МЕДЕУ «УНИВЕРСИАДА-2017» САЙЫСТАРЫН ҚАБЫЛДАЙДЫ

«Медеу» мұз айдынында жаңа қысқы маусым ашылды

_v6a6764

Нұрлан СҮЙІН

Медеу тау шатқалындағы кешенде Универсиадаға 100 күн қалуына орай,  Алматы  қаласының әкімі Бауыр­жан Байбектің қатысуымен  2016-2017 қысқы маусымының ашылуы өтті. Аталған шара «Астана Банкінің» қолдауы­мен, Универсиада дирекциясының ұйымдастыруымен өтті.

 

Шара барысында 2017 жылғы «Универсиада елшіле­ріне» дипломдар табысталды. Алматыдағы халықаралық Қысқы ойындардың ресми өкілдері болып танымал  байкер Дмитрий Петрухин, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, цирк әртісі Мұрат Мұтұрғанов, режиссер, актер Нұртас Адамбай танылды.

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек «Универ­сиада елшілеріне» сертификаттарын тапсырып, маусым­ның ашылуына келушілерге құттықтау сөз арнады. Кезінде «Рекордтар фабрикасы» атанған Медеудің қайта жаңғырып, «Универсиада-2017» ойындарының сайыста­рын қабылдайтынына тоқталды.

– Биылғы маусымның ашылуы ерекше болып, «Универсиада-2017» ойындарының басталуына 100 күн» шарасына арналып отыр. «Медеу» спорт кешені – жарты ғасырдан бері өзіндік ерекшелігімен теңдессіз болып келген, алматылықтардың мақтанышына айналған мұз айдыны. Осы уақытта «Медеуде» қысқы спорттың әр түрінен 120-дан астам рекорд орнатылыпты.

Енді екі-үш айдан соң «Медеу» 28-Бүкіләлемдік Қысқы Универсиада сайыстарын қабылдайтын кешен­дер­дің біріне айналады. Баршамыз ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығындағы ең ірі спорттық шараны тамашалайтын боламыз. «Универсиада-2017» ТМД елдері арасында алғаш рет өткізіліп отырған әлемдік деңгейдегі студенттік қысқы ойындар. Әлемнің 56 елі ойындарға қатысу жөніндегі өтінімдерін растады, – деді Б.Байбек.

Жылдағы дәстүр бойынша «Медеу» мұз айдыны бұқаралық сырғанау маусымын ашты. «Медеу» әкімшілі­гінің хабарлауынша, билет бағалары бұрынғы қалпында қалады. Келушілердің 1800 теңгеге денсаулығын нығай­туға, конькимен сырғанап, уақыт өткізуге мүмкіндігі болады. Бұдан бөлек, балаларға, студенттер мен зейнет­керлерге арнайы жеңілдіктер қарастырылған.

Биыл да «Медеу» былтырғы жұмыс кестесін бекітіп, келушілерге қызмет етеді. Сырғанау алаңының есігі 10.00 – 23.00 аралығында ашық болады.

Таңғы сырғанау 10.00 мен 16.00 аралығында өтеді, 16:00 мен 18.00 аралығында техникалық үзіліс. Кешкі сырғанау 18.00 – 23.00 аралығында.

Бұл маусымда біраз жаңашылдықтар енгізілді. Конь­килер саны ұлғайып, 2000 жаңа конькимен толықты. Бүгінгі таңда конькилер саны 5000-ға жетіп отыр. Сон­дай-ақ, келушілер үшін 15 тамақтану орны жұмыс істейді. Ол жерлерде тәтті стритфуд, ыстық шоколадпен немесе кофемен жылына аласыз.

«Медеу» мұз айдынында қажетті деп тапқан адам­дарға ыңғайлы VІP бөлмелер мен киім ауыстыратын бөлмелер бар.

Осы маусымнан бастап, мұнда сырғанау инструктор­ларының мектебі жұмыс істейді. Кішкентай қонақтар мен олардың ата-аналары үшін ойын-сауық аймағы жұмыс істейді.

Маусым барысында «Медеуде» түрлі шаралар мен спорттық сайыстар өтеді.

Керек дерек

  • Былтырғы маусымда «Медеуге» 330 мың адам келген. Ең көп сырғанаушылар саны 3 қаңтарда тірке­ліп, бұл күні 13 500 адам келді.
  • Былтыр «Медеуде» спидвейден (мұздағы мотоцикл­дер жарысы) өткен.
  • Осы маусымда «Медеуде» 28-Бүкіләлемдік Қысқы универсиаданың конькимен жүгіру сайыстары өтеді.
  • «Медеу» теңіз деңгейінен 1691,2 метр биіктікте орна­ласқан. Мұз ылғалы  10,5 мың ш.м. «Медеуде»  120-дан астам әлемдік рекордтар тіркелген.
  • Көрермендер отыратын орындық саны – 8 100.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *