Майданға екі танкі жасатқан Балтаның баласы

Жеңіс ШЫНЫБЕКОВ,

Қазақстанның құрметті журналисі

 

Әке аманаты

Жарты ғасырға жуық уақыт денсаулық саласында жемісті еңбек еткен, ондаған адамды төтенше келген ажалдан арашалап алған дарынды дәрігер, хирург, өз ісінің майталман маманы Оңғар Балтабаевтың қызыққа да, қиындыққа да толы өмірі кімді болса да қызықтырғандай, үлгі болар­лықтай. Дүниеде адам өмірі мен денсаулы­ғынан қымбат ештеңе жоқ. Сондықтан ол осы салада аянбай тер төкті, барлық білімі мен күш-қайратын сарқа жұмсады. Осыған орай, ол екі мүшелден сәл-ақ асқан кезінде халықтың сеніміне еніп, құрметіне бөленді. Туған халқы құрметтесе, ісіне алғысын айтса, дәрігерге одан артық бақыт бар ма?

О.Балтабаев 1965 жылы Алматы мемлекеттік Медицина институтын дәрігер-хирург мамандығы бойыша бітіріп шықты. Сол жылы еңбек жолын Бүкілодақтық маңызы бар кенішті қала Жаңатаста баста­ды. Ол кезде қалада 25 орындық шағын аурухана бар еді. Оңғар осы ауруханаға келген ең алғашқы жоға­ры білімді хирург болатын. Тәжірибесі де аз. Сондықтан болар, алғашқы кезде емделушілердің жас дәрігерге сенімсіз­дікпен үрке қарағаны рас.

– Мәшинесінің моторын шашып жіберіп, қайта қалпына келтіре алмайтын жаман шопыр сияқты. Ішек-қарнымызды ақтарып, денемізді бөлшектеп тастап қайта жинай алмай азапқа салмай ма, өзі тым жас екен, – деп күдіктенгендер де болды.

Ол іштей сезеді, әрбір операцияға жататын науқас осындай күдікпен келеді. Әлгіндей қаңқу сөздерді де естіп қалып жүрді. Сондықтан Оңғар әрбір операцияны мұқият, сапалы жасау үшін барын салды. Тәжірибесін байыту үшін көп ізденді, көп оқыды.

Жас дәрігер жұмысқа кіріскен алғаш­қы айлардан бастап-ақ көп қиындыққа тап болды. Жаңа ғана ашылған ауруханада кәсіби маман дәрігерлер тапшы еді. Сондықтан өзінің мамандығы бойынша ғана емес, терапевт, акушер-гинеколог, медбрат, тіпті санитарлық қызметті де қоса атқаруына тура келді. Сөйтіп, ол аз уақыттың ішінде кең профильді дәрігер болып қалыптасты. Алғашқыда үрке қараған халықтың беті бері қарады. Уақыт өте «басы ауырып, балтыры сыздаған» науқастар ат сабылтып Оңғарды іздеп келетін болды.

Жас дәрігер өзінің халық алдындағы зор жауапкершілігін түсінді. Күш-қуатын да, уақытын да аямай жұмсады. Бірнеше жыл бойы демалыс дегенді білген жоқ. Бір тәуліктің 14–16 сағаты бойы үзіліссіз жұмыс істеді. Жасыратын несі бар, жаңа үйленген келіншегі Пайдакүлмен шүйірке­лесіп әңгімелесуге, кішкентай баласын еркелетіп, ойнатуға, отбасының жағдайын жасауға да уақыт таппай қалады.

– Оңғар, жұмысқа таң атпай кетесің, түн ортасы ауа келесің, тамағыңды ішуге де мұршаң болмай төсекке құлайсың. Осы сен мені мен балаңның түрін ұмытып қал­ған жоқсың ба? – деп әзілдейтін келіншегі.

Пайдакүл Алматы педагогикалық Қыз­дар институтының түлегі. Орта мектепте физика-математика пәнінен дәріс оқиды. Ол Оңғардың үлкен білікті дәрігер болсам деген арманын білетін. Хирургтің жұмысының күрделі, қиын екендігін де сезеді. Кейбір науқастардың өмірі хирургтің қолында. Сондықтан күйеуіне өкпелемейді, қолынан келгенше қолдау көрсетіп, алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасауға тырысады. Оның да жұмысы жеңіл емес. Қалада дәрігерлер сияқты мұғалімдер де жетіспейді. Күні бойы мектепте жүреді. Қала берді, бала тәрбиесі, таусылмайтын үй шаруасын өз мойнына алған.

 

***

Әкесі Балта (ел оны осылай атайтын) балтадай өткір, қажырлы, ақкөңіл, елге сыйлы, еңбекқор, намысшыл, адал адам болатын. Мақтаулы колхозшы күн демей, түн демей дамылсыз еңбек етіп жүрді. Ұлы Отан соғысы басталғанда өзінің отбасы ашқұрсақ отырса да, еңбек ақысын жинап, қорадағы бірер малын сатып, танк колоннасын жасақтауға 100 мың сом ақша жинап, Қорғаныс министрлігіне салып жіберді. Іле-шала Мәскеуден, Кремльден, Ұлы көсем Сталиннің өзінен Алғыс хат келді. Онда стахановшы-колхозшы Балта Әлібекұлының берген қаржысына екі «Т-34» танкісі жасалып май­данда жауға ойран салып жүргені жөнінде жазылыпты.

1943 жылдың қоңыр күзі еді. Әкесінің майданға аттанар шақта ыстық құшағына алып, емірене сүйіп тұрып айтқан аманат сөзі Оңғардың сәби жүрегіне тасқа басыл­ғандай, ұмытылмастай болып мәңгі жазылып қалды.

– Балам, құлыншағым, – деген ол көзіне жас алып, – енді осы отбасының иесі өзіңсің. Соғыстың аты – соғыс! Кім біледі… Анаңды ренжітпе, айтқан тілін ал. Кеше түнде көрген түсімді жақсылыққа жорып тұрмын. Сен кейін елге таны­мал үлкен азамат болып өсерсің. Шығар биігің де биік болар. Қай жерде жүрсең де өз ісіңе адал бол, өз ісіңнің палуаны бол. Халқыңа мінсіз қызмет етсең, сыйласаң, ол да сені сүйеді, қол­дай­ды. Ешуақытта «болдым-толдым» деп кеуде қағудан аулақ бол. Үлкенге де, кішіге де ілтипат­ты бол! – деп батасын берді.

 

Қылмыскер де адам

 

Оңғар әке аманатын бұлжытпай орындауға барын салды.

Оңғар Балтабаевтың білімді де, білікті дәрігер, ұйымдастырушылық қабілеті күшті, әр істе алғырлығы, адалдығы басшы­лардан да, халықтан да жоғары баға алды. 1969 жылдың тамыз айында 31 жастағы хирург облыстық денсаулық сақтау комитетінің бұйрығымен Сарысу аудандық ауруханасының бас дәрігері болып тағайындалды.

Аурухананың жаңа әрі жас басшысын әріптестері қуанышпен жылы қарсы алды. Мұнда атақты хирург Әбікен Жылысбаев, терапевт Қалкен Алпысбаев, Сейділда Түсіпов, Төкен Сүлейменов, Несіпбай Нәдуев, Шайзада Қожамбергенова, Мәнсия Омарова сынды қолы шипалы, дарынды дәрігерлер еңбек етеді. Бәрі жұмылып аурухана жұмысын одан әрі жақсартуға білек сыбана кірісті. Жұмыс нәтижелі жүргізілді. Халыққа медицина­лық қызмет көрсету жақсара түсті.

1971 жылы Оңғар Балтабаев Жаңатас қаласында жаңа ашылған медициналық-санитарлық бөлімше бас хирург қызметіне ауыстырылды. Мұнда да оны қайнаған қызу еңбек күтіп тұр еді. Әсіресе, хирургтің жұмысы өте ауыр болатын. Елуінші жылдары Кеңес үкіметінің тың көтеруді сылтауратып солтүстік облыстарға ойдан қашқан, қырдан қашқан, өмірбаяны онша жақсы емес адамдарды топ-тобымен қаптатқаны тарихтан белгілі. Сол жағдай кенішті Жаңатас қаласында да қайталан­ды. Бір жылдың ішінде қалаға 4 мың қыл­мыскер келіп орналасты. Олардың ішінде кісі өлтірген қаныпезерлер, қарақшы-тонау­шылар, алаяқ ұрылар, тұзақ үзген бұзақылар көп болатын. Жаңа сәулеттеніп келе жатқан қаланың бейбіт өмірінің шырқын солар бұзды. Күнде ызду-қиқу төбелес, пышақтасу, бір-бірінің басын жарып, қабырғасын қаусату, қол-аяғын сындыру, тіпті өлтіріп кету тоқталмады. Прокуратура, сот, милиция органдары, әскери қызметкерлер аяғынан тік тұрды.

Міне, осы кезде Оңғардың да түн ұйқысы төрт бөлініп, мазасы кетті. Күн сайын, сағат сайын хирургия бөліміне жарақат алғандар топырлап түсіп жатады. Кейбіреуінің жарақаты тым ауыр, ажал аузында қансырап қан құсып жатыр. Оңғар оларды қылмыскер деп іштей ұнат­паса да, адамгершілік тұрғысынан қатар­дағы ауру санайды. Операция жасау кезін­де институтты бітіргенде берген «Гиппократ антын» ұмытпайды. Сол антта қаскөй жау­дың жараланған жауынгерін де адамгер­шілікпен дұрыс емдеу керек делінген.

 

Ғылым докторын таңқалдырған

 

…Арада талай жылдар өтсе де, мына бір ғажайып оқиға Оңғардың есінен кетпейді. Меркеде қызмет істеп жүргенде бір ақсақал ауыр халде ауруханаға келіп түсті. Түн ортасында телефон даусынан оянған Оңғар жедел киініп ауруханаға жетті. Қарт кісі жанын қоярға жер таппай қиналып жатыр. Басқа дәрігерлерге бой бермей «тек Оңғар­ды шақырыңдар» деп қиғылықты салыпты шатақ шал. Қарттың жағдайы өте қауіпті. Соқырішек пен тоқішектің басы жарылған қалтасына түсіп кеткен, сыртқа шығып тұр. Соқырішек қабынып ісінген, жары­лайын деп тұр. Қарттың баласы Зарлық Хангелдиев Денсаулық сақтау министрлі­гінде басшылық қызметте екен. «Қазір балама званда, мені Алматыға алып кетсін» деп айғайға басып жатыр. Оңғар дәрігерлік түйсікпен жақсы біліп тұр, мұндай жағдай­да науқасты орнынан қозғауға болмайды. Соқырішек жарылуға, тоқішегі бұзылып, іруге айналған. Қозғалса, қарттың бірер минутта-ақ о дүниелік болатыны сөзсіз. Яғни ажал қартқа сол көзімен қарап тұр.

Оңғар қартқа осы жайларды айтып опера­ция жасауға көндірді. «Онда опера­цияны өзің жаса» деді ол.

Күрделі операция екі жарым сағатқа созылды. Бұл оның өміріндегі  ажалмен бетпе-бет тұрған ең қауіпті, ең ауыр опера­циясы еді. Есіктен сығалап тұрған ажалды дәрігердің біліктілігі, батылдығы жеңді. Өзі де қиналыстан қан-сорпа болып терлеп, қиналып кеткен еді. Қарт ажалдан аман қалды. Оңғар «үһ» деп демін бір-ақ алды.

Бірнеше күннен кейін қартты алып кету үшін Алматыдан бірнеше көлікпен дәрі­герлер тобы келді. Олардың таңданысында шек болған жоқ. Өзін ғылым докторы деп таныстырған қарт профессор хирург ерекше таңданды.

– Мұндай операцияны бұрын-соңды академиктер де жасап көрген жоқ. Өйтке­ні, бұл қатаң тыйым  салынған өте қауіпті операция. Сен жолы болғыш жігіт екенсің, операцияны тамаша жасапсың. Керісінше болғанда сотталып кетуің мүмкін еді, – деді.

– Бұл – жаңалық! Сенің бұл тәжірибеңді зерттеуіміз керек екен.

Науқасты Алматыға алып кетті. Кейін білді, қарт Сызғанов атындағы ауруханада біраз күн ем қабылдап, таза айығып шы­ғыпты. Министрдің орынбасары З.Хангел­диев Оңғарға өзі звондап алғысын айтты.

Осы операциядан кейін Оңғар Балта­баевтың есімі республикадан асып Одаққа мәлім болды. Новосібір қаласында аты әлемге әйгілі хирург Мешалкин деген акаде­мик болған. Сол академиктің орын­басары, кеңесшісі тағы бір академик Алматыға Сызғанов атындағы ауруханаға тәжірибе алмасуға келген екен. Сол кісі қарттың өзімен тілдесіп, ауру тарихымен танысқаннан кейін таңқалыпты.

 

Аурухананы аман алып қалды

 

1986 жылы Оңғар Балтабаев Сарысу аудандық ауруханасына екінші рет бас дәрігер болып келді. Ол осы ауруханада зейнетке шыққанға дейін және аудан халқының өтінішімен тағы төрт жыл қызмет атқарды. Осы жылдар ішінде ауданда жаңа типтегі 280 орындық аурухана, 250 орын­дық емхана құрылысы салынып, пайдала­нуға берілді. Алыс ауылдардағы учаскелік ауруханалар, фельдшерлік бөлімшелер, «Жедел жәрдем» орталығы толық қуатында халыққа дәрігерлік қызмет көрсетіп тұрды.

Үлкен жұмыстар кезінде Оңғарды аяғынан шалсам деушілер де табылды. Тіпті, облыстағы басшыларымен бірнеше мәрте айқасуға да тура келді. Тоқсаныншы жылдарда халықтың тұрмыстық, әлеуметтік жағдайы күрт төмендеді. Көптеген мекеме­лер жабылып, адамдар жұмыссыз қалды. Айлық жалақы бірнеше ай бойы берілмей, ел сеңдей соғысты. Бір үйдің екі баласы бір аяқ киімді мектепке кезек киіп баратын болды. Ашқұрсақ балалар қара нанға қарап қалды, қантсыз шай ішті.

Осындай қиын-қыстау кезде облыс­тық Денсаулық сақтау департаментінің басшы­лығы қаржы тапшылығына байла­нысты аудандық аурухананы жабу керек деген ұйғарым жасады. Егер аурухана жа­былса, халық облыс орталығына, Жаңа­тас қала­сы­на қарай шұбырындыға ұшы­райды. О.Балтабаев облыстағы басшыла­рымен «жаға жыртысып» айқай­ласып жүріп, барлық беделін «саудаға салып» бірде «әке» деп, бірде «көке» деп жүріп аурухананы толық жабылудан аман алып шықты. Төсек орындары біршама қыс­қар­ғанымен, аурухана сақталып қалды. Осы жолы оның облыс, республика басшы­ларының алдындағы беделі айқын көрінді.

Айта берсе оның қол жеткізген табыс­та­­рын санап жеткізу мүмкін емес. Жақ­сылық пен жамандықтың үзеңгі қағыс­тырып қатар жүретіндігі сияқты оның іскерлігін, кәсіби деңгейінің биік екендігін көре алмайтындар, пыш-пыш өсек таратушылар, аяғынан шалып құлатуды көздейтіндер де кездесті. Бірақ қазақ айтқандай: «аққа құдай жақ», әрдайым шашасына шаң жұқтырмай жеңіске жетіп отырды. Осындай айқастарда шынығып, майданға аттанарда әкесі Балта бата бергендей өз ісінің нағыз палуаны болып шықты.

 

Қалтасы жұқа бас дәрігер

 

Сол бір жылдарда жеңіл машина алу қиынның қиыны болатын. Оны алу үшін белгілі бір мөлшерде мемлекетке ет тапсы­ру керек. Оңғардың да машина алғысы келетін. Бірақ қорасында тышқақ лағы жоқ, осы уақытқа дейін болашағын ойлап қаржы да жинамапты. Жаңатас қаласы атқару комитетінің төрағасы Перенков кабинетіне шақырып алып мұның көп жылғы еңбегін бағалайтынын айтып, «Москвич» жеңіл көлігін кезексіз сатып алуға рұқсат ететін шешімді қолына ұстат­ты. Өзінің сыры өзіне мәлім Пайда­күлмен хабарласты, қанша ақша бар екенін сұрады. Әйелінің айтқан сомасы мәшине құнының төрттен біріндей-ақ екен. Сол кезде өкініп, санын бір-ақ соқты. Жұмыс-жұмыс деп далбаңдап жүгіре бермей, бір сәт отбасының да жағдайын ойлауы керек екен ғой. Ақшам жоқ деп айтуға Перенковтан ұялды. Бәрібір ол бас дәрігердің қалтасы жұқа дегенге өлсе де сенбейтін еді. Шарасы таусылып ағалары Иса мен Жұмағалиға келді. Ұяла тұрып жағдайын айтты.

– Біз шамалап көмектесеміз, – деді ағасы, – қалғанын өзің тап.

Оңғар өмірінде тұңғыш рет жақын дос­тарынан, сыйлас әріптестерінен қарыз­ға ақша сұрады, жүзі ұяла тұрып сұрады. Әрине, олар сұраған ақшаны берді. Өйткені, оның алдамайтын адалдығына сенетін.

Бір аптадан кейін ол ағаларының үйіне жаңа мәшинені мініп келді. Бәрі қуанып құтты болсын айтып жатыр.

– Құтты болсынды Жұмағалиға айтыңдар, – деді Оңғар күліп, – мен әзір меке­менің мәшинесін пайдаланамын. Ал Жұмағали жаяу жүр. Бұл мәшинені сол мінеді.

Жұмағали бөркін аспанға атты. Оңғар ағасының үйінен бойы жеңілдеп, рахат сезімге бөленіп аттанды. Бұл оның өз туыс­тарына жасаған алғашқы жақсы­лығы екен.

 

Дәрігердің отбасы

 

Жұбайы Пайдакүлмен институт қабырғасында жүргенде табысып, үйленді. Содан бері 56 жыл уақыт өтіпті. Осы жылдарда екеуі шәй деспей тату-тәтті өмір сүрді. Дүниеге бес бала келді. Барлығы қалаған мамандығы бойынша жоғары білім алды.

Үлкен ұлы Бердібай Балтабаев ғылым жолына түсті. Техника ғылымының док­торы атағын қорғап, ата-анасын қуантты. Немерелері – Ақмарал, Дана, Фатима орта мектепті Алтын белгімен бітірді. Ақмарал қазір Алматыдағы Британияның КИМЭП университетінің студенті. Рәбия «Дарынды балалар мектебінің» физика-математика пәнінің үздік оқушысы. Ол осы пәннен өткен жарыстарға қатысып жүлделер алып жүр. Шөбересі Әділхан мектепте оқу озаты.

Қазір қос ардагер Алматыда тұрады. Немере, шөберелерінің қызығына тоймай бақытты ғұмыр кешіп отыр.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *