МАЙДАНДА КЕЗДЕСКЕН ӘКЕ МЕН БАЛА

Лейтенант Әлжаппар Әбдіхалықовтың барлау­шылар взводының Станлинград майданынан ауыс­тырылып, қоршаудағы Ленинградты қорғауға келгеніне жылға жуықтады. Солтүстік Кавказ бен Сталинград маңында талай қанды жорықтарға қатысып, шыңдалып, шыныққан взводқа Ленин­градқа кіретін қақпа – Ижорск қару-жарақ зауы­тын қорғау тапсырылды. Бұрын бұл зауытты жергілікті жұмысшылардан құрылған атақты Ижорск батальоны қорғап тұрған. Әлжаппардың взводы осы батальонның құрамына кірді. Еділ өзенінің жағалауында талай фашисті жер жастан­дырған тәжірибелі жауынгерлер келген соң зауыт қорғанысы күшейе түсті. Енді батальон немістерге қарсы шабуылға да шығатын болды. Взвод барлаушы­лары түн жамылып барып, жаудың шебін ойрандап қайтады. Құр қол қайтпайды, тірі «тіл» алып келеді. Сөйтіп жаудың жоспарын алдын-ала біліп отырады. Сол жоспарын орындатпай, қарсы соққылар береді. Маңдайы тасқа тиген бекіре балықтай есеңгіреп қалған жау енді өз басын сауғалап қорғанысқа көшті. Ленин­град майда­нында сәл тыныштық орнағандай болды. Батальон командирі Әлжаппарды шақырып алып:

556

– Жолдас лейтенант, сенің взводың соңғы шабуыл кезінде немістерге есеңгірете соққы берді. Көп жауынгерлер ерлікпен шайқасты. Ол үшін рахмет айтамын. Бәріңді наградаға ұсынып жатыр­мыз. Бір тәулік демалыс беремін. Қасыңа бес жауын­герді ертіп, Ленинградты аралаңдар. «Авро­раға» барып, тарихи жерлерді көріңдер. Бүгін кешке филармонияда үлкен концерт болады, соны барып тамашалаңдар. Иә, айтпақ­шы, сен онда домбыраңды ала бар. Әртістермен бірге музыкаңды ойнап, ән сал, мен филармонияның дирек­торына звондап қоямын, өнерін көрсетуге мүмкіндік жасаңыз деймін. Бар, жолдарың болсын, – деді.

Әлжаппардың да, қасындағы жауынгерлердің де көңіл-күйі пәс. Бұрын өздері суреттерден, кино­журналдардан көріп, сүйсініп жүретін Ленинград әдемі, сырбаз қалпынан айрылып қалған. Қабырғасы қаусап, өрт шалып қап-қара болып күйіп кеткен үйлер көңілді құлазытады. Терезелері өлген адамның көзіндей мұңдана үңірейіп тұр. Көшелерде тау-тау болып үйілген қоқыстан аяқ алып жүргісіз. Жүрекке аяушы­лық, қаяу түсіретін жәйт – ол көшеде қалай болса, солай шашылып жатқан адам өліктері. Арасында бейкүнә сәбилер де бар. Олардың барлығы снаряд, бомба жарқыншағынан, аштан, суықтан үсіп өлгендер.

Бұлар біраз жерлерді аралап болып, филар­монияға қарай бет алып келе жатқанда көшеде жылап тұрған 10-12 жастағы баланы көрді. Баланың киімі алба-жұлба, аяғына тозығы жеткен солдат етігін киіп алыпты.

– Не, не болды балақай? – деді Әлжаппар баланың маңдайынан сипап, – неге жылайсың?

– Анда, үйде мамам өліп қалды, – деді бала өксіп, әзер сөйлеп, – мен қорқамын…

– Кәне, үйіңді көрсет, жүр, – деді жауынгер Мұса.

Баланың үйі екінші қабатта екен. Бұлар ішке кіргенде беттерін аяз қарып өткендей болды. Көптен от жағылмағаны көрініп тұр. Тар керуетте көзі ашылып қалған жас әйелдің өлі денесі жатыр. Оның бас жағында бестер шамасындағы қыз бала тұр. Нәркес көздерінде үрей, мұң бар. Нәзік, жіңішке саусақтарымен анасының қырау қатқан мұздай маңдайынан сипап қояды. Мұны көрген жігіттердің жүрегі тітіркеніп кетті.

Әйелдің аштан өлгені аян. Бір тілім қара нанды ортасынан қақ бөліп үстелдің үстіне қойыпты. Өзі жемей, екі баласы қорек етсін дегені байғұс ананың.

Жауынгерлер жол қапшықтарындағы тәуліктік құрғақ тамақтарын үстелдің үстіне төгіп тастады. Балалардың өздерін аялап өсірген аналарының өлі денесінен қорқып тұрғаны белгілі. Бұларды бұл күйінде қалдыруға болмайды.

– Көршілерің бар ма? – деп сұрады Әлжаппар. – Олар мамаңның өлгенін біле ме?

– Біледі, – деді бала, – бірақ, Вася ағай бізді үйіне кіргізбейді. Мен есігін қағып едім, ашпай, айғайлап қуып жіберді.

– Онда телефон бар ма?

– Телефон да бар.

Әлжаппар қасына екі жауынгерді ертіп алып көрші Васяның есігін қақты. Әлден соң арғы жақтан:

– Бұл неткен бассыздық, аулақ жүріңдер, тіміскеленген иттер, – деген әйелдің ащы даусы естілді, – бәрің неге аштан қырылып қалмайсыңдар, сендерге беретін ештеңем жоқ.

Әлжаппардың бойын алапат ашу кернеді.

– Аш есікті, – деді есікті тепкілеп, – ашпасаң, сындырамын.

Үлкен жарма есіктің бір жақ қанаты ашылып, арғы жақтан орта жастағы әйел көрінді. Бұлардың солдаттар екенін көріп кейін шегінді.

– Қорқамыз, қарақшылар қаптап жүр, – деді әйел күбірлеп, – сіздерге не керек? Вася ұйықтап жатыр еді.

Әйелдің қытай жібегінен тігілген халаты жалт-жұлт етеді. Толық бетін әдемілеп бояп алыпты, еріндері қан қызыл. Үстінен қымбат әтірдің исі мүңкиді. Әйелді кейін ысырып тастап бәрі ішке кірді. Ас үй жақтан дәмді тамақтың хош исі келіп тұр. Үй жылы әрі кең екен. Қабырғаға жарылған ағаш пен бірнеше қап көмірді қатарлап жинап қойыпты. Ішкі бөлмеден:

– Ей, Варя, үйге баса-көктеп кіріп келген бұл бассыздар кім? – деген дауыс естілді. Артынша қасқа бас, семіз еркек көрінді. Қатты ұйықтаған ба, көздері ісініп, маңдайынан шып-шып тер шығып тұр. – Сендер кімсіңдер?

– Біз Ижорск батальонының жауынгерлеріміз, – деді Әлжаппар іле жауап беріп, – ал сіз кім боласыз?

Вася жауынгерлердің салқын түсінен қаймы­ғып қалса керек, кекештеніп:

– Мен аудандық потребсоюздың қойма меңгерушісімін, Подтелкин Валентин, – деді.

– Сіз мына көршіңіздегі әйелдің аштан өлгенін, екі баласының жетім қалғанын білесіз бе?

– Иә, иә айтқан. Бірақ, мен не істей аламын? Адамдардың бәрі аштан өліп жатыр. Кезегім келсе, мен де…

– Сен өлмейсің хайуан, – деді Әлжаппар ашуына ие бола алмай, – мына қап-қап көмір мен картопты, ас үйде тұрған май мен шұжықты, ақ нанды қайдан алдың? Аш балаларға бермек түгілі, есігіңді ашпайсың. Онда адам өліп жатыр, ең болмаса жерлеу бюросына да хабарламапсың. Өзіңде жүрек деген бар ма, хайуан! Жай халық аштан қырылып жатса, сен семіз шошқадай майың сыртыңа шығып ірк-ірк етесің. Мен сені қазір… – Әлжаппар осыны айтты да пистолет кабурасына қол сала бастады.

Қоймашының көзі атыздай болды.

– Бәрін алыңдар, бәрін алыңдар, – деп тізерлеп отыра кетті.

– Қойыңыз Әлжеке, ашуыңызды басыңыз, – деді өздері де ашуланып тұрған жауынгерлер қолына жармасып. Бұл жауынгерлер болмағанда долы ашуға мінген Әлжаппардың семіз сарыны атып тастауы мүмкін еді.

Ашумен демігіп барып орындыққа отырды.

– Телефонды ал да, милицияға звонда, – деді көмекшісі Мұсаға.

Милиция наряды тез жетіп келді. Алдымен бұлардың құжатын тексерді. Содан соң семіз сарыны тергеуге алды. Ол бір қысқа жететін ет, картоп, май, тағы басқа тағамдарды түпкі бөлмесіне дестелеп жинап қойыпты. Милициялар бәрін үлкен бөлменің ортасына үйіп қойды. Бір мәшинеге жүк болғандай екен. Милиция майорының ыза болғаны сонша, үй қожасын бүйірден бір теуіп, қолына кісен салды.

Өйткені, мұның ұрлық заттар екені көрініп тұр. Әлжаппар балаларды майорға аманаттап сыртқа шықты.

 

Жамбыл жәкеммен жүздесу

 

Бұлар келгенде филармония алдына біраз адамдар жиналып қалған екен. Есік алдына келе бергенде қабырғада ілулі тұрған адам бойындай плакатқа көздері түсе кетті. Плакатта қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың суреті тұр. Суреттің жоғары жағында «Окно ТАСС» деген таныс жазу бар. «Ленинградская правда» газеті майдан жаңалықтарын осындай рубрикамен жариялайтын. Одан төмендеу ірі, көрнекті әріптермен былай деп жазылған:

«Последние известия

Послание народного поэта Казахской ССР, лауреата Сталинской премий Джамбула Джабаева трудящимся города Ленина».

Осыдан кейін Жамбылдың «Ленинградцы дети мои» деген атақты өлеңі басылыпты.

Әлжаппардың жүрегі тарсылдап кетті. Жамбылды көріп, туған жерін, ағайын-туысын, әке-шешесін көргендей сезімге бөленді. Әсіресе, өзі талай мойнына асылып көтеріп еркелеткен, кіп-кішкентай болып балапан даусымен шырылдап ән салып беретін сүйкімді қарындасы — Тұрсынайды сағынып, бауыр еті елжіреп кетті. Соғысқа өзінен бұрын кеткен әкесі Әбдіхалық пен ағасы Аманжол көзіне елестеді. Олар қайда жүр екен, өздері аман ба, әлде…

Жолдастары Жамбыл суретін тамашалап, өлеңін оқып мәз болысып тұр. Сол кезде бұлардың қасына арқасында жол қапшығы бар, көне құлақшын, етегінің әр жері күйген көне шинель киген егде солдат келді.

– Әй, айналайындар, қазақсыңдар ма? – деді қарлыққан жуан дауыспен.

– Иә, иә, қазақпыз ағасы, – деді Әлжаппар. Ол кәрі солдаттың көптен ұстара көрмеген, суалып ішке кіріп кеткен ұртына, атжақты үлкен басын әзер көтеріп тұрған жіңішке мойнына, жүдеу жүзіне аңтарыла қарап қалды. Солдаттың ұясына терең кіріп тұрған өткір көздері бұған тесіле қарайды.

– Аға, – деді Әлжаппар мына кісіні шырамытып. Жүзінде қайдан көрдім дегендей дүдәмал сауал бар.

– Әй, – деді қарт солдат қаһарлы дауыспен, – әй, иттің күшігі, ағаң не ей сенің? Иығыңа жұлдыз таққан соң көзіңді шел басып, әкеңді танымай қалдың ба?

Әлжаппар әкесінің қай майданда соғысып жүрге­нінен хабарсыз еді. Тап осы жерде Ленин­градта кезде­семін деп ойламаған. Оның үстіне, бұрынғы ұзын бойлы, сом денелі, қазан бас, бұқа мойын адамды бірден жыға тану қиын еді.

«Ат арыса – тулақ, ер арыса – аруақ» деген осы екен ғой. Тосыннан кездескен әке мен бала құшақтаса кетті.

– Балам, балапаным, тірі екенсің ғой. Құдайдың мұны­сына да шүкір. Сені тірі кездестірдім, енді өліп кетсем де арманым жоқ, – деді әкесі даусы дірілдеп.

Филармонияның алдына жиналған жұрт әке мен баланың мына кездесуіне әрі таңданып, әрі сүйсініп қарап тұр. Әкесі Қазақстанда жасақ­талған 310- атқыштар дивизиясының құра­мында соғысып жүріпті. Бұл Ленинградты Фин шы­ғанағы жағынан қорғап тұрған атақты, қаһарман дивизия.

 

Құрманғазы күйіне Ворошилов

тік тұрып, қол соқты

 

Сол кезде қоңырау шалдырлап бәрі ішке кірді. Құлын желісіндей ұзын шымылдық ашылып, концертті балет бишілері бастады.

– Өй, мына жалаңбұт қыздар қайтеді ей, – деді бұрын мұндайды көрмеген Әбдіхалық өте ыңғай­сызданып, – біздің ауылдың қыздары түгілі, кәрі әйелдері елге тізесін көрсетуге қымсынушы еді, мыналарда сәбсім ұят жоқ екен ғой өзі. Тыржалаңаш шешініп тастап, лақша секірулерін қарашы.

– Бұл балет деген өнер, әке, – деді Әлжаппар. – Қыздар осындай киіммен билеуі керек.

– Бәлет емес, бәле ғой, – деді әкесі күбірлеп. Сөйтсе де өзі бишілерге тамашалап қарап отыр, – ойпырым-ау, ана қыздың шаты айрылып кетпес пе екен, – деп жаны да ашып қояды, – байқаса қайтеді?

Әртістер бірінен соң бірі шығып, ән айтып, би билеп жатыр. Бір кезде концертті жүргізуші әйел:

– Жолдастар, бізге қазір ғана Ижорск батальо­ны­ның командирі қоңырау соқты. Сіздердің араңызда, өздеріңізге жақсы таныс «Ленинградтық өрендерім» деген жалынды жырдың авторы, сталиндік сыйлықт­ың лауреаты, қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың жерлесі, Ижорск зауытының қорғауда ерлік көрсетіп жүрген взводтың командирі, лейтенант Әлжаппар Әбдіхалықов отыр. Ол жаужүрек жауынгер ғана емес, талантты музыкант, әрі әнші. Сіздер рұқсат етсеңіздер, Әбдіха­лықовты қазақтың ұлттық музыка аспабы — домбырасымен сахнаға шақырамын, – деді әдемі, ашық дауыспен.

Көптен сахнаны сағынып жүрген Әлжаппар домбы­расын көлденең ұстап, сахнаға батыл басып шықты.

– Орындайтын шығарманың атын, авторын айт, – деді жүргізуші сыбырлап.

– Қазіргі тыңдайтындарыңыз қазақ халқының ұлы сазгері Құрманғазының «Сарыарқа»… імм… жүргізуші ыңғайсызданып аз бөгеліп тұрды да, «Сарыарқа» деген шығармасы. Орындайтын лейтенант Әбдіхалықов» деп хабарлады. Сахнадан өз атын естіген Әбдіхалық мақтанып, терісіне сыймай қомпаңдап отыр. Оның әкесі мен дегендей жан-жағына көтеріле масаттанып қарап қояды.

Әлжаппар домбыраның құлақ күйін келтіріп отырып үлкен залға көз жіберді. Сол кезде оның жүрегі зу ете түсті. Қараса, қарсы алдында ордендері жарқырап Ленинград майданының Бас қолбасшысы,  маршал Ворошилов отыр. Оның қатарына Ленинград обкомының бірінші хатшысы Жданов және бірнеше генералдар орналасыпты. Ждановты екі-үш мәрте көрген. Ворошиловты суретінен таныды.

Әлжаппар жүрек толқынысын басып, домбырасын күмбірлете жөнелді. Енді ол өзі Сталиннен кейінгі екінші адам деп құрметтейтін маршалдың алдында ұятқа қалмас үшін намыспен барын салды.

Бұл күтпеген жағдай болды. Күй асау толқындай арындап барып тоқтағанда, барлық көрермен орнынан тұрып, дүркіретіп қол соқты. Көзінің қиығымен байқады, Ворошилов та тік тұрып қол соғып тұр екен. Әлжап­пардың кеудесін керемет қуаныш сезімі биледі. Оның қуанғаны – бұрын домбыраны көрмеген, үнін естімеген халықтарға оның құдыретін көрсеткені. Құрман­ғазыны мойындатқаны.

…Ленинград қоршауы талқандалғанан кейін әскер жасынан жасы асып кеткен Әбдіхалық елге қайта­рылды. Әлжаппар әкесін шығарып салып, одан әрі жорық жолын жалғастырды. Жауды өз апанына дейін қуып барды.

Арада жылдан аса уақыт өткенде Ленинградты бірге қорғаған әкелі-балалы жауынгерлер өз отбасында, қарашаңырақта қайта табысты.

 

Жеңіс ШЫНЫБЕКОВ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close