Мая МАНЕЗА: «МЕНIҢ ҚЫТАЙ ЕЛIНЕ ЕШ ҚАТЫСЫМ ЖОҚ» Менiң жүрегiм тек Қазақстан деп соғады

Нұрлан СҮЙIН

Лондон Олимпиадасында Қазақстан қоржынына кезектi алтынды түсiрген Мая қыз «…Мен Қазақстанның бiр бөлшегiмiн, менiң жүрегiм тек Қазақстан деп соғады…» деп мәлiмдеме жасады.

Әлемнiң қай түкпiрiнде жүрсе де өзiн «қазақ Винокуров» деп таныстыратын Александр батыр алғашқы алтын алғанда қуаныштан бөркiмiздi аспанға атқанымыз рас. Ал, екiншi алтынды сыйлаған Зүлфия қыз асқақтаған көңiлiмiздi одан сайын тасытқан. Сол көңiлiмiз көктен түспей жатып, Мая Манеза әлемге Қазақстан атты мемлекеттi әбден мойындатты.

 Бұл жеңiстер жайында, Елбасының құттықтауы жайлы ресми хабарламалар да берiлiп жатыр ғой. Бiздiң баяндауымыз — көгiлдiр экранға қадалып отырып тақым қысқан, көзiн қуаныштың жасы шылаған оқырманның шын көңiлi. Бiр-бiрiмiзден сүйiншi сұраудан басталған жұмыс күнi, бәрiмiздiң де аузымызға «айналайындар-ай» дегеннен басқа сөз салмай тұр. Жұмыс орнына отырысымен ғаламтор шарлап, қытай сайтын сол тiлде еркiн меңгерген Ардақ iнiмнiң алғашқы сөзi «Аға, қытайлар шашын жұлып, бетiн тырнап жатыр екен. Мынадай қыздардан айрылып қалғанына…» болды. Қолда бар алтынның қадiрiн бiлмеген Қытай журналистерiнiң қытай тiлiнде қойған сұрақтарына «Мен қытайша сөйлемеймiн» деп бар бiлетiн орысшасымен «Менiң Қытай мемлекетiне еш қатысым жоқ. Мен қырғыз елiнде дүниеге келгенмiн. Әке-шешеммен оншақты жыл Қытайда тұрдым. Ал, бойжетiп, спортпен айналысып, барша әлемге танымал болуым тек Қазақстанның, қазақ елiнiң арқасы. Мен Қазақстанның бiр бөлшегiмiн, менiң жүрегiм тек Қазақстан деп соғады…» деген мәлiмдеме жасапты.

Бауырға басқан қазақ елiнiң абыройын асырған қос қыз алыстағы тұманды Альбионда жүрiс-тұрысымен де, қуаныштан аққан көз жасымен де, Әнұранға қосылған шын ниетiмен де қазақ елiнiң елшiсi екенiн көрсетiп бақты. Айдарлы ұлдар мен ақжолтай алтын қыздар әлi талай абыройыңды асырады, Алаш елi!

Кеше ғана Олимпиада алтынын алған, түр-тұлғасы қазақтың қаракөз қыздарына етене жақын Майя Манезаның Олимпиада алдындағы пiкiрiмен таныс болыңыздар…

«Қытайда әу-бастан қай спортқа қабiлетiң мен дарының жететiндiгiн анықтау үшiн арнайы ғалымдар жұмыс iстейдi. Менi де мектепте жүргенiмде зiлтемiрге баулыған ұстаздарым едi. Қазiр байқап отырсам, болашағымды дәл болжаған екен. Қазақстанда көбiне балалар боксқа, күреске қатысады. Ал, Қытайда екiнiң бiрi үстел теннисiне барады. Жалпы, бильярд пен үстел теннисi маған да қатты ұнайды, алайда, бұл спорт түрлерiмен қолым босағанда ғана айналысамын».

«Мен Қытайдың iшкi бiрiншiлiгiне қатыспақ түгiлi, аймақтық жарысына да жуықтап көргенiм жоқ. Өздерiңiз бiлетiндей, Қытайда зiлтемiршiлер арасында бәсеке жоғары, сондықтан осы уақыт аралығына дейiн көлеңкеде көрiнбей келгенiме үлкен себеп бар. Тiптi, Қытайда жүре бергенiмде менi ұлттық құрамаға алу-алмауы екiталай болатын. Қазiр Қазақстан менiң екiншi үйiме айналды.Сол себептi, менiң қабiлетiм мен дарынымды дер кезiнде байқап, әлемдiк деңгейге дейiн көтерген Алексей Ни мырзаға шексiз алғысымды айтамын. Сол кiсiнiң арқасында Азия чемпионаты, Әлем чемпионаты сынды жарыстардың дәмiн сезiп, ендi Олимпиада ойындарының қызығымен таныспақпыз».

«Лондон Олимпиадасына қатысу үшiн барымды саламын. Өйткенi, ауыр жарақатымның кесiрiнен 2008 жылы Бейжiң Олимпиадасына қатысу мүмкiндiгiмнен айрылдым. Ендi ағылшын жерiнде қазақ туын желбiретсем деген арманым бар. Онда менiң басты қарсыласым деп көпшiлiк орыс қызы Светлана Царукаева мен түрiк қызы Сибель Симсектi бiрiншi орынға қояды. Алайда, менiң ең басты қарсыласым – өзiм. Егер мен өзiмдi дер кезiнде қолыма алып, психологиялық тұрғыда дағдарысқа ұшырамасам, еш қиындық туындамайтынына сенiмiм мол. Ал, Светлана Царукаеваға келетiн болсақ, 2009 жылы Оңтүстiк Кореяда өткен Әлем чемпионатында орыс қызын ақтық бәсекеде қапыда қалдырғанмын».

«Мен әлемнiң екi дүркiн жеңiмпазымын, сондай-ақ, Азия ойындарының жеңiмпазымын. Бiрақ, менiң қоржынымда Азия чемпионатының алтыны мен Олимпиада алтыны жетiспейдi. Бар арманым – осы биiктi бағындыру. Қазiр бар күшiммен Лондон Олимпиадасына дайындық жүргiзудемiн. Өйткенi, Лондон Олимпиадасы менiң спорттық ғұмырымның соңғы баспалдағы ретiнде қарастырып отырмын».

«Мен жеңiске қол жеткiзген сайын бiрiншi болып анама хабарласамын. Себебi, Қытайда бiз өнер көрсететiн жарыстарды теледидардан мүлдем көрсетпейдi. Өйткенi, Зүлфия екеумiздiң Қытайдан шыққандығымызды бiлетiн болса, басы артық сұрақтар көбейедi. Не себептi Қытай мұндай спортшылардан айырылып қалғандығына налып, көпшiлiк бiздi және ондағы спорт басшыларын қаралауы мүмкiн. Өйткенi, Қытайда миллиардтаған спортшылардың арасынан шын мықтыларды табу өте қиын. Сондықтан, Қытай халқы Зүлфия, Майя секiлдi спортшылардың бар екендiгiн бiле бермейдi».

«Үлкен жетiстiктерге қол жеткiзу үшiн әрдайым көңiлдi жүру керек. Қандай жағдайда болмасын, сабырлылық пен төзiмдiлiк ең басты орында тұруы тиiс. Көп еңбектенi қажет».

«Әзiрге спорттан кейiн немен айналысатынымды нақты шешкен жоқпын. Жеке кәсiбiмдi ашып, адал еңбегiммен пайда тапсам деп ойлаймын. Қазiр бар ойым, бар арманым – Лондон Олимпиадасында алтынға қол жеткiзу. Менiң атымды шығарған Қазақстанның абыройын арттыру ендi менiң жауапкершiлiгiмде деп ойлаймын».

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *