МАМАНДЫҚТЫ ДҰРЫС ТАҢДАУ – ТАБЫСТЫ ӨМІРДІҢ КІЛТІ

Әлемдік экономикалық дағдарыс бүгінде біршама қиындықтар туғызып отыр. Халықты жұмыспен қамту мәселесінде де үлкен мәселелер айтылып тұр. Десе де, болашаққа деген үмітті жандандыратын жәйттер жетерлік. Әлеуметтік қолдау шаралары ауқымды күйде қолға алынып келеді. Елбасының жаңа Жолдауы көптеген мәселенің түйінін ашып, келер жыл жаңа әлеуметтік саясаттың бастамасы болатынын жария­лады. «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдар­ламасына барынша күш салынып, еңбексүйгіш халықтың мүмкіндіктері одан әрі арта түспек.

Бүгін де  бұл бағдарламаның аясында атқарылған жұмыстар аз емес. «Алматы қалалық халықты  жұмыспен қамту орталығы» КММ-нің Медеу аудандық бөлімінде 2015 жылы 1475 адам тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды. Солардың бірі – Сымбат Достемісова. Сымбат бухгалтер мамандығын тәмәм­даған,  арнайы білімі бойынша жұмыс іс­темеген. Төрт баланың тәрбиесін өз қолына алып үйде отырып қалған. Десе де, сананы тұрмыс билейді емес пе?! Жол­дасының тапқан табысы отбасының мұқ­тажын өтеуге жете қоймады. Қанша­лықты бала тәрбиесі құндылығын биік қойса да, әлеуметтік жағдайдың жетіспеуі оны жаңа қадамға аяқ басқызды. Сымбат жұмыс іздестіре бастады. Алайда, көңілінен шығарлық табыс көзі бола бермеді. Күн­дердің күнінде қала тақталарында ілініп тұрған хабарламаны көреді. Ол хабарла­мада «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша мемлекеттік қол­даулар туралы жазылған болатын. Сымбат Достемісоваға арнайы білімі бойынша Медеу аудандық бөлімінің мамандары кәсіп қарастыра бастайды. Бірақ, еш тәжірибесі жоқ маманды ешбір мекеме қабылдағылары келмеген. Ал Сымбаттың өзі де төрт баламен әлек болып, бух­галтерия ілімін ұмытып қалғанын мойындайды. Содан «Халықты жұмыс­пен қамту» ор­талығы Достемісоваға 3 айлық тігін­шілік оқуды ұсынады. Бұл – әлеуметтік қолдау аясында жаңа маман даярлау бағдар­ламасы. Яғни, бар шы­ғынды мем­лекет өз тарапынан көтеріп, білім алу­шыға 13000 теңге шамасында шә­кірт­ақы беріл­еді. Ал оқу мерзімі аяқтал­ғаннан кейін бірден иемденген кәсібімен жұмыс атқаратын болады.

Достемісова қазір өз кәсібінің шебері десе артық болмас. Иә, тігінші маман­ды­ғына оқып, қазір еңбегінің жемісін жеп отыр. Жалақысы да, жұмыс бабы да то­лықтай көңілінен шығып отыр екен. Бұл мемлекет пен «Жұмыспен қамту» орталы­ғы тарапынан атқарылған жұмыс­тардың бірден-бірі.

Елбасы  экономикалық қиындық­тарға қарамастан, халықты әлеуметтік қолдау шаралары  жалғасатынын айтты. Жаңа жылдан бастап халыққа қызмет етіп жүр­ген мемлекет қызметкерлерінің, дәрігер­лер­дің, мұғалімдердің еңбекақысы 30 пайызға артып, штаттық орындар бірша­маға көбеймек.  Басқа да көптеген шара­лар мен халыққа пайдасы зор бағ­дарла­малар өз жалғасын табатын болады.

М. МАЛҒАРАЕВА,

Медеу аудандық халықты жұмыспен қамту бөлімінің басшысы.         

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close