НАМЫСЫНА ҚЫЛАУ ТҮСІРМЕЙ ӨТТІ

Тұлғатану

 

27Бүкіл қазақ журналистері кәсіби тұрғыдан жаппай үлгі тұтатын тұғырлы тұлғалар бар. Олардың әрқайсысы әр қырынан елге танылған. Бірі – көркем жазуымен елді ұйыта алады. Екіншісі – қай басылымға басшы болса да бақ-береке әкеледі. Үшіншісі – өзгенің ойына келмейтін тосын тақырыптарды терең қаузайды. Төртіншісі – от пен судың ортасында жүріп, алашапқын ақпарат беруге бейімделген. Ал осы қасиеттеріне қоса, тәуекелге бел байлай білетін батылдығымен айрықша із қалдырған әріптестеріміз өте сирек. Өйткені, ағысқа қарсы жүзу үшін мінез керек. Ал ондай мінез екінің бірінің бойынан табыла бермейді. Журналистика саласында үлкен-кішінің түгел ықыласына бөленген, қажет кезінде ешкімнен қаймықпай, ақырып теңдік сұраған көсемсөз шеберлері көп емес. Тіпті, саусақпен санарлықтай ғана шығар. Олар туралы әңгіме қозғалса, сөз арасын былғайтын бөтен сөз айтылмайды. Себебі, елдің қадір-құрметі бөлек. Сол мүлтіксіз мойындалған аз ғана журналистика жампозының бірі – көрнекті көсемсөзші Нұрмахан Оразбек.

Алдымен, біз оны ақпараттың жолынан айнымағаны үшін сыйлаймыз. Ол журналистен жазушы болуға ұмтылған қалың нөпірдің қатарын толықтырған жоқ. Өмірдің өз бояуын өрнектейтін пәрменді публицистикалық дүниелер жазумен ғана шектелді. Көркем сөзді қалауынша кестелеп, кеңінен көсілуге қабілеті мол жетсе де, журналистикадан өзге арнаға бұрылмады. «Капитал қамалындағы 18 күн», «Қағажу көрген өмірден», «Бар айласы – бас пайдасы», «Мұхиттың арғы жағы, бергі жағы», «Көрген жерден көз кетпейді» атты кітаптары деректі дүниелерге ғана негізделді. Ол әлем тынысын тыңдай білетін кәсіби халықаралық шолушы болды. Жас күнінен таңдаған ісіне бүкіл саналы ғұмырын арнады. Ақпараттың қатардағы сарбазынан саланың сардарына дейінгі жолдан өтті.

Сонымен қатар, ақпарат майданындағы салиқалы да салмақты тұлғаның бірі болғаны үшін қадірлейміз. Оның есімі бүгінде баспасөздегі бедел деген ұғымның баламасы секілді аталады. Ол ешқашан өз тірлігінің төңірегіндегі өнбейтін дауды қуалаған жоқ. Әрқашан өзін пенделіктен жоғары ұстады. Нұрмахан Оразбектің болмыс-бітімі қай қырынан қарасаң да, еліктеуге тұрарлық жанның бейнесін аңғартып тұрады. Маман­дықтың маркасы дейміз бе, баспасөздің бренді дейміз бе, қазіргі күні тілімізден түспейтін тіркестердің мағынасын танытатын үздік үлгі іздесеңіз, алысқа бармай-ақ қойыңыз.

Оның өмір жолына зер салсақ, өз ортасына, қоғамдық өмірге деген көзқарасы бала кезінен қалыптасқанын аңғарамыз. Анасынан тым ерте айрылып, ағайынның қолында өсті. Майданға кеткен әкесі жаудың тұтқынына түсіп, одан кейін кеңестік түрмеге қамалып, арғы-бергі абақтының азабын тартты. Соның бәрі болашақ қаламгердің өзіндік пікірін орнықтырды. Бүкіл жұрт құлдық ұрған тегеурінді жүйенің көлеңкелі тұстарын көңіл көзімен көре білді. Сондықтан қай жерде де жаппай жалпылдауға жаны қас болды. Студент кезінде тың және тыңайған жерлерді игеруге қатысты көзқарасын білдіріп, комсомол жиналысында сөз сөйледі. Тіпті студент болғанға дейін Соколов-Сарыбай кен байыту комбинатына барып жұмыс істеп, сірескен солтүстіктің сырына әбден қанықты. Оқып жүргенде де алған бағытынан таймай, өндірістік тәжірибеден өту үшін теріскейдегі орысы көп өңірлерді таңдады. «Правда» газетінің жарияланымдары бойынша диплом жұмысын жазу барысында ұлттық мүдде тұрғысынан талдаймын деп ұстаздарының сынына ұшырап, ұлтшыл атанды.

О баста ақпарат саласын таңдауы бекер емес-ті. Көкейіне ерте қонақтаған қоғамдық пікірді жарыққа шығаратын мүмкіндік бұқаралық ақпарат құралы деп білген сияқты. Ақпаратшы кәсібіне барар жолды ақпар жеткізуден бастады. Өз сөзімен айтқанда, «сегізінші сыныпты бітіріп, жаздай «заготзер­ноның» күнделікті ақпар таситын шабарманы болды». Әрине, ол ақпар мен бұл ақпардың арасы жер мен көктей. Бірақ, бәрібір қаршадайынан мәлімет дегеннің не екенін біліп өсті. Оның қажет жеріне дер кезінде жетуі маңызды екенін санасына ерте сіңірді.

Оның бойында «беркініп садақ асынып, біртіндеп жауды қашырған» Махамбеттің мінезі болды. Сол болмыс түйсігі ерте жетілген ұланның ұлттық иммунитетін оятты. Махамбет-мінез оның публицистикадағы тұғырлы тұлғасын танытты. Осы ерекше жаратылысы қаламын өткірлеп, намысын шыңдады. Қазақ жұртында журналистиканы берекелі белеске шығарған ағаларымыз аз емес. Бірі – осынау мәртебелі мамандықты игеру арқылы биліктің биік сатысына дейін өрледі. Екіншісі – публицис­тиканың көркем дүниеге айырбас­тамайтын өрелі өнер екенін дәлелдеп, қара сөзден құйын ойнатты. Үшіншісі – журналис­тіктен артық кәсіп жоқ деген қағиданы ту етіп көтерді. Төртіншісі – бұқаралық ақпарат саласын көлденең көк аттылар мен жолдан киліккен жолбикелерден қызғыштай қорыды. Ал Нұрмахан Оразбеков ұлт журналистикасының қорғаны болды. Басқа жұрт бұғып қалғанда басын бәйгеге тігіп, күрескерлік мінез көрсетті. Жүректінің өзі жылыстауға жол іздейтін сәт туғанда тәуекелге бел байлап, ереуіл атқа ер салды.

Нұрмахан аға, сөйтіп, намысына қылау түсірмей өмірден өтті. Оның сонау қиын-қыстау кезде жасаған ел білетін әрекеті «Журналист батыр бола ала ма осы?» деген сауалдың басын ашып берді. Бола алады екен! Ол үшін ақпарат құралының өкіліне қолына қару ұстап, майданға барып, жауды жайпап, ерлік жасау міндетті емес екен. Әр пенденің ғұмырында сын сағаты талай рет соғатын көрінеді. Сол кезде сыр бермейтіндер сирек. Нұрмахан ағамыз – сол сиректің бірі. Бәлкім, жалғыз өзі шығар. Мұндай сын оның алдынан талай рет кезіккен. Соның ешқайсысынан сүрінбепті. Күні кешеге дейін белгісі жоқ батыр, атағы жоқ алып арамызда алшаңдап жүрді. Осыны біз жете сезіне қойғанымыз жоқ. Арқалы ақын Мұрат Мөңкеұлының «Қарасай-Қази» жырында айтылғандай, «Қайрылмас алтын садақты, Жараған бура қабақты, Алғыр бүркіт тамақты, Қас арыстан сымбатты, Арыстан туған Орақтың, Біріміз еш қадірін білмедік, Ақырда күндей де күндей жоғалттық»…

Нұрмахан Оразбектің соңғы сәттеріне дейін қасында болған інісі Серік Ақсұңқарұлы осыдан үш-төрт жыл бұрын:

Замананың боранында ысылдың,

Тоғыз жолдың торабында қысылдың.

Ақ қағазға орадың да жүректі,

Аруға емес – Алты Алашқа ұсындың!

…Қазығұртта кеме қалған дейді жұрт.

Неге қалған?

Соны жаңа түсіндім…, –

деп жырлап еді. Осыны біз енді ғана ұққан сияқтымыз. Бәлкім, әлі де ұға қоймаған шығармыз…

 

Бауыржан ОМАРҰЛЫ.

(«Ана тілі» газетіндегі «Махамбет-мінез» атты эсседен үзінді).

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *