МЕДЕУДЕГІ МОТОЖАРЫС

Алматыда өткен спидвейден Әлем чемпионатының финалына үздік 18 спортшы қатысты

Спидвей – мұздағы мотожарыс. Біраз үзілістен соң Алматыдағы оралған дүниежүзілік додада әлемнің үздік «мұз гладиаторлары» темір тұлпарларын тізгіндеп, жарысты тамашалауға 10 мыңға жуық спорт жанкүйерлері келді. Жекелей Әлем чемпионатының бірінші филиалы кезінде «рекордтар фабрикасы» атанған Алатаудың маржаны Медеу мұз айдынында өтті.

Нұрлан СҮЙІН

Спидвейден 2019 жылғы Әлем чем­пионаты жеті кезеңнен (2 іріктеу, 5 финалдық) тұрады. Әлемдік доданың бірінші финалы Қазақстанда өтсе, екінші кезеңі Ресейде, одан кейінгі кезеңдер Германияда, Голландияда өтеді.

Медеуде 2-3 ақпан күндері өткен Әлем чемпионатының бірінші филиалы Халықаралық мотоцикл федерация­сының (FІM) әлемдік жарыстар күн­тізбесі аясында өтіп, жарысқа феде­рацияның спорттық директоры Жан-Поль Гамбо келді. FІM спорттық дирек­торы Медеудегі мотожарыстың жоғарғы деңгейде ұйымдастырылғанын, қазақ­стандық федерацияның жақсы жұмы­сын атап өтті.

– Биыл Қазақстан тарапынан Әлем чемпионатын өткізуге үлкен жұмыстар жасалды. Әлемдік дода өткізудің бар­лық талаптары сақталып, мұз арнасы жоғарғы деңгейде дайындалғанын көрдік. Барлық жағдай FІM талаптары мен стандарттарына сай. Халықаралық Федерацияның Алматымен серіктестігі одан әрі дами түседі деген сенім мол, – деді Жан-Поль Гамбо.

Өз кезегінде Қазақстан автомото­спорт федерациясының президенті Марат Әбіқаев біздің елдің үлкен дәре­желі додаларды өткізуге әлеуеті жоғары екенін атап өтті.

– Біз спидвейден Әлем чемпионатын бесінші рет өткізіп отырмыз. Бұл Қазақстанның Халықаралық жарыс­тарды ұйымдастыру мүмкіндігінің жоғарылығын, біздің мотошабан­доз­дардың халықаралық деңгейдегі шебер­лігін көрсетеді. Биыл біздің спортшы­лар Тольятти қаласында өтетін коман­далық әлем чемпионатына қатысады, – дейді ҚР Федерация президенті М.Әбі­қаев.

Медеу мұз айдынындағы Әлем чем­пионатына Австрия, Ресей, Германия, Швеция, Қазақстаннан үздік 18 мото­шабандоз қатысып, көк мұзда екі күндік тартысты дода өткізді. Қазақстан тара­пы­нан Павел Некрасов, Денис Сипухин, Андрей Шишегов сияқты спортшылар әлемдік үздіктермен қатар өнер көрсетті.

Тартысты додада әлемнің мық­тылары анықталып, жеңіс тұғырының барлығын Ресей мотошабандоздары иеленді.

Ең үздік нәтиже – 38 ұпаймен Д.Ива­нов чемпион атанса, екінші орында Д.Хамицевич (35 ұпай), үшінші орында Динар Валеев (32 ұпай).

Қысқы спорт түрлерінен әлемдік, халықаралық додаларды өткізуді жолға қойған Алматыға қайта оралған мұздағы мотожарыстан (спидвей) Әлем чемпи­онаты жақсы деңгейде өтті. Спидвей Әлем чемпионатының келесі финалдық кезеңі Ресейде өтеді.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *