МАЙДАНДА ЖҮРІП ЖАМБЫЛМЕН ХАТ АЛЫСҚАН

48-атқыштар дивизиясының атақты мергені Дүйсенбай Шыныбеков туралы бір үзік сыр

900 күн мен түнге ұласқан Ленинград қаласын қоршаудан азат ету шайқасында неміс басқыншыларына қарсы соғысқан қазақстандықтар көзсіз ерлік көрсетті. «Қаһарман қала» атанған шаһарды жаудан азат ету жолындағы бұл шайқасқа қазақстандық әскери құрамалардың үштен бір бөлігі қатысқаны тарихтан мәлім. Үстіміздегі жылы  ленинградтықтардың қоршаудан азат етілгеніне 75 жыл толды. Әскери және қоғамдық ұйымдар бұл ерекше  датаны атап өтті.

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ

Қаһарман қаланы азат ету жолындағы қиян-кескі ұрысқа қатысқан қазақстан­дықтардың ішінде 48-атқыштар дивизия­сы­ның атақты мергені, Сыр елінің тумасы Дүйсенбай Шыныбеков те бар еді.

«Қазақстандықтар Ұлы Отан соғы­сында» деген ресми әскери деректе: «Қазақ­стандық әскери құрамалардың үштен бірі Ленинград түбінде соғысты. Ораниенбаум алғы шебінде 48-атқыштар дивизиясының атақты мергені Дүйсенбай Шыныбеков ерлікпен шайқасып, 174 немістің көзін жойды…» деп көрсетіліпті.

 

Шыныбековтың марапаттау парақшасынан

«Шыныбеков жолдас 1941 жылдан бастап полкте қызмет ете жүріп, полктің белсенді қорғанысы кезінде өзінің мер­гендік винтовкасымен 172 гитлерлік солдат пен офицердің көзін жойды. 13.03.1944 жылы Эстон КСР-нің Нарва ауданындағы Соскюла мекенінде болған шайқаста 37,2 биіктікте өз минометтерін шебер пайдала­нып, жаудың қарсы шабуылына тойтарыс беру арқылы үлкен ерлік көрсетті. Жаудың бір станокты пулеметін және гитлерлік 20 автоматшының көзін жойды.

Қазіргі уақытта үлкен практикалық және жауынгерлік тәжірибесін пайдалана отырып, жаңадан келген жауынгерлерді ұдайы оқытып, жеке құрамды алдағы шабуылға дайындап жүр. Нәтижесінде взвод жауынгерлік және саяси дайындық жөнінен ротадағы үздік взвод атануда.

Өз бөлімшесін ұрыста үздік басқарып жүрген, алдағы шабуыл әрекеттеріне дайын­дығы мол, жеке батылдығы, батыр­лығы, тапқырлығы және әскери шеберлігі өзгелерге үлгі болған Шыныбеков жолдас үкіметтік награда – «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталуға әбден лайық…».

 

«Дүйсенбай Шыныбеков 165 фашисті жер жастандырды

Біздің бөлімшеде қазақ халқының даңқты ұлы минометші Дүйсенбай Шыны­беков ерлікпен шайқасып жүр. Аға сержант Шыныбеков роталық миноменттен 97 басқыншыны, бақылау пунктін, асүй, мотоцикл, екі арбаны қиратып, жаудың 20-ға жуық атыс бекінісін жермен-жексен етті. Немістерді тек минамен ғана емес, оқпен де сұлатты. Шыныбеков ерлікпен қаза тапқан жерлесі, атақты мерген Какашкур Жүсіповтің винтовкасын қабылдап алды.

–  Менің қолым ауыр. Мен қаза тапқан  жауынгер досымның кегін зұлым жаудан алмай қоймаймын, – деді Шыныбеков.

Қысқа уақыт ішінде ол мерген винтовкасымен 68 немісті жер құштырды. Енді оның мергендік есебіндегі  фашистің саны  – 165-ке жетті. Ол «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Шыныбеков соңғы күндері тағы да оннан астам немісті көрге кіргізді».

Б.КОНОПЛЕВ,

«На страже Родины» газеті.

25.09.1942 жыл.

«Мерген Дүйсенбай Шыныбеков

…Ол ажалмен талай мәрте бетпе-бет келді. Жаудың дәл көздеген оғының да астында қалды… Оқ пен оқ жарықшақ­тарынан еш жеріне зақым келтірмей, командирдің «өзіңді сақта» деген бұйрығын есіне ала отырып, соғыстан аман шығып отырды. Бірде ол минометтен оқ жаудырды. Жау да жауап беріп үлгерді. Миналар қасына келіп жарылып жатты. Жолдасын оқ жарықшақтары мерт етті. Дүйсенбайдың өзін жарылыс толқыны  шетке лақтырып тастады. Омыртқалары түгелдей езіліп кеткен секілді. Арқасы алдырмады.  Ол дереу есін жиып, аяғынан тұрып:

– Орындарыңды ауыстырыңдар! – деп бұйрық берді.

Олар бес секундта орындарын, мино­меттерін ауыстырып үлгерді. Осыны күтіп тұрғандай, жау минометтері  оқты қарша боратты. Бірақ олардың оғы  бос топырақты бұрқылдатып жатты. Дүйсен­бай­лардың жаңа орыннан (позициядан) атқан оқтары жаудың дәл төбесінен түсті. Алғашқы оқтан-ақ неміс миноментінің үні  мерге­німен бірге өшті.

…Күндер, айлар жылжып өтіп жатты. Бірнеше ай өтті. Жамбыл ақынға Дүй­сенбай хат жазды: «Данышпан, Жамбыл! Дүйсенбай Шыныбеков 174 немісті жай­ратты. Ленинград туралы өлең жазуыңды өтінемін. Сенің өршіл үнің Қаратаудан да биікке шырқасын. Сенің  отты да жалынды сөздерің Сырдарияның толқынынан да тасқынды болсын. Ал ойың – қазақтың  байтақ даласынан да  кең болсын. Өз жырыңды, Жамбыл, «Ленинградты қорға­ғаны үшін» медалінің мағынасындай ереуілді сөздермен бастап, менің жүрегім­дегі дертті де сертті сөз – «Жеңіс үшін!» деген ұранмен аяқтағайсың!».

 

Аға лейтенант П.Бапкиннің  мақаласынан үзінді.

Көп ұзамай Жамбылдан жауап хат келеді. Дүйсенбай бұл хатты барлық жауынгерлерге оқып береді. Жыр алыбының жан тебіренткен жалынды жыры майданды аралап кетті. Бұл туралы  ленинградтық аға лейтенант А.Тарчаковтың Ұлы Жеңістің 20 жылдығына орай Қазақстанның аға газетінде басылған «Кітапта айтылмаған деректер» деген мақаласында жазылған («Социалистік Қазақстан» 1965 жылдың 14 мамыры).

 

Дивизияның үздік мергендері: 69 неміс солдаты мен офицерін құртқан ленин­градтық Василий Татьяничев пен 174 гит­лерші басқыншының көзін жойған Шиелі тумасы (Қазақстан) Дүйсенбай Шыны­беков.

(«Ленинградская правда» газетінің   материалдарынан, №228. 26.09.1943 ж.).

 

Дүйсенбай Шыныбеков – 1920 жылы Шиелі  ауданының Ақтоған бөлімшесінде өмірге келген. 1940 жылы Қызылорда медицина училищесінің үшінші курсында оқып жүргенде әскер қатарына алынып, Таллин қаласындағы мергендер даярлайтын мектепті бітіреді. Жиырма бір жасында соғыс басталып, Ленинград бағы­тында шайқасады. Соғысып жүріп мергендікті меңгереді. Ленин­градты қорғауға қатысады. Екінің бірі жасай алмайтын үлкен ерлік көрсетіп, 174 фашисті жер жастандырады. «Қызыл жұлдыз» орденін, бірнеше әскери медальді кеудесіне тақты. 1944 жылдың 27 шілдесінде Эстония жерін жаудан азат ету кезінде – Нарва қаласы үшін болған шайқаста ерлікпен қаза тапты. Жиырмадан енді асқан­да майданға аттанып, 24 жасқа иек артқан шағында ерлікпен қаза тапқан батыр жерлесіміздің соңында отқа оранған өмірбаяны ғана қалды…

Міне,  шиелілік Шыныбеков жайындағы шындық осындай. 174 фашисті жер жастандырған 148-атқыштар дивизиясының аты аңызға айналған атақты мергені Дүйсенбай Шыныбековты Батыр деуге әбден болады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *