МАЗМҰНЫ ТЕРЕҢ БАСЫЛЫМ

Академик Рахманқұл Бердібаевтың бастамасымен дүниеге келді

Сүйікті газетіміз «Ақшамның» шыққанына биыл 30 жыл толыпты. Кеше ғана сияқты еді ғой! Зырлаған, құмдай сусылдаған тынымсыз уақыт-ай!

Тұрақты оқырман және автор ретінде оны 2008 жылы 20 жылды­ғымен құттықтағанмын. Осы жолы кештеу қолыма қалам алып отырған себебім біреу-ақ, ол – басылымның «Вечерний Алматының» аудармасы ретінде бірінші рет қалың қауымға жол тартуы, ал одан соң дербес газетке айналып жарық көре бастауы 1988 жыл еді және оған алғашқы бастамашы болған ана кісілер, мына кісілер болды деген мәліметтерді аяғы­на дейін тыңдағым келді. «Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, құттық­таулармен жақсы лебіздер бірнеше ай бойы толастамады, оған тек қуануға болады. Қанша мақтап-мадақтаса да «Ақшам» бұған тұрарлық. Ылайым, жалғаса берсін!

Енді осы шежірелі «Ақшамы­мыздың» жеке отау тігуіне бірінші кім мұрындық болып еді (өзім көзін көрген ғалымдардан) соны баян­дайын.

Мен 1975–1978 жылдар аралы­ғында Оқу министрлігінің Оқу телеви­дениесі кабинетінің методисі қызметін атқардым. Ол кезде қазақ мектептерінің оқушыларына әр пәннен қалай сабақ беру әдістеріне байланысты ұстаздарға республика­лық Радиотелевидениеден күн сайын хабар берілетін, оған мұғалімдердің өздері де қатыстырылатын. Арагідік мұндай үлгі дәрістерге орта және жоғарғы оқу орындарының оқытушы­лары мен ғалымдары да шақыры­латын. Оқу телевидениесіндегі осындай бір дәріске әдебиетіміздің ірі тұлғалары: профессор Рахманқұл Бердібаевты (М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының фольклор бөлімінің меңгерушісі), профессор Тұрсынбек Кәкішевті (Қазақ мемлекеттік университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының меңге­рушісі), профессор Нығмет Ғабдул­линді (Абай атындағы қазақ педаго­гикалық институтының қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі)  шақырдым. Режиссерлік еткен Төлеу Қосанов деген жігіт еді. Алдымен Ыбы­рай Алтынсарин атындағы Педа­гогикалық ғылыми-зерттеу институ­тында бас қостық. Дәл сол күні Рахманқұл ағамыз өзінің іссапарлары кезінде Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстан, т.б. Одақтық республи­ка­ларға барғанын, олардың кейбірінде өз «Ақшамдары» бар екенін айтып, «Біз неге солар сияқты ана тілімізде қала­лық газет шығармаймыз. Қазір орыс тілінде Алматымызда 1936 жылдан жарық көріп келе жатқан «Вечерняя Алма-Ата» газеті («Кешкі Алматы») қазақ тілінде «Алматы ақша­мы» ғой. Бәріміз соған атсалы­сайық, жоғарғы орындарға барайық», – деген уәж айтты. Бірауыздан келістік. Бұл — 1977 жыл болатын. Сол сәтте естелік суретке де түстік.

Басқаларын қайдам, сол күннен бастап Рахманқұл аға партияның Орталық Комитетіне, Үкіметке, қала басшыларына баруды жиілетті, бірнеше газетке (жаңылыспасам, «Социа­листік Қазақстанға», «Қазақ әдебиетіне») мақалалар жазды. Тек содан бірнеше жыл өткен соң қазіргі төл басылымымыз – «Алматы ақша­мын» шығару жөнінде ұсыныстар түсе бастады. Оған ол кездері Өзбекәлі Жәнібеков бас-көз болып еді.

Сондықтан «Алматы ақшамын» дүниеге келтіруге себеп болған акаде­мик Рахманқұл Бердібаев ағамыз бастаған жоғарыда аты аталған ғұламаларымыз екенін ұмытпайық. Ол кісілердің бірі де қазір ортамызда жоқ, о дүниелік боп кеткен. Топы­рақтары торқа болсын! Еңбектерін еш уақытта естен шығармайық, аға­йын­дар.

Сөз соңында «Алматы ақшамы­ның» оқырмандарын, редакция ұжы­мындағы әріптестерімді бәрімізге ортақ 30 жылдық мерекемен құттық­тап, отбасыларына амандық, еңбек­теріне үлкен табыс тілеймін.

 

Көпбосын ПАНЗАБЕКОВ,

Қазақстан Жазушылар және Журналистер

одақтарының мүшесі, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің Құрметті қызметкері, қоғам қайраткері.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *