Майдангер бейіті 70 жылдан соң табылды

Соғыста қаза тапқан әкесінің моласын интернет арқылы тапты

Серік ЖҰМАБАЙ

 

Сұм соғыстың біткеніне биыл 73 жыл толды. Бұл – аз уақыт емес. Адамзат тарихындағы ең сұмдық соғыстың аяқталғанына жарты ғасырдан асса да, ұрпақ майдангерлердің ерлігін ешқашан ұмытпайды. Ұлы Отан соғысында, әсіресе, қазақ жауынгерлері өзінің батылдығымен, қайсарлығымен көзге түсіп, жеңіске жетуге елеулі үлес қосты. Бірақ өкінішке орай, олардың басым көбі қан майданда ерлікпен қаза тауып, әлі күнге дейін ұрпақтары қайда жерленгенін біле алмай жүрген боздақтар қаншама?! Солардың бірі – Мағзамбек Қаратайұлы. Ол әкесінің нақты қайда жерленгенін арада 70 жыл өткен соң барып тапқан.

Майдангер Қаратай Жанұзақов 1912 жылы Шығыстың Семей аймағындағы Көкпекті ауданында дүниеге келген. Ол жастайынан оқуға бейім болып, медресені үздік бітірген. Көп еңбек етіп, елге сыйлы, беделді азамат болған. Оның жасөспірім кезі Кеңес үкіметін орнату кезімен тұспа-тұс келді. 1929–33 жылдары Сәкен Сей­фуллин, Тұрар Рысқұлов сынды алаш азаматтары­мен қатар Семей, Көкпекті жерлеріне колхоз, совхоз құруға белсене қатысады. Ел басқарып, бригадир болады. Тіпті, партияның жолдауымен Түрксіб теміржолын салуға атсалысады.

1934 жылы Тұрар апамызбен отау құрып, үш баланың әкесі атанады. Алайда, 1941 жылы сұм соғыс басталып, ер-азаматтар лек-легімен майданға шақырылады. Сонда 1942 жылы Қаратай Жанұзақов Отан қорғау үшін әскерге аттанады. 1942-43 жылдар соғыстың ең қиын кезі болатын. Сталинград майданы, Курск шайқасы, Тула қаласы үшін күреске көптеген қазақтың батырлары қатысады. Осы тұста Мәскеуді қорғаған атақты Бауыржан Момышұлы, гвардия жауынгері Төлеген Тоқтаров, генерал Панфилов Қаратай ағаға ерліктің үлгісі болды. 1943 жылы 20 ақпанда Тула облысының Арсеньев ауданы, Поляны деген ауылдың қасында қанды қырғын шайқас болады. Қаратай Жанұзақов осы қиян-кесті ұрыста ерлікпен қаза табады…

…Ұлы Жеңісті майдангердің үлкен баласы – Мағзамбек аға 10 жастағы бала кезінде қарсы алады. Анасы Тұрарға кішкентай бауырлары – Амангелді мен қарындасы Айманды өсіріп-жеткізуге көмектеседі.

Ер жеткен соң Мағзамбек аға Алматыға келіп, Киров атындағы Қазақ мемлекеттік универси­те­тіне оқуға түседі. Осы кезден бастап ол әкесі Қара­тайдың қаза тапқан жерін, мәңгілік көз жұмған мекенін іздей бастайды. Ол оңайға түспейді. Кейін балалары Нұрлан, Гүлнәр, Аида және немерелері де іздеуге көмектеседі. Күндер зырғып, айлар жылжып, жылдар өтеді. Арада 67 жыл өткеннен кейін Ресейден көптен күткен хабар келеді.

Мағзамбек аға Тула облысы, Арсеньев ауданы ардагерлер кеңесінен: «Сіздердің жіберген сұрауларыңызға байланысты келесіні хабарлай­мыз. Қаратай Жанұзақов мұрағаттағы мәлі­меттер бойынша, үшінші армияның 5- атқыштар дивизиясы құрамында болған. Ол 1943 жылы 20 ақпанда ерлікпен қаза болады. Оның мүрдесі Тула облысы, Арсеньев ауданы, Поляны ауылының бауырластар моласында жерлерген. Біз Отан үшін ерлік көрсеткен батырларды ешқашан ұмытпай­мыз. Сіздерді 9 мамыр күні Арсеньев ауданына шақырамыз» деген мазмұнда хат алады.

– Мен осы хатты оқығаннан кейін әкемнің бейітіне бару үшін қызыммен бірге жолға шықтым. Онда мені жергілікті жердің губер­наторы мен ардагерлер кеңесінің төрағасы Виктор Григорьевич күтіп алды. Маған екі күн жүріп-тұратын көлік беріп, тіпті қонатын үйіме дейін дайындап қойды. Әрине, мен оларға ризамын. Зираттардың барлығы қоршалған, боялған, мұнтаздай тап-таза екен.  Әкемнің бейітінің басына барып, жылап тұрып есеп бердім. Көңілім қатты толқыды. «Әке, соғысқа аттанарда баламның мектепке барғанын көре алмай кетіп барамын деп едіңіз. Құдайға шүкір, оқу бітірдім. Жоғары білім алдым. Өз мамандығым бойынша жұмыс істеп, үйленіп, бала-шағалы болдым. Келініңізбен бірге тұрып келе жатқаныма 60 жылға жуық уақыт болды. Отбасымыздың бәрі тегіс аман. Немере-шөберелеріңіздің бәрі тәртіпті, өсіп-өніп, қызметтерін атқарып жатыр. Сіз бала кезімде «өтірік айтпа, ұрлық жасама, кісінің қарғысын алма!» деп едіңіз. Мен сіздің осы өсиетіңізді түгел орындадым» – деп, басына Құран оқып, дұға бағыштадым. Осыдан кейін барып көңілім тыныш тауып, өзімді жақсы сезіндім, – дейді Мағзамбек Қаратайұлы.

Міне, осылайша Мағзамбек аға бала күнгі арманына жетті. Әке аманатын орындады. Ресей­ден елге келгеннен кейін қайсар әкесінің өмір жолы жайлы шағын фильм түсіріп, әке рухына бағыштап ас берді.

Айта кетейік, Мағзамбек Жанұзақов Қайни­жамал Ақатаева жеңгеймен 1958 жылы 28 сәуірде отау тігіп, шаңырақ көтерген. Олар бала өсіріп, немере сүйді. Нұрлан, Ғалия, Гүлнәр, Серік, Аида, Сабыр атты ұл-қыздары қазір еліміздің әр түрлі салаларында қызмет жасап жүр.

Қалай десек те, қан майданда от кешіп, талай ұйқысыз, мазасыз түндерді, кескілескен шай­қастарды бастан өткізген батырларымыздың өмірі мен ерлігі жастарға үлгі-өнеге. «Ер есімі – ел есінде» демекші, бізге жарқын болашақ, бақытты ғұмыр сыйлаған аталар, апалар ерлігі ешқашан ұмытылмайды.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *