МАТЕМАТИКАНЫҢ МАЙЫН ІШКЕН

38Тұлғатану

Тегінде адам баласы адам бала­сынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де ақымақ­шылық.

АБАЙ.

 

Математика… Сені жұрт  «ғылым­дар патша­сы» деп құрметтейді. Ал мен үшін сен биік шың болып алыстан көз тартасың. Кейде сенің ұшар басыңа қиялап қыран, өрмелеп жылан шыға алмай жатады. Саған талпынып биігіңе жетсе, көлеңкеде емес, күн көзі шыжғырып тұратын күнгейден көрінуі керек!

Жалпы адамзат тарихына үңілсек, математика ғылы­мының кіндігі де, тұсауы да кесілген жер – ертедегі Шығыс, яғни, ежелгі Египетте, Финикияда, Қытай мен Индияда, екі өзен аралығындағы Вавилонда алғаш­қы математи­калық тұжырымдар пайда болған. Сайын далада көшпелі ғұмыр кешкен біздің ата-баба­ларымыз үшін де математика ғылымы жат болмаған. Қазақ – тумысынан математик, дарынды да қарымды халық. Оған ешкімнің дауы болмаса керек. Қай дәуірді алсаң да, қазақтың қайраткерлері айбынымен де, ай­бары­мен де, ақыл-парасатымен де, қарым-қабілетімен де дараланып тұратыны анық.

Кейінгі кезде елімізде жараты­лыстану ғылымдарының ішіндегі ең тез дамып келе жатқаны математика екендігіне ешкімнің күмәні болмаса керек. Оның белгісі ретінде соңғы төрт жыл бойы мемлекеттік сыйлықтардың иегерлері математиктер болуын, көптеген оқушы жастарымыздың дүние­­жүзілік математикалық олим­пиадалардың жеңім­паздары аталуын, математик­теріміздің ғылыми жаңа­лық­тары шетелдік беделді журнал­дарда көптеп шығуын айту жеткілікті болар деп ойлаймыз. Осы жетістіктер өзінен-өзі келе қойған жоқ.

«Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйі­нерге жарар ол», – деп Абай ата­мыз айтпақшы, қазақ жерінде математи­каның майын ішкен ғалым ағалары­мыз баршылық. Ол кемеңгер халқы­мыздың арасынан жиырма­сыншы ғасырдың екінші жартысынан бастап өсіп шыққан ағаларымыздың орасан зор еңбектерінің арқасы десек өте орынды. Сондай арыстай тұлға­лардың ішінде ерекше көзге түсетін­дерінің бірі, бірі емес-ау бірегейі, бүгін­дері сексеннің асқаралы асуы­нан асайын деп отырған академик Назарбай Қадырұлы Білиев. Бұлай айтуымыздың себебі, ол он екі жыл­дай еліміздегі математика ғылымы­ның дамуына ұйытқы болып отырған Ұлттық Ғылым академия­сының мате­матика институтының директо­ры, бес жылдай осы академияның физика-математика бөлімінің акаде­мик хатшысы, қазірге дейін өзі бітірген әл-Фараби атындағы Ұлттық универ­ситетінің профессоры бола жүріп, еліміз үшін математик ғалым­дарды өсіріп шығарды. Оның шәкірт­терінің ішінде 3 ғылым док­торы, 25-тен астам ғылым кандидат­тары, онда­ған Ph-докторлары және магистр­­лері кездеседі. Көптеген оқушыларының өз шәкірттері мен ғылыми мектептері қалыптасты.

Назарбай Қадырұлы математи­каның функцио­налдық талдау және функциялар теориясы, олардың дифферен­циялдық теңдеулерге қол­дану­лары бағытында кеңінен белгілі маман. Көптеген халықаралық ғылыми конференцияларда дәрістер оқыған, алыс-жақын шет елдер мен Қазақстан ғылыми басқармаларында 200-ден астам еңбектері жария­ланған. Ол жалпыланған аналитика­лық функциялар, математикалық физиканың теңдеулері үшін шека­ралық есептер және функционалдық кеңістіктердегі сингулярлық инте­гралдар теория­ларының дамуына елеулі үлес қосты. Академик Назар­бай Қадырұлы Қазақстанда жалпы­ланған аналитикалық функциялар теориясы және оның қолдануы бойын­ша өзіндік ғылыми мектеп құрды. Академик өзінің алғашқы ғылыми зерттеулерін эллиптикалық дифференциалдық теңдеулер жүйелері коэффициент­терінің ерекше нүкте­лерінің маңайындағы шешімдердің қасиеттерін зерттеуден бастады. Ерек­ше нүктелердің маңайында бірінші ретті эллиптикалық теңдеулер жүйе­лерінің аналитикалық шешімдері бол­уының қажетті және жеткілікті шарт­тарын тапты. Қарастырылып отырған ерекше нүктелердің маңайында қан­дайда болмасын тегіс шешімдердің болуын күту қиын болатын. Сон­дықтан да, шешімдердің аналитика­лық қасиет­терінің болуын дәлелдеу үлкен қиын мәселе еді және ол ерекше тапқырлық пен аса табан­дылықты талап етті. Бұл нәтижелер аналитика­лық геометрияның беттер теория­сында қолданыс табатын үзіліссіз шешімдердің болу шарттарын зерттеу­лерге бастама болды. Осы бағытты Назарбай Қадырұлының шәкірті Ә.Түнғатаровтың дамытып жатқанын айта кетуге болады.

Н.Білиевтің осы нәтижелерін өте жоғары бағалаған атақты ғалым И.Векуа коэффициент­тері – бүтін бола­­тын Соболев кеңістіктерінде жататын бірінші ретті эллиптикалық жүйелердің қолданыстары мол толық теориясын жасады. И.Векуаның қол­дауымен Назарбай Қадырұлы эллип­тикалық жүйелердің коэффи­циенттері  жататын теориясын жасау­ға кірісті. Ол кезде Н.Білиев атақты математик С.Николь­скийдің шәкірті институт директоры профессор Т.Аманов басқаратын лабора­торияда аға ғылыми қызметкер болатын. Осындай бай­ланыстың әсері болар, Н.Білиев мәсе­лені Николь­ский-Бесов кеңіс­тіктері шкаласында тек­серуді жоспарлады. Бұл кеңістік­терде функциялардың қасиеттерін дәлірек көрсететін қағи­далар бар бол­ғанмен, олар әлі де болса айнымалы коэффи­циентті дифферен­циалдық теңдеулерді зерттеуге бейім­делмеген еді. Н.Білиев осындай зерттеулерге қажетті мульти­плика­торлар туралы алғашқы мәлі­меттерді дәлелдеп, Векуа теориясы орынды болатындай кеңіс­тіктер параметр­лерінің өзара байла­ныстарын тапты. Назарбай Қадырұлы И.Векуа қойған проблеманың Бесов­тың В-кластары шкаласында толық шешімін тапты және ол шешім Собо­лев кеңіс­тік­терінде берілген Векуа теориясын кеңейтті. Қөрсетілген эллип­тикалық жүйелердің коэффи­циенттерін қам­титын В-кеңістіктері  кеңістігіне кір­мейді. Н.Білиевтің осы алған нәти­желерінің математиканың әртүрлі салаларында өте маңызды қолданыс­тары бар.

Оның жалпыланған аналити­ка­ның функциялар теориясына ар­нал­­ған монографиясы шетелдік маман­дардың қолдауымен Америкада белгілі халықаралық Longman баспа­сынан ағылшын тілінде жарық көрді (Blіev N7 Generalіzed analytіc functіons іn fractіonal spaces, 1997, USA, Addіcon Wesley Lonfman Іnc. Boston).

1988 жылы директорлық эстафе­таны ҚР ҰҒА академигі Ө.Сұл­танғазиннің қолынан алып, Н.Бі­лиев институттың ғылыми  ұйым­дастыру жұмы­сына өзіндік үлесін қосты. Ол жылдар Кеңес одағының ыдырауына байла­нысты қайта құру кезеңі қиын­дықтарына сәй­кес кел­ді. Дегенмен, барлық мүм­кіндіктер ұйым­дасты­рылып, институтта тыныш шығар­машылық атмосфера сақ­талды, институттың та­лантты жастары қолдау тапты, ғылыми қызметкер­лердің алыс шет елдермен байла­нысуына, халықаралық ғы­лы­ми форумдарға қаты­насуына мүмкін болған барлық жағдайлар жасалды. Бұл жұмыстар өз қоры­тындысын берді, институт халықаралық деңгей бойын­ша алдыңғы қатарлы ұйым­дардың бірі болды.

Н.Білиев көп уақытын педагогикалық жұмысқа да бөлді, 1964 жылдан бастап ол өзі бітірген әл-Фараби атын­дағы Ұлттық универси­тетінде профес­сор, кафедра меңгеру­шісі қызметтерін істеп келеді. Ол университет студент­теріне және жас ғалымдарға арналған қазақ тілінде жазылған елімізге кеңінен танымал «Функцио­налдық талдау» оқулығының авторы.

Академик Н.Білиев, сонымен қатар, ҚР Аттеста­циялау комиссия­сының президиум мүшесі, Министр­лер кабинеті терминкомының және «Қазақстан» энцикло­педиясының фи­зика-мате­матика ғылымдары сек­ция­­ларының басшысы, Ғылым ака­демиясы президиумының мүшесі, Қазақстан және Өзбекстан канди­даттық және докторлық диссертация­лар қорғау кеңестерінің мүшесі, бас­қарушысы бола отырып, көптеген қоғамдық жұмыстарды абыройлы атқара білді. Ол Республикалық ғы­лы­ми журналдардың редколлегия мүшесі, бас редакторы қызмет­кер­лерімен қатар жас мамандар даяр­лауға қазірде белсене араласуда. Ол Ұлттық Ғылым академиясының және Ресей жаратылыстану ғылым­дары академиясының академигі. Оған 1998 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайрат­кері» ата­ғы және жыл өтпей халық­аралық бірінші дәрежелі Хорезми сыйлығына ие болды.

Назарбай Қадырұлы ұл мен қыз тәрбиелеп, ұлын — ұяға, қызын — қияға қондырып отырған өнегелі ота­ғасы. Жан жары Раушан Қажкен­қызы – ғылыми қызметкер, микро­биология саласының маманы, биоло­гия ғылым­дарының докторы, профес­сор. Қызы Дина – Америка Құрама Штаттарын­да магистрату­раны табыс­ты аяқтаған. Мұнайға қатысты шетелдік фирмада жауапты қызмет атқарады. Ұлдары Ернар мен Дәурен – ғылым кан­дидаттары, бизнес құры­лымдарында белгілі жетістіктерге жет­кен. Бес немересі бар. Бұдан 80 жыл бұрын Ақтөбе облысы, Байғанин ау­данының Жарқамыс ауылында туы­лып, қиын да қызық математика ғылымын жете меңгерген, Қазақстан ғылымын дамы­туға өлшеусіз үлес қосқан абзал аға, айтулы азамат, өне­гелі ұстаз, үлкен жүректі, парасатты жан Назарбай Қадырұлының мерейі қашан да үстем бола бермек. Оның әлде болса халқымызға, егеменді елімізге берер үлесі қомақты болады деп есептейміз.

Өнегелі өмір жолын өрнектеп,

Өнер-білім жинадыңыз тірнектеп.

Дара шәкірт өсіп-өнді бүгінде,

Ұлағатты істеріңіз бір мектеп.

 

Бізден тілек, ұзақ болсын ғұмырыңыз,

Лайланбасын мөлдір таза

 тұнығыңыз.

Атыңыз ардақты боп бар Алашқа,

Алатаудай биік болсын тұғырыңыз!

 

М.ҚАЛИМОЛДАЕВ,

Қазақстан ұлттық академиясының мүше-корреспонденті, физика- математика ғылымдарының докторы, профессор.

Ә.ТҮНҒАТАРОВ,  

физика-математика ғылымдарының докторы,

профессор.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *