МАХАББАТ ФОРМУЛАСЫ: ҰЛЫ ҒАБЕҢ МЕН ҰЛЫ РАИСА

Өмірзақ МҰҚАЙ

Желтоқсан айында Ғабит Мүсіре­повтің сүйіктісі, актриса Раиса Мұхаме­диярова 81 жасында дүние салды. Бұл оқиғаны ұлы махаббаттың қазасы есебінде бағамдаушылар көп. Ол пікір қаншалықты ақталып тұр? Қанша­лықты ақиқат?

«Махаббат жоқ жерде – қуаныш жоқ». Қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов­тің Раиса Мұхамедияроваға жазған бір хаты осылай басталады. Одан әрі «Амансың ба, менің қымбаттым, аяулым, жалғызым, Раечка! Менің осы хатым жаңа жыл қарсаңында сенің қолыңа тисе деп едім. Өйткені, сенің бар ойың, көңілің, бүкіл назарың менде болсын деген ой. Сенің хатыңды алып, мазасызданып отырмын. Сөздерің қандай ақылды. Сен күн сайын есейіп, ақылың толысып келесің. Саған жедел­хат жіберіп, екеуіміз жаңа жылды Мәскеуде қарсы алсақ деп едім, бірақ сені жұмыстан босатпас деп ойладым. Дәл осы минутта сені құшақтап айма­лағым келіп кетті…» деп жалғастырады ұлы Ғабең.

Міне, жазушының Раиса Мұхаме­дияроваға деген махаббаты осындай болған! Бұл ел білетін ақиқаттың бір парасы ғана. Іс жүзінде екеуінің арақа­тынасының қандай болғанын қазақ қоғамы Сергей Азимовтың «Классиктің соңғы махаббаты» деректі фильмінен кейін ғана толық біле алды деуге қисын бар. Бұлай қисындауымыздың себебін айта кетуді парыз санаймыз. Кезінде Раиса апамызбен «Хабар» агенттігінің кинодубля­жында  біраз уақыт бірге жұмыс істедік. Раиса апамыз аузы ауыр, бекерден-бекер сөз шығын­дамайтын кісі еді, жарықтық. Біздің білуімізше, классикпен арадағы қарым-қатынасы туралы неше түрлі дақпыртқа өзек болған ақиқаттарды актриса тұңғыш және соңғы рет сол деректі фильмде ғана ортаға салған сияқты.

Бір ұлының келесі бір ұлы тұлғаның көлеңкесінде қалуы заңды құбылыс дер едік. Рас, Раиса Мұхамедиярова кезінде «Қазақтың Лоллобриджидасы» атанған дарынды актриса еді. Алайда, Мүсіре­повтің аты Мүсірепов қой, актрисаның классиктің дақпыртты даңқының таса­сында қалғанын да жоққа шығаруға болмайды деу керек.

Біреу біліп, біреу білмейтін ақиқат мынау: алпысыншы жылдардың басын­да алматылық богеманы Ғабит Мүсі­репов пен қазақ киносының жаңадан жарқ еткен жұлдызы арасындағы қарым-қатынас дүр сілкіндірген. Әлбетте, өнерде ондай оқиға болып тұратыны ешкімге құпия емес. Алайда, бұл жолғы оқиғаның ерекшелігі үлкен еді. Қос ғашықтың жас айырмасы бақандай отыз жеті жыл болатын.

Екеуінің кездесуі де қызық. Бірде актриса түскен фильмнің тұсаукесері Жазушылар одағында өтеді. Классиктің жүрегіне от түсірген оқиға сол сияқты. Басында жас актриса оған күмәнмен қарайды. Себебі, Ғабит Махмұтұлының әйелі, балалары, немерелері бар еді. Алайда, соған қарамастан екеуінің арасында сезім орнайды…

Іле-шала Ғабеңнің әйелі қайтыс болған. Сергей Азимовтың деректі фильмінде Раиса Мұхамедиярова сол кезең туралы былайша тебіренеді: «Оның жары дүниеден өткен кезде менің аяғым ауыр еді. Жүрегімнің түбінде әлі күнге дейін өзімді кінәлі сезінемін. Мүмкін, мен де оның өмірден мезгілінен бұрын кетуінде маңызды рөл ойнаған шығармын. Жерлеуден кейін ол менен: «Рая, не істейміз?» деп сұраған­нан кейін, мен біраз уақыт өтуі керегін, бірақ көп күте алмайтынымды айттым. Себебі, бала некеде туғанын қаладым».

Осылайша екеуі бас қосады.

Құдай өзі кешірсін, бұл жерде адамға тән бір пендеауи жағдайды да айтпай кетуге болмас, сірә да… Ғабең тарапынан жас махаббатына деген сүйіспеншілікпен қоса қызғаныштың да болуы заңды дер едік. Алдымен классик ғашығының киноға түсуіне қарсы болған деседі. Ол кезде Сұлтан Қожы­қов «Қыз Жібек» фильмін түсіруді бастағалы жатқан. Қыз Жібек рөлін сомдаудан үміттілер жетіп-артылатын. Әлбетте, сол кезде танылып қалған актрисаның да басты рөлден үміттенуі заңды. Оның үстіне басқа үміткер­лерден гөрі Мүсіреповтің жарының мүмкіндігі зор еді. Әрі оған ешкім күмәнданбайтын.

Бірде Ғабең «Қыз Жібек» киносы­ның бастапқы кезеңінде Раисаға сценарий жазуға кірісетінін айтады. Раиса «сол киноға мен түсем бе?» деп қиылады. «Түсесің» дейді классик. Араз­дықтың бір себебі содан басталғанға ұқсайды. Актриса өзін кино­сынаққа шақырар сәтті сарғая күтеді. Алайда, шақырылмайды. Ең соңында режиссер тарапынан ешқандай шақырту, ұсыныс болмаған. Әрине, оның Раиса Мұхамедия­роваға қаншалықты әсері болғанын айтпасақ та түсінікті.

Осы оқиға туралы актрисаның өзінің де деректі фильмде «осыдан кейін арамыз жылымай-ақ қойды» дегені бар…

Бұдан кейін Раиса бес жыл бойы үйде бала тәрбиелеп отырады. Күндер­дің бір күні Мүсіреповке өзінің жұмыс­қа шыққысы келетінін айтады. Ғабеңде бір әйелді асырайтын мүмкіндік әлбетте бар ғой, «үйде тыныш отырсаңшы» дейді. Алайда, актриса бұған көнбей, жасөспірімдер театрына жұмысқа шығады.

Мұхамедиярованың өз айтуы бойын­ша, Ғабеңмен екеуінің арасына түсушілер көп болған. Тіпті, «Мүсі­репов сияқты қартаң еркектен бала тууы мүмкін емес…» деген сияқты өсек-аяң да шыққан. Раиса Мұхаме­диярова шынында да көрікті, сымбатты жас әйел болатын. Әлбетте, оған да сөз айту­шылар табылып қалуы заңды. Осы­лайша пендешілік жеңіп, классиктің көңіліне күдік ұялайды.

Дәл осы жерде өзіміз білетін бір нәрсені айта кетуді парыз санаймыз. Бауыржан Момышұлының соңғы әйелі Жәмила Егембер­диева батырдан 25 жастай кіші еді. Бұл қосақтардың да көрмегені жоқ. Оны Жәмила апаның бізге жылап отырып айтқан әңгімесі де есте. Ол кезде ұялы телефон жоқ. Бау­кеңе әлдекімдер «жас әйелің біреумен қыдырып жүр» деген сыңайда телефон соғады екен. Алайда, батыр соның біреуін де қаперіне ілмепті. Ақыры Жәмила апа екеуі Баукеңнің соңғы күніне дейін бірге жасасып, бірге өтті.

Сол Жәмила апаның «Баукең екеуміздің арамыздағыдай оқиға Ғабең мен Раисаның арасында да болған. Алайда, Ғабеңе менің Бауыржанымның ерлігі жетіспеді» деген сөзі де есімізде.

Ақыры сегіз жыл отасқаннан кейін классик пен актриса ажырасып кетеді. Екі қыздары өмірге келеді. Ғабеңнің Раисадан кейінгі өмірі туралы Герольд Бельгер «Последние дни классика» деген мақаласында жақсы жазған.

Жас та, көрікті актрисаның бұдан соңғы өмірді қайтадан бастайтын мүм­кіндігі болма­ды дей алмаймыз. Бірақ Раиса Мұхаме­диярова бұдан кейін тұрмыс құрған жоқ. Артына сөз де ермеді. Ол – құдайы ақиқат! Бұл тура­сында актрисаның өзі бір сұхба­тында: «Өзімнің тазалығымды білемін. Қанша жігіттер қасымда жүрсін, солармен ішіп жүрейін, бірақ төсекке ешкім мені жатқыза алмайды. Себебі, мына жерде Ғабең жүрді. Ғабеңнің алдында мен тазамын. Жұрт не десе де, өзі не ойласа да…» деген болатын.

Міне, ұлы махаббаттың тағдырлы форму­ласы, ақиқаты осындай. Соңғы кездің кейбір оқиғаларына… байла­ныс­ты таным айдынында көрініс беріп жүрген «махаббат жас талғай ма, жоқ па?» деген сауал өз алдына, актрисаның қазасына орай қайта оралған ұлы махаббат жаңғырығы сәулелі санаға ой салған сияқты. Сәулелі сана ұлы махаб­бат пен арзан қарым-қатынастың айыр­масын бір түсінсе, осыған қарап түсі­нері хақ. Кереметі сонда, ұлы актри­са ұлы жазушыға деген адал махаббатын дәлелдеп кетті. Тұрмыс құрған жоқ, артына сөз де ермеді.

Ондай заңғар тағдыр да тек жарату­шының санаулы пендесіне ғана тән дер  едік. Демек, ұлы да таза сезім ұлыларға ғана тиесілі екен-ау, өзі…

Актриса қазасынан соң қазақ қоғамы соны ұқты…

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *