Ақтым да, солға бұрылдым.

 

Бөлмеге келдім, торықтым,

Сырласып ымырт-бейуақпен.

Жападан-жалғыз қорықтым,

Қорқам деп бұрын ойлап па ем?

 

Қорқынышымды өлтірдім,

Бұрышқа қашып тығылған.

Шашынан сипап мен түннің,

Иіскеп тұрдым бұрымнан.

 

Ұқсайды көзі сол түннің,

Кешіне сырлы ағұстың.

Көшеде жүрген толқынның,

Дидары болып таныстың.

 

Автобустарым қайтады,

Терезелерін жылатып.

Кей-кейде өтірік айтады,

Мен ғашық болған уақыт…

 

Махаббат қайырмасы

 

Жердің беті нөсермен шайылғасын,

Өлең басып қалыпты қайың басың.

Шырқап кетіп барады бір сұлу қыз,

Менің махаббатымның қайырмасын.

 

Қыздың әні, жабырқау жаңбыр әні,

Су-су болып көшеде қалды бәрі.

Моншақ мұңды әнімнің қайырмасын,

Шаршап айтып жүрегім қарлығады.

 

Ән шырқалған әсем саз көшеге мен,

Келдім тағы… кім білсін, неше келем?

Кеш білгенім – өзімді жұбату ғой,

Естілмеді бүгінде кешегі өлең.

 

Ақ қайың, жапырағыңды сыбырлатпа,

Сыбыр көп қой өзіңе сыр ұрлатқан.

Іңкәр әнім іңірде дәл қасымнан,

Өтіп кетті қосылып бір ырғаққа.

 

Жазғырыңыз…

 

Жазғырыңыз, не десеңіз о деңіз,

Қар жаумай-ақ қыркүйекте түсер қыс.

Қаңтарға да шыбық егіп келеміз,

Өзім, сол қыз, махаббатым үшеуміз.

 

Өзіңізді осылайша байқаңыз,

Кездерінде көңілге күй сыймаған.

Біз әзірге үшеу болып қайтамыз,

Сезім жайлы кинодан.

 

Қарашы енді махаббаттың қырсығын,

Түк шықпады, кінәлісі мен деңіз.

Өзгеге емес, сізге айтар шын сырым –

Біреулердің ақылына сенбеңіз.

 

Көңілі қалып болып әбден боркемік,

Неде болса біледі өзі, жасқама.

Ойнап еді, бара жатыр өртеніп,

Жүрек деген жас бала!

 

Жайлаудағы  шілдехана

Толқын

ағады,

Сырдария

толқып  ағады.

Қызыл  күн

қызара сөніп,

Жанымда

өрті  қалады.

 

Неге

қалады?

Ымырттың

елең-алаңы.

Ақ  желкен

сағыныштарым,

Мына дарияға

кеме болады.

Болады

бәрі –

Судың  әуені.

Баланың  әні.

Су болған

бала кездегі,

Кепкен  жоқ

балағым  әлі.

 

Тамыз

аптабы,

Күйдірген егіс

аңызақтағы.

– Ауылға  қашан

жетеміз енді,

– Айтшы, аға,

жол ұзақ па әлі?

 

Тосылмай

ол  да:

– Келеміз, – дейді, –

қосылмай жолға.

Шілдеханаға  іліксек,

шіркін,

Киіз үй. Май  шам.

Жасыл жайлауға.

 

Тым  ыссы  лебі,

Кабинадағы менің

құрысты белім.

Ай  туа

алыстан  жеткен,

Сәбидің даусы.

Сосын тыныштық еді…

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *