МАЙДАН ДАЛАСЫНДА МӘНШҮК ШЫРҚАҒАН «ҚАРАТОРҒАЙ»

Осыдан тоғыз жыл бұрын, Жеңістің 65 жылдығына орай Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов ағамыздың студенттермен кездесуін ұйымдастырған едім. Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің кітапхана залында өткен кездесуге студенттер көп жиналған болатын.

Негізгі құрамы өзіміздің қазақтардан Алматы қаласында жасақталған 100- ұлттық атқыштар бригадасының құра­мында қан майданның басынан аяғына дейін қатысқан жазушы-майдангер соғыс қасіретінің зардабы және өзі білетін, кездескен, көрген халқымыздың даңқты ұлдары мен қыздарының ерлік жолдары туралы әңгімелеп берді.

Қазақстанның халық жазушысы жастармен болған кездесуге кішкентай қалташаға салынған бір уыс топырақты ала келген еді сонда. Бұл бір уыс топырақ халқымыздың батыр қызы Мәншүк Мәметованың жерленген жеріндегі басынан алынған топырақ екен. Өзінің қарулас серігіне деген құрметі, мәңгі өшпес естелігінің белгісі осындай-ақ болар.

Майдангер жазушының естелігінен: «Мен Мәншүкті төрт рет көрдім. Бір рет 1943 жылы 5 мамырда бригадамыз Ступино биігінің түбінде қорғаныста тұрған кезде, Щадинино дейтін деревняда өткен бригада газеті әскери тілшілері мен үгітшілерінің баспасөз күніне арналған мәжілісінің прези­диумында Мәншүкпен қатар отыр­дым. Тілшілер жиналысын подпол­ковник Сақтаған Бәйішов ашып, бригада газетінің редакторы, майор Қасым Шәріпов баянда­ма жасады. Жиналыста әр бөлімнен газетке үздіксіз хабар жазып тұратын ең белсенді тілшілер мен үгітшілерге алғыс жарияланды. Алғыс алғандардың ішінде пулемет батальонынан Мәншүк, артиллерия дивизионынан мен болдым. Жиналыстың соңынан бірнеше жауынгер Мәншүкті ортамызға алып, оны батальонына дейін шығарып салдық. Мәншүк Мәметованың батырлығымен қоса әдемі дауысы да бар екен. Ақан серінің «Қараторғайын» сы­зылтып орындағанда, қазақ жауынгерлері еріксіз көздеріне жас алды. Барлық дархан қазақ сияқты Мәншүк те кішкентайынан қазақ әнін тыңдап өскен, оның үстіне мектепте, рабфакта оқығанда хор үйірмесін басқарыпты. Халқымыздың арғы-бергі тарихында пулемет тұтқасын бірінші ұстаған мерген қыз Мәншүк Мәметованың ерлігі – мәңгілік өшпес қазақ қыздарының батырлығының үлгісі. Мәншүк есімі 100- бригаданың екінші атына айналды».

Майдангер жазушы, Мәншүк апамыз­бен бірге, атақты мерген Ыбырайым Сүлей­менов, Кеңес Одағының Батыры, жазушы Бауыржан Момышұлы, дивизияны басқар­ған полковник Әбілқайыр Баймолдин және тағы да басқа өзінің қарулас серіктері жайлы ыждағаттылықпен әңгімелеп берді.

Әзілхан ағаның майдан тақырыбы төңі­регінде естелік айта отырып, студенттерге қарата: «Мен сұрапыл майданның қақ ортасында жүрсем де, өзімнің ең жақын майдандас, қарулас жолдастарымнан айырылсам да, аузыма бір грамм арақ алған емеспін, темекі де шекпедім», – деген сөзі құлағымда жатталып қалыпты.

Әзілхан ағамен осындай тәлімдік-тәрбиелік және отансүйгіштік тақырыбы төңірегінде алдағы уақытта да келелі кездесулер өткізу жоспарымызда бар еді. Өкінішке орай, бұл кездесу майдангер жазушымен болған соңғы кездесуіміз екен.

Ұлы Отан соғысының ардагері, Мемле­кеттік сыйлықтың лауреаты, А.Фадеев атын­дағы халықаралық сыйлықтың лау­реаты, 3-дәрежелі «Даңқ», 2-дәрежелі «Отан соғысы», бертіндегі «Парасат», «Отан» ордендерінің және ондаған медаль­дың иегері 2011 жылы 12 ақпанда өмірден озды.

Өмірі де, сөзі де үлгі ардагерлер қатары жылдан-жылға сиреп барады…

 

Досалы САЛҚЫНБЕК,

ҚазҰАУ-дың кафедра меңгерушісі,

профессор.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *