МАЙКӨТ ПЕН ЖАМБЫЛ

«Майкөт Сандыбайұлы (1837–1902) – аса ірі, өте шебер ақын. Оны оқушы қауым Құл­манбетпен айтысынан, «Алпамыс» жырынан да анық біледі. Ол неше алуан эпостарды, қиссаларды жырлап, байтақ аңыз-әңгімелерді баян еткен. Жамбыл «Көрұғлы сұлтанды» Сарыбайдың асы өткен соң Әулиеатаға арнайы іздеп барып, осы Майкөттен үйренген. Майкөт «Көрұғлыны» қырық күн жырлайды екен. Жамбыл он бес күн жырлаған. Ал Майкөт «Алпамысты» айтқанда тау суындай сарқырап, көсілген…»

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ.

 

Жеңіс ШЫНЫБЕКҰЛЫ

Дастаншы жырау әрі аламан айтыс ақыны Майкөт Сандыбайұлы ХVІІІ ғасырдың орта тұсында қарт Қаратаудың теріскей жағындағы халық шері толқып аққан Шабақты өзенінің жағасында дүниеге келген (кейбір деректер А.Нысаналин мен С.Еркімбекұлы құрастырып шығарған «Жампоз» жинағынан алынды. – авт.). Оның дәлелі, болашақ жыршы, айтыс ақыны Майкөт 32Қаратау сілеміндегі Шаян деген қоныстағы Әппақ Ишан медресесінде оқып, ескіше сауатын ашқан. Көнекөз қарттардың айтуынша, болашағынан мол үміт күткен жастың оқуына өмір бойы Шабақты өзенін жайлаған, он бес мың жылқы айдаған Шоқай датқа қол ұшын беріп, көмектесіп отырған екен. Шоқай датқаның мазары Шабақты өзенінің дәл жағасында бұрынғы әдемі көркін жоғалтпай, архитектуралық күрделі қалпын сақтап, көкке ұмсынып тұр. Оның ұрпақтары мазардың алдына датқаның алып ескерткішін орнатқан. Мазардың қасында «Күлтөбе» деп аталатын биік төбе бар. Бұл жерде бұрын «Ұлы Жібек жолы» бойындағы Саудакент деген қамал-қала болған.

Қала қорғаушылары Шыңғыс хан әскерлеріне қатты қарсылық көрсетіп, түгелімен қаза тапқан. Моңғолдар қаланы тып-типыл етіп өртеген. Орнында осы «Күлтөбе» қалған. Болашақ ұлы жырау осы «Күлтөбе» маңында дүниеге келген. Саудакент халқы үшін бұл жер қасиетті, аруақты жер саналады. Жас отау тіккендер осында келіп, аруақтарға тәу етеді, бата тілейді.

Майкөт жігіт шағында датқаның арқасында жақсы ат мініп, жақсы киім киіп, әлденеше нөкер ертіп, салтанатпен ел аралап, сал-серілік құрған. Жасынан-ақ бүкіл Қаратау, Сарыарқа өңіріне, Сыр бойына аты мәшһүр ақын және жырау ретінде танылған екен. Ол эпостық қиссаларды апталап, айлап жаңылмай жырлаған. Реті келгенде, айтысқа түсіп отырған. «Оның жырларын жинаған, кейбірін жатқа білген — дәрігер Дүйсенбек Мұсаев ақсақал еді», – дейді журналист Жаңабай Миллионов.

Өкініштісі сол, Дүйсенбек жинаған жырларын еш жерде жариялата алмаған. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары ол кісі қайтыс болған. Ол кісі жинаған Майкөт жырлары, айтыстары жоғалып кеткен. Одан өткен өкініштісі сол, аға буын адамдар болмаса, жас ұрпақ өкілдері Майкөт атын біле бермейді. Оның атын ең болмаса өзі туып-өскен жердің жастары білуге тиіс қой. Бұл жырауды жоқтаушылардың аздығы, оның шығармашылығын насихаттаудың жоқтығы болса керек.

Майкөт айлап, жылдап ел аралап жүріп, Сыр сүлейлерімен жан алып, жан беріскен айтыстарға түскен. Бірақ, ол кіммен айтысты, қалай айтысты, ол туралы деректер жоқтың қасы. Майкөттің азулы ақын ретінде шырқау шеберлігін танытатын кезі Құланаяң Кұлманбетпен айтысы. Бұл айтыс жырсүйер жетісулықтардың арқасында бүгінге жетіп отыр.

ХІХ ғасырдың соңына таман, дәлірек айтқанда, 1891 жылы Майкөт арнайы шақырумен Жетісу жеріндегі Үшқоңыр жайлауында өткен Сарыбайдың асына келеді. Сонда оны Жетісудың игі жақсылары, ішінде Жамбыл бар, ақындар зор құрметпен қарсы алады. Қошеметке қатты риза болған Майкөт көкорай шалғынға төселген кілем үстіне отыра кетіп, «Жетісу саңлақтарымен сәлемдесу» деген ұзақ толғауын жырлап жібереді.

 

Шәріміз Әулие-Ата, Меркіде еді,

Өлеңге молда Майкөт еркін еді.

Көрмеген Жетісудың саңлақтары,

Саңлағын Жетісудың көргім келді.

 

Отырған Жетісудың ең саңлағы,

Бүркітбай баршаңызға сәлем деді.

Жиынын Сарыбайдың естіген соң,

Бұл Майкөт он бес күнде әрең келді.

 

Қорғасын ауырындай салмақтары,

Бабамның көтере гөр аруақтары.

Жүрмісің есен-аман, күйлі-жайлы,

Көрмеген Жетісудың саңлақтары.

 

Ол осы толғауында асқа жиналған игі жақсы­ларға атап-атап сәлем береді. Қаратау халқының сәлемін жеткізеді. Бұл толғаудың Кенен Әзірбаев, Марал Ысқақбаев жазып алған бірнеше нұсқалары бар екен. Бірақ, ол нұсқалардың бір-бірінен онша алшақтығы жоқ, бәрі бір арнаға тоғысады. Май­көттің айтқыштық өнеріне, суырыпсалма тапқыр­лығына Жетісу қазақтарымен қатар, қырғыз манаптары да қайран қалып, тамашалайды. Қырғыздың халық ақыны Тоғалақ Молда өзінің «Қазақ ақындары» деген толғауында:

Тоқпақта үлкен жиында,

Майкөтті көрдім көзіммен.

Байқатып өтем сөзіммен,

Қаршығадай түйілген,

Өзі салдай киінген, – деп Майкөтпен кездескенін, көзімен көргенін мақтан етіп жырлапты. Майкөт пен атақты Құлманбет айтысы қырғыз манабы әрі батыры Бәйтік Қанаевтың үйінде өткен екен. Сонда жеңуді ғана мұрат тұтқан Құлманбет Майкөттің елін – Қаратауды, Сыр бойын жамандап жырына қосады. Елің жер тырмалаған кедей деп мінейді. Құлманбет:

Сенбісің, Майкөт ақын, даусы биік,

Айтып ем қасақана жанға тиіп.

Біреуі болыстардың екен деп ем,

Жүз сомдық отырғанға ішік киіп, – деп әжуалай мысқылдағанда, оның арқасы жауыр байтал мініп келгенін көріп қалған Майкөт жұлып алғандай:

Білмесең неге айтасың жанға тиіп,

Жүз сомдық отыр едім ішік киіп.

Мен сендей шерменде боп жүрмек пе едім,

Байталға жауыр, шолақ жайдақ мініп, – деп салады.

Қазақ — сөз өнерін қатты қадірлейтін әрі намысқой халық. Мұндай адуын айтыстардың соңы кейде дау-дамай, төбелеске де ұласып кететін кездері болған. Майкөт Құлманбеттің өз басының кемшілігін айтпай еліне тіл тигізгенін көтере алмай:

Уа, Құлманбет, Құлманбет!

Қарақалпақ, қазақта,

Бұзылды сенен бұл ниет

Ағып жатқан сумен кет,

Қызарып батқан күнмен кет,

Күн де қайтып шығады,

Туу, пәлекет, әрмен кет! – деп өте ауыр сөздер айтады. Арыстандай арпалысқан қос дүлдүл бірнеше күн айтысса керек. Ел араға түсіп айтыс аяқталмай қалады. Бәйтік батыр арындаған екі ақынды тоқтатып басу, бітім айтады. Ертеңіне елді қайта жиып, Майкөтке түйе, Құлманбетке ат мінгізеді. Қазақ дәстүрі бойынша түйе жетектеген адам жеңген болып саналады.

Мәрт Майкөт «жеңдім» демейді, азуы алты қарыс Құлманбет «жеңілдім» демейді. Екеуі сол арада төс қағыстырып татуласады. Алатаудың күнгейі мен теріскейін жайлаған ел қос ақынның хас өнеріне риза болып, артын үлкен той-думанға айналдырып жібереді. «Шын мәнінде, бұл қос жыр дүлдүлінің жекпе-жегі — ұлттық айтыс өнерінің үздік үлгісі болып табылады» деп жазды Аян Нысаналин.

 

***

Заңғар сөз зергері Мұхтар Әуезов: «Бір күнде он жеті ақынмен айтысқан Жанақ сол жолдың өзінде «Қозы Көрпеш – Баянды» жаңадан, тыңнан жырлап шыққаны мәлім. Ал айтыстың Майкөт, Сүйінбай, Жамбыл сияқты ірі ақындары, екінші жағынан, ірі дастаншы ақындары болғаны да мәлім.

…Қазақта бұл өңірде сол тұста атақты, дәулескер ақыннан Майкөт ақын, Жалайыр Қабек, Бақтыбай ақын, Құланаяң Құлманбеттер бар» десе, Есмағанбет Ысмайлов: «ХІХ ғасырда белгілі айтыс дәстүрін, айтыс мектебін жасаған Орынбай, Шөже, Жанақ, Әсет, Айсұлу, Сара, Сүйінбай, Майкөт, т.б. ақындар болды», – деп жазды өздерінің зерттеу еңбектерінде.

Бұл ұлы ғұламалар басқа да ақындармен қатар Қаратаудан шыққан Майкөтті де жақсы білген. Оның айтыскерлік, жыршылық талантын құрметтеп, бас иген.

Өкінішке қарай, Майкөттің көптеген айтыстары, жыр-толғаулары жазбаша күйінде сақталмаған. Оны ғалымдардың бәрі айтады. Бірақ, «ауызды қу шөппен сүртуге» болмайды. Оның «Жетісу игі жақ­сыларымен жүздесуі» деген ұзақ жыры, «Жиырма бестен жүзге дейін» деген толғауы, Құлманбетпен айтысы толық сақталып, қазіргі дәуірге жеткен. Олар Қазақстан Ғылым академиясының кітапхана қорында сақтаулы тұрған көрінеді. Аян Нысаналин өзінің «Жампоз» жинағында осы шығармаларды тиімді пайдаланған. Өте орынды пікірін айтқан.

 

***

Майкөт Жетісуға келген осы сапарында жас қыран Жамбылмен жүздесіп, танысады. Бір үлкен жиында Жамбыл сәлем беріп кіріп келеді. Сонда төрде отырған Майкөт:

Сапар тартып келіп ем,

Сарыбайдың асына.

…Шырқайын деп шығып ем,

Майтөбенің басына.

…Естуші едім дабысын,

Жамбыл бар деп осында.

Ақын болса келмеді

Неге менің қасыма?

Неге сәлем бермейді,

Мендей кәрі досына, – деп өкпе-назын айтады.

Сонда Жамбыл да бөгелмей:

Сәлем, уағалейкүм, Майкөт аға!

Есітіп даусыңды келдім жаңа.

Алдынан үлкендердің өтпейін деп,

Аялдап, әдейі өттім біраз ғана.

Сіз бе еді ақын аға Майкөт деген,

Бір сөзі бір сөзінен қайта өтпеген,

Саңқылдап сарайыңнан өлең шықса

Именіп өзге ақындар бәйпектеген…

…Сөйлеген аға тұрып ініден без,

Ежелден елде сондай бар еді, сөз!

Аралау ағайынды бір бұл емес,

Әлі де сізбен талай болармыз кез, – деп толғай жөнеледі.

Жамбылдың тауып айтқан уәжіне риза болған Майкөт былай деп жырлайды:

…Тауып айтқан сөзіңе,

Селт еттім де серпілдім.

Мейірімім түсті өзіңе

Бата берсем деп тұрмын.

Жамбыл да іле жауап береді:

Әумин, батаңызға көтердім қол,

Етейін Сізге құрмет мен осы жол.

Той қылып тобымызда отырыңыз,

Менің де Майкөт аға, тілегім сол.

Алатау мен Қаратаудың арынды арғымақтары осылай табысқан екен. Кейін Жамбыл Әулие-Атаға арнайы іздеп барып, Майкөттен біраз қиссалар үйреніп қайтыпты. Жамбыл Сүйінбай сияқты Майкөтті де ұстаз санаған екен. Кенен Әзірбаевтың:

– Мәді мен Майлықожа, Майкөт ақын,

Шығарған өнерімен жұртқа даңқын.

…Бұлардың бәрі жүйрік жазбай айтқан,

Бір айтқанда талай күн талмай айтқан,

Ақырып «А!» дегенде сөз жауғызған,

Бұлақтай күндіз-түні тынбай аққан, – деп жырлағанына қарағанда, ол да Майкөтті пір тұтып, сөз құдыретіне бас иген сияқты.

 

***

 

Майкөт әлі де толық зерттеліп болмаған қатпар-қатпар терең ақын, жампоз жыршы. Майкөттің қазіргі ұрпақтарының бірі – Егізбек Сәтұлы бабасының осы уақытқа дейін жарияланбаған жырлары мен айтыстарын іздеп жүр. Қолында мұндай материал бар адамдардың хабарласуын сұрайды.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *