«Мархабаев оқулары»

Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ

 

Халыкаралық «Фара­би оқулары» аясында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық уни­верситеті Жур­налистика фа­куль­теті баспагерлік-редак­торлық және дизайнерлік өнер кафедрасының ұйым­дас­тыруымен Т. Қожакеев атын­дағы №230 мәжіліс залында филология ғылы­мының докторы, профессор, осы кафед­рада жарты ғасырға жуық ұстаздық еткен Абдул-Хамид Мархабаевтың ғылыми және шығармашылық жолы жөнінде «Мархабаев оқулары» ғалымның туғанына 80 жыл толу құрметіне арналды. Жиынды Журна­листика факультетінің деканы Сағатбек Медеу­беков ашып, ғалым-ұстаздың ұлттық журналис­тикаға қосқан үлесі, маман журналист кадрла­рын дайындап шығарудағы зор еңбегі туралы кеңінен әңгімелеп берді. Абдул-Хамид Марха­баевпен факультетте бірге қызмет еткен әріп­тестері, ғалымдар Бауыржан Жақып, Сағымбай Қозыбаев, Өмірхан Әбдіманұлы естеліктер айтты.

Белгілі фантаст-жазушы, Қазақстан білім беру ісінің құрметті қызметкері, «ҚР ЖОО үздік оқытушысы» Абдул-Хамид Файзоллаұлы Марха­баев 1964 жылы Қазақ мемлекеттік универси­тетіиің Филология факультеті журналистика бөлімін бітіргеннен кейін «Білім және еңбек» (бүгінгі «Зерде) журналының әдеби кызметкері, бөлім меңгерушісі, кейін осы басылымның бас редакторы болып істеді. 1967 жылдан Қазақ мемлекеттік университеті Журналистика факуль­тетінің ассистенті, аға мұғалімі, доценті, профес­соры ретінде ұлттық баспасөз қайраткерлерінің бірнеше буынына тәлім-тәрбие берді. Ұстаз-жазушы қазақ әдебиеті мен ғылымында фантас­тика жанрының, фантастикатану теориясы­ның негізін қалады, осы тақырыпқа арналған оқулықтары мен монографиялары жарық көрді. Атап айтқанда, «Ғарыштағы қымыз» атты тұңғыш жинағынан бастап, «Арал әуендері», «Балалар­дың аман қалғанын айт!», «Аспанға құлады да кетті», «Жарыл­қаушы…», «Тосын ғарышхат», «Шортан планетасы, сен кінәлісің!», «Қызық қиял» сияқты ондаған көркем шығармалары жеке кітап болып шықты. Фантастикатану «Қолыңды әкел, Келешек. Қазақ фантастикасы: кеше, бүгін және…», «Қазақ фантастикалық әдебиеті. Жылнамалау, қарастыру, топтастыру, даралау, қисындау, дәйектеу», «Қазақ фантасти­касының поэтикасы» атты моно­графия­лары, «Ислам-Ғылым-Журналистика» оқулы­ғы баспа бетін көрді. Шығармалары, сондай-ақ, орыс, украин және молдован тілдерінде жария­лан­­ды. Жазушы аударма саласында да өнімді еңбек етті.

Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасы мен қайраткер-жазушының отбасы қаламгердің шығармашылығы жөніндегі студенттік туындыларға байқау жариялаған болатын. Осы байқау жеңімпаздарына арнайы жүлде салтанатты жағдайда табыс етілді.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *