МАТЕМАТИК ХАЛЫҚ ЕКЕНБІЗ ҒОЙ БІЗ ДЕГЕН

Жәутіков жеңімпаздары анықталды

Алматыда жыл сайын қаңтар айында дәстүрлі түрде өтетін Жәутіков олимпиадасы биыл 16-мәрте өткізілді.

Рая ЕСКЕНДІР

Үш бірдей пән – математика, физика және информатика пәндері бойынша өтетін олимпиадаға биылғы жылы 19 мемлекеттен 587 оқушы қатысты. Олардың арасында Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Болгария, Грузия, Біріккен Араб Әмірлігі, Румыния, Сербия, Тәжікстан, Украина, Швеция және  т.б. мемлекеттер бар. Осылайша 82 ко­мандаға бөлінген үміткерлер 8–14 қаңтар аралығында өз шеберліктерін сынға салды.

Аталмыш үш пәннің де өзіндік орны бар. Мәселен, ғылымның патшасы атанған математика пәнімен иық тірестіретін екі пән де оңай шағылар жаңғақ емес. Сондықтан берілген тапсырмалар да, есептер де өте күрделі болған көрінеді. Жыл сайын салмағы артып, жауапкершілігі күшейіп келе жатқан олимпиада бүгінде әлемдегі ең ірі білім бәсекесіне айналған.

Олимпиада қорытындысы бойынша үш пәннен 300 қатысушы жүлдегер деп танылды. Олардың 60-ына ең жоғарғы марапат табыс етілді.

Олимпиаданың басты демеуші­лерінің бірі болған «Шеврон» ком­паниясы Гран-Приге ие болған Белград (Сербия) қаласындағы мате­матика гимназиясының командасына «Үздік олимпиадалық мектеп» аталымын табыс етіп, барлық команда мүше­леріне Apple Watch 5 смарт-сағаттарын табыс етті.

Сондай-ақ, бірінші орынға София (Болгария) қаласының Физика-мате­матика лицейі, ІІ орынға Респуб­ликалық физика-математика мектебі мен Т.Виану атындағы Ұлттық ком­пьютерлік ғылым колледжі Бухарест  қаласы (Румыния), ІІІ орынға Тбилиси физика-математика командасы, Бел­арусь Мемлекеттік университеті мен Тюмень қаласының физика-мате­матика мектебі командалары ие болды.

Барлық жеңімпаздарға демеушілер атынан бағалы сыйлықтар табыс етілді. Олимпиаданың жас қатысушысы Бішкектен келген Әбдімәлік Тұрсынов та арнайы жүлдеге ие болды.

Үш пәннен де ең жоғары көрсеткіш көрсеткен Айбек Мырзатай (Атырау), Расул Мағауин (Семей) және Темірлан Байболовқа (Өскемен) Нұрлан Қап­паров атындағы қордың қаржылай сыйлығы табыс етілді.

– Олимпиаданың басты ерекшелігі – командалардың Халықаралық рейтингі белгілі болды. Физика-математика бағытындағы мектептердің көрсет­кіштерін олимпиада барысында көруге болады. Атап айтарлығы, біздің мектеп биыл да ең үздіктер қатарына кірді, – дейді Республикалық физика-мате­матика мектебінің директоры Алмаз Күнғожин.

Барлық жеңімпаздарды ҚР Ұлттық академиясының академигі Асқар Жұ­ма­ділдаев пен республикалық «Дарын» ғылыми-практикалық орта­лық дирек­торы Ақжол Боранбай құт­тықтады.

Салтанатты рәсімнен соң әлемнің әр түкпірінен келген алғыр балалар Қазақ мемлекеттік циркі әртістерінің өнерін тамашалады.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *