МАЙРАНЫҢ МАХАББАТЫ
Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Майра Ильясованың шоқтығы биік жобаларының бірі – «Жан анам» қайырымдылық ән кеші болып өтті.
Рая ЕСКЕНДІР
Дәстүрлі ән кешінде қаланың қайырымды халқы әсем ән тыңдап қана қоймай, Руслан Қыдырбек есімді жасөспірімге көмек қолын созып, үлкен сауапты іс жасады. Өте күрделі 4 диагноз қойылған Русланға жұртшылық 800 мың теңге жинап, көмек көрсетті.
Қазақ сахнасының сандуғашы Майра Ильясова осынау ән жобасының нұсқасын жасап отырғанда «Асыл анамның нұр жүзі жадымда еміс-еміс жаңғырып тұр. Мен үш жасқа толар-толмастан о дүниеге аттанып кеткен анамды жиі есіме аламын. Сәбиі болып еркін еркелей де алмаған екенмін-ау. Сол анама перзенттік парыз ретінде мәңгілікке бір ескерткіш қойсам деп армандаушы едім. Сол арманым ақиқатқа айналған сияқты. Анама, жалпы барлық аналарға деген махаббатым осы ән жобасы болар», – дегені әлі күнге есімде.
Майра Әлімғазықызының сол бір ән жобасы ғұмырлы болды. Тыңдаушысын сұлу әнмен тербеп келе жатқанына биыл тура 10 жыл толды. Көктемнің лебіндей, жылылықтың хабаршысы іспетті «Жан анамды» қалың көрермен сағына тосатын болды. Уақыт өте келе, көрермендер осынау ән кешінің тағы да бір жаңалығына куә болғаны бар-тын.
Көмекке мұқтаж, төңірегіндегілерден көмек күтіп, жылылыққа зәру жандарды көрген сайын Майра Әлімғазықызының жүрегі елжіреп, көңілі босап, іштен тынып жүретін.
– «Мына жобаны қайырымдылық ән кешіне айналдырсам қайтеді», – деп ой түйген Майра Әлімғазықызы келесі ән кешінде сырқат балаға көмек көрсетіп, үлкен жүректілік танытқаны бар. Қазақ деген – жаны жомарт, қолындағысын біреуге беруге асығып тұратын халық емес пе?! Сол жолы қайырымдылық үшін қойылған жәшікке жан-жақтан ағылған жұртшылық қолындағы тиын-тебенін сырқат баланың сауығып кетуіне көмек болсыншы деп, әп-сәтте-ақ қомақты қаржы жинап берген еді. Майраның қайраткерлігі, қайырымдылығына тәнті болған жұртшылық та сауапты іске қолдау білдіріп, «Жан анам» ән кешін қайырымдылық шарасына айналдырып жіберді. Осы жылдар ішінде қолы үсіп кеткен жас жігіт, бір бүйрегін бауырына берген туыс, төсекке таңылған ғаріп бала дейсіз бе, ұзын-ырғасы 8 мұқтаж жанның өміріне арашашы болған екен. Осынау нұрға толы «Жан анамның» он жылы да сауапқа толы. Естеріңізде болса, қолы үсіп кеткен атпалдай азаматты анасы тамақтандырып, басқа да қажеттіліктерін атқарып отырғанын көрген жұртшылықтың еріксіз егіліп, қатты күйзелгені бар. Көрерменнің қайырымдылық көмегінің арқасында домбығып кеткен қолдың орнына білікті дәрігерлер саусақ орнатып, кесені қолымен ұстайтындай дәрежеге жеткізген еді. Сол жігіт бүгінде көлік жүргізіп жүйткіп жүр. Естуімізше, үйленіп те алыпты. Міне, «көп түкірсе – көл» деген осы емес пе?
Әнші Майраның әкесі Әлімғазы Ибраев пен анасы Қазына өмірге төртінші перзенттері Майра келгенде «1 Мамыр – мереке күні дүние есігін ашқан баламыздың аты Майра болсын» деп есімін ерекше атаған екен. Қысы суық, көктемі жай келетін Семей топырағында дүниеге келген әнші Майра бүгінде халқының танымал өнер шеберлерінің біріне айналды. Сахна шебері, көмейіне бұлбұл ұя салған сандуғаш үнді әнші Майра балалар үйлері мен арнаулы мектеп-интернаттарында болып, талай-талай мүмкіндігі шектеулі балалардың жанынан табылды.
Алматыдағы Н.Островский атындағы №4 көзі нашар көретін балаларға арналған мектеп-интернатына барып, ән салған Майраның өзін көрмесе де, оның әнін жүрегімен тыңдаған балалар қайта-қайта қошемет көрсетіп, қимастықпен қоштасты. Сол жолы балалардың әнге деген іңкәр жүректеріне риза болған Майра апайлары да музыкалық аппаратты сыйға тартып кеткен еді. Әнді жүрекпен қабылдаған балалар қатты риза болып, Майра апайларын ең қайырымды жан ретінде қабылдаған еді. Қаламыздағы «Үміт үйінің» кішкентай сәбилері де Майра апайларын сағына тосып отырса, Талғарда да әнші апаларының жолын күтіп отыратын балалар бар. Көмекке мұқтаж жанның барлығы Майра Ильясованы іздейді. Жерлестері, сыныптастары дейсіз бе, «Майра, сенің көмегің қажет болып тұр» деп жатқаны. Сонау Семейде де Майраның қалдырған қолтаңбасы баршылық. Сәтін салса, туған жері Ақсуатта мешіт салсам деген де арманы бар.
Әнші Майраның «Қазақтың Майрасы» атануы да тегін емес. Халқымызда әнші көп болғанымен, Майра жалғыз. Халықтың Майраны жақсы көріп, жақын тартуы – оның қарапайым мінезінде. Елден ерекшеленіп, биіктен менсінбей қарау деген Майраға жат мінез. Атақты әнші екенмін деп асқақтап кеткен жері жоқ. Қашанда халқымен бірге жүретін Майра Ильясованы көрген жұрт та тура бір туғанын көргендей қолын алып, құшақтап амандасып жатқаны. Сахна киесін сезінген өнер иесі көрерменін де қадір тұта білсе керек. Біз білетін Майра Ильясованың азаматтығы, қарапайым қазақы мінезі оның өзіне тән үлкен жүректілігін аңғартса керек. Майраның ән кешіне келіп, шығармашылығымен таныс жандар жиі аңғарып отыратын тағы бір дәстүр бар.
«Үлкен сарайда ән салғымыз келеді. Жұлдыздармен бірге ән салсақ қой» деген талай жас таланттың да өнердегі тұсауын кесіп жүрген әнші Майра кіндік шешелері іспетті. Өнерде бірге жүрген, көзден кеткен соң, көңілден де кетіп жатқан әріптестері де Майраны бір сәт бей-жай қалдырған емес. Өмірде де, өнерде де бірге жүрген құрбысы Мәдина Ералиеваны еске алуға арналған ән кештерін де ұйымдастырып жүрген – осы Майра Ильясова.
Қарапайымдылығымен халқының ықыласына бөленіп жүрген Майра Әлімғазықызының өнер жолындағы жылдардың өз қиындығы да болды. Атақ-даңқ талмай іздену мен еткен еңбектің арқасында келді. Майра әлі де ізденіп, бір сәт бос отырғысы келмейді. Көзінің ағы мен қарасындай болған Тоғжанынан бүгінде екі немере сүйіп отырған қажы Майра Ильясова – отбасында мейірімді әже. Қарап отырсаңыз, сахна сандуғашы Майра Ильясова тек әнші ғана емес, іскер ұйымдастырушы, ұстаз, ардақты әже, адал құрбы, жаны жомарт жан. Бұл біз білетін Майраның бір-екі қыры ғана. Ең бастысы, Майраның халқына деген махаббаты.