Махаббат пен шығармашылықтан туған туындылар

Түрксіб ауданындағы №7 Оқушы­лар үйінде «Өзін-өзі тану: Махаббат пен шығармашылық педагогикасы» аясында онкүндік өткен еді.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасы негізінде өткізіліп отырған шараның ауқымы өте кең болды.

Ақпан айының 3–12-сі аралығында шығармашылыққа құштар «Ақзер» қолданбалы өнер үйірмесінің тәрбие­ленушілері су моншақтар мен тері, жүн бұйымдарынан, түрлі мата қалдықтары мен жіптерден көз тартарлық әсем бұйымдар жасап, он саусағы майысқан өнер тұнған ұрпақ екендіктерін танытты.

«Радуга» балғын бояу шеберлері үйірмесінің тәрбиеленушілері махаббат пен шығарма­шылықтан туған дүниелерін көпшілік назарына ұсынып, өздерінің ата-аналары мен ұстаздарын қуанышқа бөледі. Байқаудың ең үздік жұмыс­тары мақтау қағаздарымен марапатталды.

 

Көрермені көп көрме

Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының көрме залында «Жүректен шығып жүрекке жетер сурет» атты шығармашылық графика көрмесі ашылды.

Алғаш  рет өткізіліп отырған көрмеге «Кескіндеме, мүсін және дизайн» факультеті «Академиялық сурет және станокті графика» кафедрасының профессорлары мен оқыту­шыларының туындылары қойылды. Көр­мені тамашалауға келген қонақтар сұлулыққа іңкәр әлем халқын тамсандырған туындылармен де танысуға мүмкіндік алды.

Аталмыш көрмеден ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, профессор А.Дүзелханов, Б.Байділда, профессор Б.Досжанов, доценттер Қ.Шүкір­беков, Ж.Күшікбаев, Қ.Каметов, аға оқытушылар Б.Бүркітбаев, М.Жұмағұлов, С.Ахметов, А.Таза­беков сынды қылқалам шеберлерінің қазақ өнерінің алтын қорына жататын кесек туындылары орын алды. Көрмеге қойылған жұмыстардың барлығының орындалу техни­касымен ерекшеленіп отыр.

 

 «Жас музыкант» байқауы басталды

Алматы қаласы әкімшілігінің қолдауымен «Жас музыкант» дәстүрлі байқауы басталды. Жылдың осы мезгілінде басталып, көктеммен астасып жататын бұл байқау талай таланттардың тұсауын кесіп, олардың өнерден өз орындарын табуларына ықпал еткен.

Кезінде дәл осы байқау арқылы бүгінгі өнер шеберлері Жәния Әубәкірова, Әлібек Дінішев, Гауњар Мырзабекова, Айман Мұсаходжаеваның өнердегі ең алғашқы қадамы басталған еді. Сондықтан, аталмыш байқаудан өнерпаз балалар мен олардың ата-аналары, ұстаздары зор үміт күтеді. Таланттардың тұсауын кесіп, бұлақтардың көзін ашады. Қаламыздағы №83 өнер мектебіне Алматыдағы арнаулы өнер мектептерінде білім алып жатқан 200-ге жуық өнерпаз бала қатысуда.

Өнерпаз балаларға дәріс беретін 16 ұжымның биылғы жылы да дайындықтары ерекше. Байқау негізінен халық аспаптары, фортепиано, хор ұжымы, шекті және үрмелі, ұрмалы аспаптар бойынша өтеді. Осымен қырық сегізінші рет өткізіліп отырған байқаудың басты мақсаты – музыкалық өнерді насихаттау. Ең алдымен, балаларға қазақтың халық музыкасын, кәсіби, классикалық музыкасын танытуды мақсат тұтқан байқаудың жүгі жеңіл емес.

Сонымен қатар, ерекше қабілеті бар дарынды балалардың да бағы жанып, аты озатын уақыт келді. Алматыны көктем алдында музыка сазына бөлеген 48 «Жас музыкант» байқауының жеңімпаздары Алматының абыройын қорғау үшін республикалық байқауға жолдама алады.

Рая ЕСКЕНДІР.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *