Малайзияда билік өзгерді

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы

 

 

 Мұсылман мемлекеттерінің ішінде ең демократияшыл ел

 

Оңтүстік Шығыс Азиядағы Малайзия  батыл саяси-экономикалық реформалар жүргізудің арқасында керемет өсіп-өркендеп, «Азия жолбарыстарының бірі»  атанған ел.

Мұнда ЖІӨ-ның көлемі 450 млрд. долларды құрып, жан басына шаққанда 15,8 мың доллардан айналады. Эконо­микада өнеркәсіп 33,5 пайызды, қызмет көрсету саласы 59,1 пайызды, ауыл шаруа­шылығы 7,3 пайызды құрайды. Осы көр­сет­кіштерден қызмет көрсету мен өнер­кәсіптің жетекші рөл атқара­тыны, әсіресе қызмет көрсету саласының біршама дамығаны байқалады. Жұмыс істейтін халықтың 27 пайызы өнеркә­сіпте, 17 пайы­зы жергілікті сауда мен туризмде, 15 пайы­зы қызмет көрсетуде саласында еңбек етеді.  Малайзия жылы­на сыртқа 130 млрд. доллардың тауар­ларын шыға­рып, 100 млрд. доллардың тауарларын тасымал­дайды.

Малайзия мұсылман мемлекеттерінің ішінде ең демократияшыл ел саналады. Тіпті, жоғарғы басшы монархтың өзі сайланады. Мемлекеттік басқаруды демо­кратиялық жолмен сайланған парла­мент пен үкімет жүзеге асырады. Сая­сат­тану­шылар: «осының бәрі билік құры­лымы­ның ашықтығынан, сыбайлас жемқорлық, парақорлықпен былығып, былған­баған­дығынан» деп  бағалайды.

Осыған қарамастан  бұл елде  халық­тың наразылығы ауық-ауық  бой көтеріп, саяси партиялар арасында  билікке талас қызу жүріп жатады.

Олай дейтініміз, кешегі өткен 9 ма­мырда  Малайзияда  парламенттік сайлау өткізіліп,нәтижесінде 222 депутаттық орынның  121-ін  оппозициялық  коали­ция иеленіп, жеңіске жетті.  Бұған дейін (Ұлы­британиядан азаттық  алғаннан бергі) алпыс жыл бойына  билік құрып келген  «Ұлттық майданның» жетекші партиясы БМҰҰ (Біріккен малай ұлттық ұйымы) небәрі 79 дауыс алып,  кейінгі орынға ығыс­ты. Демек, енді үкіметті төрт пар­тия­дан құрылған альянс жасақтап құрайды.  Қызық болғанда,  оппозиция­лық  коали­ция­ға  елді  1981-2003 ж.ж. басқарып, Малайзия рефор­масының атасы атанған, абыз  ақсақал қайраткер 92 жастағы  әйгілі  Махатхир  Мохамед  жетекшілік  етті.

 

Күдік тудырған 700 миллион

 

Жоғарыда шет жағасы айтылғандай, малай елінде  заңның алдында «хан да қара да» бірдей. Елге сіңірген еңбегіне, атқар­ған  лауазымды қызметіне қарамай тәртіп бұз­ған, қылмыстық әрекетке жол берген кез-келген адам  заңға сәйкес жауап­кершілікке тартылады.

Осының айғағындай  қызметінен кет­кен бұрынғы премьер-министр  Над­жиб  Разактың  жемқорлық және қаржы­ны жымқыру ретімен күдікке ілінуіне байла­нысты  зайыбы Росма  Мансур екеуі­­не  ел­ден сыртқа шығуға тыйым салынды.

Бұл орайда  Махатхир Мохамед: «бәрін тергеу амалдары анықтайды, мәселе заң негізінде шешіледі» десе, Наджиб Разак­тың өзі:  «Мен билікті құрметтеймін және отбасыммен елде қаламын», – дегенді айтты. Артынан  елге күштеп әке­ліп әуре болмас үшін мұндай  нұсқауды шет елге шығу мәсе­лелерімен айналы­сатын депар­таментке   М.Моха­медтің өзі бергені белгілі болды.

Малайзияны соңғы тоғыз жыл бойы басқарып келген, 64 жастағы  Наджиб Разактың  басына  бұлт осымен екінші рет үйірілді.  Осыдан үш жылдай бұрын, яғни 2015 жылдың тамызында  Н.Разакқа шет елден жіберілген  қыруар қаржыны  жым­қырды  деген күдік келтіріліп, оның қыз­меттен кетуін талап етіп, малай­зиялықтар жаппай наразылық шеруіне шыққан. Онда мәселенің мәнісі былай болған еді.

2009 жылы Наджибтің бастамасымен 1MDB (1Malaysіa Development Bhd)  ин­вестициялық даму қоры құрылған. Қор миллиард долларға құнды қағаздар шыға­рып, энергетика мен жылжымайтын мү­ліктер саласындағы активтерге иелік еткен. Алайда, жүйелі түрде қаржы түсіп тұрма­ғандықтан қор міндетіне алған берешек­терін төлей алмай дағдарысқа ұшыраған.

Қандай себеппен  жарылқап, қолұшын созғаны белгісіз, 2015 жылдың мамыр айында Біріккен Араб Респуб­ликасындағы Әбу-Даби мемлекеттік қоры  1MDB-ке 700 млн. доллар аудар­ған. Көп өтпей осынау мол қаражат  Н.Разактың жеке есеп-шоты­на түскен. Жұрттың күдік­тенетіні  осы жәйт.

Мұндайды қалт жібермейтін The Wall Street Journal және The Sarawak Report  басылымдарының қазымыр журналис­тері  індете зерттеп, 700 млн. қаражаттың қашан және қай жақтан түскенін анықтап қана қоймай, соңғы 2014  және 2015 ж.ж.  11 млн. доллардың  аударылу тұс­тарының малайзиялық  МН 370 (Куала-Лумпур  – Пекин) бағытындағы және МН 17 (Донбас аспанындағы) ұшақтардың апат болған кезімен тұспа-тұс келгенін көрсетіп, қатты назар аударған. Осыған байланысты жұрттың көкейінде: «ұшақ апатына қатыс­ты әлдекімдер ауыр қылмыстың ізін жасыру үшін малайлық премьерге пара берді ме екен?» деген күдік-күмән туған.

 

Халықтың  көңілінен шығатындай басшы болған емес, болуы да екІталай

 

Бір таңданарлығы, ол кезде де ше­руге шыққандарды  Наджиб Разактың бұрынғы партияласы, әрі ұстазы санала­тын Махатхир Мохамед қолдап: «Елдезаңның үстемдігі талабы сақталмай отыр. Мұндай жағдайда тұйықтан шыға­тын бір ғана жол – премьер-министрдің қызметтен кетуі. Ал, оны қызметінен кетіру үшін халық бірігіп, парламентте оған сенімсіздік көрсетіліп, Разак өз еркімен кетуі тиіс»,   деген пікірін білдірген.

Сондай-ақ, ол билікке:

1)2013 жылғы сайлауда жетекші партия неліктен күткендегідей нәтижеге қол жеткізе алмады?       

2) 2006 жылғы қазанда француз сүңгуір қайықтарын сатып алу жөніндегі келіс­сөзге қатысқан моңғолдың аударма­шы қызын өлтіруге кім тапсырыс берді?

3) Бұған дейін табысты жұмыс істеп келген мемлекеттік кәсіпорындар неліктен өзін-өзі ақтамайтындай болып қалды?  Премьер-министрдің туыстары қалайша байып барады? – деген сұрақтар қойған.

Ал Наджибтің өзі «араб қамқор­шылары аударған ақша заңды, онда ешқандай да бір қылмыстық  әрекет жоқ» деп жанталаса ақталып, дау-дамай  әрең басылған   болатын.

Мемлекеттер тарихында  халықтың түгелдей көңілінен шығатындай  кем-кетіксіз, мінсіз басшы болған емес, болуы да екіталай. Мәңгілік ештеңе жоқ. Өмірбақи елді басқару  да ешкім маң­дайына жазылмаған.

Дегенмен, әділін айту парыз. Екі мер­зім (2009–2013 ж.ж. және 2013–2015 ж.ж.) Малайзия үкіметін басқарған Наджиб Ра­зактің   елдің  өсіп-өркендеуіне,  дам­уы­­на  елеулі үлес қосқаны  даусыз.

Шындығында, Наджиб  үкімет тізгінін өзіне дейінгі  премьер Абдулла Бадави  қызметін дұрыс атқара алмай амалсыз кеткен саяси дағдарысты, қиын кезінде  ұстады. Тергеусіз, сотсыз абақтыда отырған 12 тұтқынды босатты, жабылып қалған екі оппозициялық газетті қайта шығаруға рұқсат берді. Жұмысқа кіріскен күнінің ертеңіне Махатхир  Мохамедпен кездесіп,  оның БМҰҰ (Біріккен малай ұлттық ұйымы) партиясына қайта келуіне  ықпал етті. Өзіне дейін ешбір үкімет басшысы жасамаған әрекетті жасап, халықтың ортасына барып, олармен ашық  сөйлесті. Алдын-ала жарияламай  Куала-Лумпурдың  малайлар тұратын – Керин­чи, қытайлықтар тұратын Петалинг-стрит және үнділіктер тұратын Брикфилдз ау­дандарына  барып, жергілікті тұрғын­дар­мен кездесу өткізіп, олардың көкей­ле­ріндегі  ойлары мен мұң-мұқтаждарын  сұрап білді.

Кейбіреулер сияқты  үкімет құрамын түгел ауыстырмай көбісін орнында қал­дырып, олармен тіл табыса жұмыс істеуге тырысты. Вице-премьер және білім ми­нист­рі етіп, БМҰҰ партия­сындағы  орын­басары  Мухиддин Ясинді тағайындады.

Мухиддин Ясин  халықтың талап-тілегіне орай  2012 жылдан бастап,  мек­теп­терде  математика мен жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқытуды тоқтату жайын  қолға  алды.

Наджиб  экономиканы  одан әрі жан­дандырудың  бірден-бір жолы  қаржы-қаражаттық жүйе мен банк саласын реформалау деп таныды. Осы салаларда тиімді өзгерістер жасауының арқасында сырттан құйылатын инвес­тиция  көлемі ұлғайды, шетелдіктердің  келіп, белгі­ленген тәртіп пен заң аясында емін-еркін жұмыс  істеулеріне  жол ашылды.

Малайзиядағы  күрделі түйіннің бірі – жергілікті малай халқы мен қытайлықтар  және үнділіктердің  қай­шылығы  сана­лады. Осы келеңсіздікті үйлестіру мақ­сатында  «Біртұтас Малай­зия» деген ұран­мен үш этностың арасында  түсі­ністік, ынтымақтастықтың қалыптасуына күш салды.

Тұрмысы төмен тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған  11 топ­та­мадан тұратын іс-шаралар қабылдады. Осындай нәтижелі жұмыстарымен жұртшылықтың көңілінен шығып, 2013 жылы екінші рет Наджиб Разакқа үкіметті басқару сенімі көрсетілді.

Бірақ өмір-тіршілік бір орнында тұр­майды. Қоғам алға жылжыған сайын оны басқаратындарға жаңа талаптар қойыла береді. Сондықтан да  Малайзия халқы елді басқа партияның, басқа  адамдардың басқаруын қалаған болулары керек.

 

Малайзия реформасының атасы

 

Ендігі жерде  Малайзия үкіметін  пар­ламенттік сайлауда жеңіске жеткен  «Үміт альясы» коалициясы басқарады. Премьер-министр қызметін бір кезде елді жоғары даму деңгейіне көтеріп,  малай­лықтардың зор құрметіне бөленген  баяғы, білікті реформатор Махатхир Мохамед атқарады.

Бұл жаңалық жария болысымен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назар­баев Махатхир Мохамедтың атына құт­тықтау жеделхатын жолдады. Онда: «Сайлау қорытындысы  халықтың Сізге деген сенімін және Өзіңіздің  парасатты басқаруыңызда  Малайзияның алдағы уақытта жаңа белестерге  көтерілетінін көрсетті. Сіздің 1981–2003 ж.ж.  Малай­зия­ның қарқынды дамуына қосқан үлесіңіз соның айқын айғағы. Қазақстан мен Малайзияның  достық  қарым-қаты­насы  жыл асқан сайын  жан-жақты және терең сипатта дамып келеді»,–  делінген.

Жеделхаттың соңында  Елбасы  Ма­хатхир Мохамедке  жауапты қызметінде және Малайзия халқына – бейбітшілік, жетістік және гүлденіп-даму  тіледі.

Дейтұрғанмен, Малай елінде  тоқсан­ның екеуіне келген, өлмелі шал,  қарт саясаткердің  билікке қайта келуі әлемнің көптеген  саясаттанушыларын  таңдан­дыруда.  Оларды:  «Махатхир Моха­мед Малай­зияны  шынымен жаңа  биік-белес­терге көтергісі келе ме?  Әлде бас­қадай бір ой-мақсаты бар ма?» деген сияқты сұрақтар мазалайды.

Айтпақшы,  2015 жылдың көктемінде Қазақстан азаматы Данияр Кесікбаев  Малайзияның  доғарысқа кеткен  пре­мьер-министрі Наджиб Разактың  қызы Нурианаға  үйленіп, Куала-Лумпурде және Алматыда ұлан-асыр той болып, онымен құдандал болғанымыз, тойға талай лауазымды тұлғалардың қатысқаны  көпшіліктің есінен шыға қоймаған шығар.

Задында бауырмал, үй-іші, отбасы, ағайын-туыс, көрші-көлем  ғана емес, алыстағы құда-жекжаттың да амандығын тілеп отыратын біздің қазаққа Малайзия жұртының  тыныштығы, Наджиб Разак құдамыздың күдіктен арылып,  ақталып шыққаны қажет.

Неде болса, әліптің артын бағайық.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *