Медеу Пұсырманұлының қабірінің басына құлпытас орнатылды

«Алматы ақшамы»  халқының қамқоршысы әрі жанашыры  болып,  зор құрметке бөленген асыл текті бабамыз Медеу Пұсырманұлы  жайлы  бұған дейін «Апортты алғаш өсірген», «Атадан қасиет – бабадан өсиет» атты мақалалар жария­лаған еді. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында  Алматы қаласында  туған елі мен жеріне көп тер төгіп,  адал қызмет еткен тарихи тұлғаға арналған бірқатар шарапаты мол ізгі шаралар өткені белгілі.  Бабамызды ұлықтауды мақсат еткен «Мекені тұғырлы, есімі ғұмырлы» атты айлық шаралардан, түрлі жиын-көрмелерден әзірленген ақпараттар топтамалары  газетімізде тұрақты беріліп келді.

 – Жомарттығы өз ал­дына, атамыздың адамгер­шілігін, адам баласына деген сүйіспеншілігін, ешкімді ұлтына қарап алаламайтын ақ ниеттілігін және кең жүректілігін жыр қып айтады екен замандастары. Медеу атамыз қолындағы бар дүниесін елге беріп, халықпен бөліскен, сөйтіп өз заманының ардақтысына, өз қоғамының абзал қай­раткеріне айналған, – деп жазған еді сонда  Медеу баба ұрпақтарының бірі  Есіл Жазылбеков.

Жақында  Медеу Пұсырманұлына және  оның үлкен ұлы  Жәйшібек Медеуұлының туғанына 100 жыл толуына  орай  олардың рухтарына  құран-хатым бағышталып, қабірінің басына құлпытас орнату рәсімі  өтті. Бұл идеяның авторы, әрі ескерткішті қойған Ғани Смаханұлы. Ескерт­кіштің ашылуына  Медеу қажының тікелей  ұрпағы, шөбересі – Жақыпбек қыздары Шәрбану мен Жамал апайлар  қатысты. Осы ретте ескерткіштің жасалуына ықпал жасап, тікелей көмек көрсеткен Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сіргебаев Ескен Аманжолұлы, шәкірті Ақылбек Әбзелбекұлының азаматтығын да айта кеткен жөн.  Жиын соңында Алматы қаласындағы «Салтанат» дәмханасында Медеу баба рухына бағышталып  ас берілді. Біздің дәйектеме: Медеу Пұсырманұлы (1850-1908 ж.ж.) бүгінгі Алматы облы­сының Жамбыл ауданына қарасты Қарақыстақ ауы­лында дүниеге келген. Ол жайлы,  оның  игі  істері туралы ел аузында  аңыз көп. Алматы қаласының және төңіректегі ауыл-аймақтың тұрғындары өз естеліктерінде өздері куә болған, ел басына күн туған ауыр қыстау кезеңдегі Медеу бабамыздың адамгершілікке толы адами  қасиеттерін жыр қып айтады. 1887 жылы 27 мыңдай тұрғыны бар Алматы қаласында болған  қатты жер сілкінісінен, 1902 жылғы осы аумақтағы аштықтан зардап шеккен халыққа ол кісі  көп қарайласқан.Үйсіз-күйсіз қалған адамдарға бар дүниесін,  малын, жанын аямай, үлкен көмек көрсетеді. Аштық кезінде аш-жалаңаш жүрген адамдарға тегін тамақ ұйымдастырады. Төңіректегі ауылдарға  «ел аштан қырылып қалмасын» деп, арнайы мал жібертеді. Біздерге жеткен деректер бойынша, тек қана қаланың халқына емес, қаланы қалпына келтіру жұмыстарымен айналысып  жүрген гарнизон солдаттарына да тегін тамақ ұйымдастырған. Міне, осындай мейірімді игі істері үшін халық Медеу бабамыздың есімін ардақтап, ұлықтаған.  Сол жылдары  Медеудің аты бүкіл төңірекке жайылып,  ол  бүкіл  қазақ даласына танымал болған.

«Атадан қасиет, бабадан өсиет» дейді халық даналығы. Медеу бабамыздың адами болмысы мен тағылымды  істері жас ұрпаққа қашан да үлгі-өнеге. Баба қасиеті мен өсиетін ұрпақтан ұрпаққа жалғау – бүгінгі ұрпақтың  абзал борышы.

 

Т. ДЕРБІСАЛИН.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *