Маркес Маттеустің қатарына қосыла ма?

Сәкен СЫБАНБАЙ

 

Футболдан ХХІ әлем чемпионатының басталуына екі-ақ апта уақыт қалды. «Алматы ақшамы» дүбірлі доданың арғы-бері тарихын статистикалық деректер арқылы шолуды жалғастырады.

 

Суарес – 3, Месси – 4, Маркес — 5

 

Төрт жылда бір айналып келетін әлемдік доп додасының шешуші сындарында үзбей өнер көрсете алу – екінің бірінің маңда­йына жазыла бермейтін бақыт. Өйткені, біріншіден, футболшылық ғұмырдың өзі – өлшеулі, жасыл алаңда ең ұзақ жүрген ойыншының ары кетсе үш-төрт доп додасына ғана қатысуға мүмкіндігі бар. Екіншіден, құрама сапынан шығып қалмау үшін соншама жыл жоғары деңгейде өнер көрсету де оңай емес. Үшіншіден, жарақат алу да, спорттық бабынан айрылу да – өкінішке қарай, өте жиі кездесетін жағдаяттар. Ірі доп додаларының тұрақты кейіпкеріне айналған футболшылардың онша көп бола қоймайтыны да сондықтан.

Соған қарамастан біз әлем чемпионат­тарының 5 (!) бірдей финалдық турниріне қатыса алған екі футболшыны білеміз. Олар – мексикалық қақпашы Антонио Карбахал мен даңқты неміс жартылай қорғау­шысы Лотар Маттеус. Ал төрт әлем чемпионатында жасыл алаңға шыққан шыққан жампоздардың саны – 26. Олар – Пеле, Джалма Сантос, Кафу (Бразилия), Педро Роча (Уругвай), Диего Марадона (Аргентина), Уве Зеелер, Карл-Хайнц Шнеллингер, Мирослав Клозе (Германия), Владислав Жмуда (Польша), Дамаркус Бисли (АҚШ), Фрэнки ван дер Эльст, Энцо Шифо (Бельгия), Джанни Ривера, Джузеппе Бергоми, Паоло Мальдини, Джанлуиджи Буффон (Италия), Андони Субисаррета, Икер Касильяс, Хави Эрнан­дес (Испания), Ригобер Сонг, Самуэль Это’О (Камерун), Хоң Мюң Бо (Оңтүстік Корея), Денис Каниса (Парагвай), Сами әл-Жабер (Сауд Арабиясы), Тьерри Анри (Франция) және Рафаэль Маркес (Мексика).

Осылардың ішінде тек Р.Маркестің ғана бесінші додасына келуден үміті бар. Мексика құрамасының бас бапкері Хуан Карлос Осорио жақында ұлт футболының ақсақалын дайындық барысындағы кеңей­тілген құрамға қосты. 40-қа келгенше өзі­нен екі есе жас бала-шағамен бірге далақ­тап шауып жүрген ардагер Ресейге аттана­тын таңдаулы 23-тің тізіміне ене ме, жоқ па, алдағы аптада білеміз. Ал Касильясты испан бапкері шақырмады, Буффон байғұстың Италиясы іріктеу сынынан өте алған жоқ.

Биыл өзінің төртінші чемпионатына келетін «төрелер» де аз емес. Ең әуелі 2010 жылғы әлем чемпиондары Андрес Иньеста мен Серхио Рамосты айтуға тиіспіз. Бұл қатарда аргентиналықтар Хавьер Маске­рано мен Лионель Месси, сондай-ақ австралиялық Тим Кэйхилл мен португал­дық Криштиану Роналду да бар.

Үш әлемдік додаға қатысқан футболшылардың саны қазір 233 боп тұр. Олардың арасынан ең атақтыларын – ағылшындар Бобби Чарльтон мен Дэвид Бекхэмді, аргентиналықтар Марио Кем­песпен Габриэль Батистутаны, бразилия­лықтар Зико мен Роналдоны, немістер Франц Беккенбауэр мен Юрген Клинсман­нды, голландиялықтар Уэсли Снейдер мен Арьен Роббенді, испандықтар Фернандо Йерро мен Карлес Пуйольді, италиялықтар Роберто Баджо мен Фабио Каннавароны, КСРО футболының даңқты қақпашылары Леы Яшин мен Ринат Дасаевты, поляктар Гжегож Лято мен Збигнев Бонекті, фран­цуздар Мишель Платини мен Зинедин Зиданды атап өтсек болады.

Екі аптадан соң өзінің үшінші чемпио­натына қатысу үшін Ресейге келетін футболшылардың ішінде Гонсало Игуаин мен Серхио Агуэро (Аргентина), Давид Сильва мен Серхио Бускетс (Испания), Томас Мюллер мен Месут Өзіл (Германия), Луис Суарес пен Эдинсон Кавани (Уругвай), Джердан Шачири мен Стефан Лихштайнер (Швейцария) бар.

 

Талайды сүріндірген «21»

 

50—60 жылдары Мексика құрамасы топтан шығып көрген жоқ, сондықтан 1950—1966 жылдар аралығындағы барлық чемпионатты құр жібермеген қақпашы Карбахал бар-жоғы 13 ойын ойнапты. Ал Маттеус чемпион да болды, күміс медаль да алды (2 рет), ширек финалда сүрінді (2 рет), ақырында финалдық турнирлерде ең көп матч өткізген ойыншы атанды.

Ойнаған ойын саны жөнінен алда келе жатқан он бес үздік мыналар:

 

Лотар Маттеус (Германия)       25 ойын

Мирослав Клозе (Германия)    24

Паоло Мальдини (Италия)       23

Уве Зеелер (Германия)      21

Диего Марадона (Аргентина)   21

Владислав Жмуда (Польша)    21

Гжегож Лято (Польша)      20

Кафу (Бразилия)      20

Филипп Лам (Германия)     20

Бастиан Швайнштайгер (Германия)    20

Вольфганг Оверат (Германия)       19

Берти Фогтс (Германия)  19

Карл-Хайнц Румменигге (Германия)     19

Пер Мертезакер (Германия)     19

Роналдо (Бразилия)    19

Ең әуелі «20 матч» межесін бағын­дырған неміс шабуылшысы Зеелер еді. Ол 1970 жылы өзінің ұзақ футболшылық ғұмырын 21 кездесумен аяқтады. Сосын қатарынан үш чемпионатқа қатысқан қос поляк – Лято мен Жмуда 1982 жылы 20 ойынмен тоқтады. Шабуылшы содан көп өтпей бутсысын шегеге ілді, ал қорғаушыны Польша құрамасының бас бапкері А.Пехничек төрт жылдан соң Мексикадағы доп додасына да алып барды. Алайда, топтық кезеңде ардагер тек алаң жиегін күзетті де отырды. Тек соңғы сәтте – 1/8 финалда Бразилиядан 0:4 есебімен талқа­ны шығып жатқан кезде ғана поляк жаттықтырушысы елге қайтар алдында Жмуданың ептеп доп тебуіне мүмкіндік берді. Сөйтіп, ол Зеелер бағындырған межені қайталаумен шектелді.

1994 жылы ширек ғасырға жуық мызғымаған рекордты бұзуға екі үміткер қатар ұмтылды. Марадонаның еншісінде 19 ойын бар-ды, ал Маттеусте 16 матч бола­тын. Ұлы мәртебелі Диего 34-ке келгеніне қарамастан өзінің төртінші чемпионатын да тамаша бастап еді. Әлем баспасөзі «Футбол кемеңгерінің оралуы» деген тақырыптармен таласа мақала жазып, тамсана таңқа­лысып жатты. Бірақ кезінде нашақор­лығы үшін ұсталып, жазаға тартылған ойыншы тағы да өз командасын қиын жағдайда қалдырды. Нигериямен ойыннан (бұл – даңқты арген­тиналықтың финалдық турнирлердегі 21-матчы еді) соңғы допинг-тестте оның бойынан тыйым салынған меди­циналық препарат – эфедрин табыл­ды. Сөйтіп, Мара­дона чемпионатқа мүлде қатысты­рылмайтын болды.

Ендігі үміт – Маттеусте еді. Германия топтық кезеңнен іркілмей өтті, 1/8 финалда қиналыңқырап болса да Бельгияны ұтты. Барлық ойынға қатысқан Лотардың «еңбек кітапшасындағы» матчтар тізбегі 20-ға жетті. Келесі кездесуде ол Зеелер, Жмуда және Марадонаны қуып жетіп, сосын сәтін салса басып озуға тиіс еді. Алайда, ширек финалда немістер Болгариядан ұтылып қалды. Сөйтіп, осы төрт футболшы да бір цифрға – 21-ге кеп тоқтады.

Бас бапкер Берти Фогтспен тіл табыса алмаған Маттеус 1994 жылдың күзінен бастап құрамаға шақырылмады. Алайда, жаттықтырушы «ардагер футболшының бай тәжірибесі әлі де қажет» десе керек, 1998 жылғы доп додасы басталар сәтте 37 жас­та­ғы Лотарды қайта есіне алды. Футболдың статистикасын сүйетін жанкүйер қауым қалам-қағазын әзірлей бастады. Әлемдік рекорд көп күттірген жоқ: Югославиямен ойынның екінші таймда алаңға Маттеус шықты! Бұл – оның финалдық турнирлер­дегі 22-матчы еді (кейін тағы үш матчқа қатысты). Бұған қоса ол бес чемпионаттың дәм-тұзын татқан әйгілі мексикалық қақпашы Антонио Карбахалды қуып жетті.

«21» деген «сиқырлы» цифрдан бұдан кейін тек неміс Мирослав Клозе мен италиялық Паоло Мальдини ғана аса алды. Қазір ойнап жүрген футболшылардан ең көп матчқа қатысқандар мыналар: Рафаэль Маркес пен Хавьер Маскерано – 16 ойын, Лионель Месси – 15, Месут Өзіл – 14, Томас Мюллер, Серхио Рамос, Криштиану Роналду – 13.

 

 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *