Мағжан Жұмабаев мұрасы халқымен бірге өмір сүреді

Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ

 

«Алматы қаласы музейлер бірлес­тігі» МКҚК-нің «Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің әдеби-мемо­риалдық музей кешенінде» қазақтың ұлы ақыны, Алаш қайраткері, бүкіл түркі әлеміне ортақ сөз зергері Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдық мерейтойына арналған «Алаш аңсары» атты әдеби кеш болып өтті. Мәдени шараны С.Мұқанов пен Ғ.Мүсірепов әдеби-мемориалдық музей кешенінің жетекшісі, Халық­аралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, филология ғылымының кандидаты, ақын Әділғазы Қайыр­беков кіріспе сөз сөйлеп ашып, жүргізіп отырды.

Әдеби кештің қонақтары тілші-ғалым, филология ғылымының докторы, репрессияға ұшыраған Қазақстан зиялыларының мұрасын зерттейтін «Арыс» қорының президенті, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті  Ғарифолла Әнес, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлы­ғының лауреаты, «Білім айдыны» республикалық журналдар редак­циясы ЖШС-нің директоры, ақын Болат Үсенбаевтар сөз сөйлеп, халқы­мыздың ұлы ақыны Мағжан Жұма­баевтың соңында қалған жазба мұра­сын ел арасына насихаттау туралы кеңінен әңгімелеп берді.

Маржан жырлары мәңгілік рухани қазынамызға айналған Мағжан Жұма­баевты оқыту, зерттеу, насихат­тау – жас ұрпақ алдындағы басты парызымыз. Мағжан өлеңдеріне жаңа заман көзімен қарау арқылы біз рухани жаңғырамыз, рухани түлейміз. Биылғы мерейтойлық іс-шаралар Түр­кияда, Анкарада бастау алғаны мәлім. Түрік әлемінде «2018 – Мағ­жан жылы» болып жарияланды. Музей кешенінің қорында М.Жұма­баев пен С.Мұқановтың өзара жазыс­қан хаттары, «Шолпан» жыр жинағы сақталған. С.Мұқанов «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» атты еңбегінде (1932 жыл) Алаш қайраткерлерін (Ахмет, Мағжан, Жүсіпбек, Міржақып, Сұл­танмахмұт, т.б.) таптық көзқарас тұр­ғысынан сынға алса да, шығар­машы­лықтарын әділ, жоғары бағалаған. «Абайдан кейін тіл өнегесінде Мағжаннан асқан ақын қазақта жоқ» деген. Музей экспозициясында Алаш арыстарына арналған арнайы бөлім бар. Әдеби кеш аясында шағын көрме ұйымдастырылды.

Әдеби кеште С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті мен Республикалық медицина колледжінің студенттері Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін жатқа оқып, өздерінің ұлы ақынға арнаған жырларын да жұртшылық назарына ұсынды. Жиынға қаладағы зиялы қауым өкілдері мен музей қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының журналистері қатысты.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *