Медеу ауданында көше кітапханалары орнатылмақшы

Кеше Медеу ауданының әкімі Ержан Жылқыбаев Жамбыл атындағы филармонияда тұрғындармен жүздесіп, өткен жылға қорытынды жасап, есеп берді.

Әсел ДАҒЖАН

– Медеу ауданы халқына қызмет етуде уақыт бізді таңдады. Сол уақытты тұрғын­дардың игілігіне бағытталған іскерлікке жұмсау – біздің міндетіміз, – деп аудан хал­қы алдындағы есептік кездесуін бастаған аудан әкімі Ержан Жылқыбаев 2018 жылы атқарылған жұмыс-шаруаны тізбелеп шықты.

700-ден аса адам жиналған есептік кездесуге тұрғындардан бөлек Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсел Жүнісова, ау­данда тұратын елімізге еңбектері сіңген зиялы қауым өкілдері, Ал­маты қаласының мәслихат депу­таттары мен жастары қатысты.

«Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, сөздің басын жақсы жаңалықпен бастаған Ержан Жұматұлы бір жыл ішінде аудан­да тек білім саласының 30 қыз­меткері қоныс тойын тойла­ғанын атап өтті.

Ал бүгінде бір ғана Медеу ауда­нында осы бағдарлама ая­сында 1224 пәтерлі 24 үйдің құрылысы басталып кетті. «Нұр­лы жол» бағдарламасы аясында қала бойынша 4200 жұмыс орны құрылса, соның  20%-ы осы Медеу ауданына тиесілі. Соңғы 3 жылда шаһарымызда 500 шақы­рымға жуық жол салынып жөн­деуден өтсе, соның 20 пайызы, яғни 100 шақырымы Медеу ауданында жасалған.

Өткен жылы 30 көшеге жөн­деу жұмыс­тары жүргізіліп, 7 кө­шенің жаяу жүргіншілер жолы кеңейтілді. 8 жерасты өткелі күр­делі жөндеуден өтті.

Аудандағы 23 көшеге диодты жарықтар орнатылған. Бизнестің әлеуметтік жауап­кершілігі бағ­дарламасы аясында Орталық саябақ құны 1,6 миллиард теңге болатын қайта жөндеу жұмыс­тары жүргізілді.

Соңғы екі жыл ішінде аудан бойынша жаңа 140 аялдама кешені орнатылған. Қауіпсіздік бойынша да ауданда жақсы жаңалықтар жетерлік. Мәселен, өткен жылы 700 қылмыстық іс арнайы бейнебақылаудың көмегі­мен ашылған. Ол 496 аулаға ор­натыл­ған 4 мыңнан аса бейне­бақылаудың арқа­сында мүмкін болып отыр.

Аудан әкімінің ерекше екпін­мен айтқан тағы бір жаңалығы – ауданда үш ауысымды және апаттық жағдайдағы мектептің жоқтығы болды. Сөз арасында аудан әкімі медициналық қыз­меткерлеге ерекше алғыс білдірді. Себебі, денсаулық саласында көрсетілетін қызметтің сапасы бойынша Медеу ауданы қатары­нан бесінші жыл бірінші орынды бермей келеді.

Бұл ауданның қариялары да белсенді өмір сүргенді жақсы көреді. Аудан аумағында орна­ласқан «Adrenalіne», «Банзай» және «Fіghtclube» сияқты фитнес орталықтарда 100-ден аса қария жаттығуға барып тұрады.

Ауданда өткен жылы атқа­рылған шаруа­лардың көптігіне қарамастан шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Оны есеп­тік кез­десудің екінші бөліміне келгенде аңғардық. Тұрғын­дар­дың бірі әкімге разылығын біл­діріп алғыс айтса, енді бірі өтініш те білдіріп жатты.

Бастан-аяқ әкімге қойылған сұрақтарды сараптайтын болсақ, көшелердің қараңғылығы, ойық-шұңқыр көшелер жайы, бизнеске қолдау білдіретін бағдарламалар, балабақшаға жасалатын жөндеу жұмыстары, көпқабатты үйлерге жүргізілетін жөндеу жұмыстары сияқты мәселелер айтылды.

Есептік кездесуге жиналған халық биылғы жылға жасалған жоспарлармен де танысып үлгер­ді. Соның ішінде ең ірі 12 жоба абаттандыру мен инфра­құры­лымға қатысты жүзеге асырыл­мақшы. Мәселен, биыл Достық көшесі (Абай көшесінен бастап Қазыбек би көшесіне дейін) Әйтеке би және Төле би көшелері жаңартылады. Сондай-ақ, аудан­дағы тұрғындардың кітапқа қызығу­шылығын көтеру үшін Достық пен Гоголь көшелерінде көше кітапханаларын орнату жоспарланып отыр.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *